Баннер 9 мая от газеты Атырау

Жаһандық мәселе: Азық-түлік қауіпсіздігі

2022 02 17 1522120928 1496222735 article b 1500 Қоғам

Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі бүкіл әлем бойынша басты мәселеге, жаһандық проблемаға айналып отыр. Себебі халықаралық кикілжің, геосаяси ахуалдың ушығуы осы мәселені алғы кезекке шығарды. Қара құрлықтағы кейбір мемлекеттерге аштық қаупі төне бастағандығы, қарапайым халықтың бір үзім нан таба алмай қиналып жатқандығы туралы биік мінберлерден айтыла бастады. Осындай жағдайда Қазақстанның қарекеті қандай болмақ? Бүгін біз осы турасында әңгімелесек деп едік.

Саланы дамытуға – 1 трлн. теңге

Биыл елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге бөлінген еді. Бұл қомақты қаражат саланы сауықтырып, ауыл шаруашылығында ондаған жыл бойы қордаланып қалған күрделі мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталады. Мемлекет жыл сайын агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 350 миллиард теңгеден астам субсидия бөледі. Соған қарамастан, терең өңдеу өндірісі дамып жатқан жоқ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын.

Осы жылы елде астық мол шықты. Бірақ, егіннің орташа шығымы әлі де төмен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда  заманауи технологияны қолданудың маңыздылығын атап өтті. «Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Сондай-ақ, тыңайтқыштың қолжетімді болуын қамтамасыз еткен жөн. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу ісін жақсартуға баса назар аудару қажет» деген мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасындағы жоспарларды орындай алмаған министрліктің атына орынды сын айтқан болатын. Мысалы, соңғы 3 жылда ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қатысты 65 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Іс жүзінде оның 31-і ғана іске қосылды. Сол сияқты 7 құс фабрикасының орнына 3 фабрика салынды. Балық өндіретін 11 жобаның жетеуі ғана пайдалануға берілді. Біз елімізді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз етуіміз керек. Сондықтан Үкімет жоспарланған барлық жобаны жүзеге асыруға міндетті. Келесі жылы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі ауқымды жобаны бастаймыз. Оған 1 триллион теңге бөлінеді. Бұл жоба 1 миллион ауыл тұрғынын қамтиды» деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы белгілеп берген тапсырманы орындау мақсатында 2023 жылдың қаңтарында субсидия берудің жаңа тәртібі бекітілген болатын.  Осылайша, қатаң қадағалауға алынған АӨК саласында реформалау басталып кетті. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Президент Жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін 2023 жылға нақты шаралар әзірленгенін мәлімдеді. Яғни биылдан бастап ауыл шарушылығын субсидиялау тәртібі де өзгереді.

«Агрөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» (СБМАЖ) көмекке келеді.  Автоматтандырылған бұл жүйе фермерлердің субсидияға өтінімін рәсімдеу үшін балама ретінде әзірленіп отыр. Өтінімдер gosagro.kz веб-порталында қабылданады. Аталған жүйе толығымен автоматтандырылған және ақысыз қызмет көрсетеді.

СБМАЖ өтінім беруде фермерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдете түспек. Себебі  субсидия алу үшін растау құжаттары мен қосымша анықтамалар өткізу жұмыстары ретке келтіріліп, бұл құжаттар басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелерімен, соның ішінде жер учаскелері, ауыл шаруашылығы жануарлары, техника және арнайы көлік жөніндегі деректермен, кооператив мүшелері туралы мәліметтермен, сондай-ақ «алқаптар картасымен» бір орталыққа  біріктірілген.

Жаңа ереже жетістігі

Бөлінген қаражаттың толық игеріліп, қажет  адамдарға жетуі үшін биылдан бастап субсидиялаудың шарттары да өзгерді. Бұл өзгеріс, әсіресе, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары салаларда болмақ. Атап айтқанда,  ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа ережелер бойынша субсидия алады. Ол үшін арнайы құрылған жұмыс тобы жаңа ережелерді енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Қазіргі таңда министрлік құрылыс-монтаж жұмыстарын субсидиялаудың 2 нұсқасын қарастырып отыр.

Біріншісі – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысы бойынша ҚМЖ (құрылыс монтаж жұмыстарын) субсидиялаудан бас тартып, оның орнына жабдықты субсидиялау нормативтерін арттыру жолдары. Ал, өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, бір жұмысқа қайта-қайта қаражат шығын қылмау үшін, бірегей тұқым өндірісін субсидиялаудан бас тарту ұсынылған. Сондай-ақ тауарлы сүт фермаларын салғанда әкімдіктерге қолданыстағы инвестициялық субсидиялау нормативтеріне жергілікті бюджет есебінен тағы да 25%-ға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.

Асыл тұқымды мал өсіруде мал басына бірыңғай нормативтер енгізіледі. Отандық және импорттық түліктердің ішінде сүт бағытындағы малдар бойынша 300 мың теңге, етті бағытындағылар бойынша 1 бас үшін 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай нормативтер белгіленеді. Министрлік мамандары осылайша асыл тұқымды мал өсірушілерге бәсекелестік үшін тең жағдай жасамақшы. Сонымен қатар «агро кешендерді» субсидиялауда министрлік тарапынан  бірқатар міндеттемелер талап етіледі.

Талапқа сәйкес мемлекеттен қаржылай қолдау алған фермерлер өнім көлемін азайтпауы қажет. Мәселен, мал өсірумен айналысатын шаруалар ірі қара басын жыл сайын 5%-ға өсіріп отыруы, яғни, 100 бас ірі қарадан 80 бас төл алуың керек. Қаражат ауыл шарушылығының нақты дамуы үшін бөлініп отырғандықтан кәсіпкерлер өз жобаларының бизнес жоспарда көрсетілген мерзімге сай жүзеге асырылуын қадағалауы тиіс. Оны мониторинг жасау жұмыстары да автоматтандырылады.

Ал, етті құс шаруашылығын ынталандыру үшін жергілікті бюджет есебінен инвестициялық субсидиялау көлемі  25%-дан 50%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Мал мен құстың азығына пайдаланылатын жем-шөпті субсидиялау бойынша тек пішен мен кебекті, онда да төтенше жағдай орын алған жағдайда немесе Қазгидромет растаған ауа райының қолайсыз жағдайларында ғана субсидиялау ұсынысы енгізілмек.

Ауылға арналған шағын  несиелер

Жалпы агроөнеркәсіп кешенін ұлттық жоба аясына қаржыландыру үшін үш жылға шамамен 90 млрд. теңге қажет. Алайда, бұл соманың өзі үш жылға жеткіліксіз секілді. Әкімдіктер берген ақпаратқа сәйкес, 2023 жылға ауыл тұрғындарын субсидиямен қамту үшін 52,4 млрд. теңге қажет. Бұл сома  жұмыссыздардың, жастардың несие алуына  мүмкіндік беру үшін бөлінеді.

Осылайша, ауыл тұрғындарын тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік туады. Яғни 52,4 млрд. теңге қаражат толығымен кәсіп бастаушы немесе кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарын несиелендіруге жұмсалмақ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бұл микронесиенің ауыл шаруашылығы техникасы мен құрылғыларын лизингке алу, кооперативке арналған инвестициялық субсидиялар алуға мүмкіндік беретінін айтады.

 Микронесие мерзімі мал шаруашылығына – 5 жылға, ал ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Бұл пилоттық жоба алдағы жылдары да өз жалғасын табады. Мәселен, министрлік 2024 жылы 12 мың ауыл тұрғынына 74,6 млрд. теңге көлемінде микронесие, ал, 2025 жылға 76,7 млрд. теңге микронесие беруді жоспарлап қойған.

Қытайлық капиталдың қайырымы

Биылғы қаңтар-маусым айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 73%-ға артып, 578,5 млн. долларды құраған. 

«Мемлекет басшысының ҚХР-ға сапары аясында осы жылдың мамыр айында бұршақ пен жасымық, күнбағыс тұқымы, соя, мақсары мен зығыр тұқымы, сондай-ақ балық өнімдері экспорты бойынша 3 хаттамаға қол қойылған. Бұл қазақстандық мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ҚХР-ға экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен бизнес-форумға қатысқан. Онда министр қазақстандық тараптың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды дамытуға қызығушылық танытып отырғанын айтып, қытайлық компанияларды АӨК саласында бірлескен кәсіпорындар құруға шақырған болатын.

Жалпы елімізде Қытай инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылған жобалар көбейіп келеді. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысында рапс майын өндіру, Түркістанда түйе және биенің құрғақ сүтін өндіру және өңдеу сияқты жобалар жұмыс істейді. Ал, қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігінің пулында 225 миллион доллар тұратын тағы 6 инвестициялық жоба бар.

Сонымен бірге министрдің Қытайға сапары барысында Қытайдың төрт ірі қауымдастығы АӨК-те жан-жақты ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар ауыл шаруашылығы ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі бірлескен тұрақты орган тетігін құруға ниетті.

Екі тарап келісім шеңберінде шөлейттенген және тұзды-сортаңды жерлерді басқару және игеру, су үнемдейтін суаруды енгізу сияқты ауыл шаруашылығы өндірістік кешенінің дамуын тежейтін мәселелерді бірлесіп шешу үшін цифрлық ауыл шаруашылығының жергілікті зерттеу базасын құру мәселесін көтерді. Сондай-ақ, тараптар зиянкестермен және түрлі мал ауруларымен бірлесіп күресуге келісті.

Жер  жетімсіремеуі  керек

Осы жылдың басында билік пайдаланылмай бос жатқан 5 млн. гектар  ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтаруды жоспарлаған болатын. Бұл мәселе биылғы қаңтар айында Үкімет отырысында қаралды. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің дерегіне сүйенсек, мемлекеттің Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 млн. гектарды құрайды, оның ішінде:

– 82,4 млн. гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер;

– 63,9 млн. гектар босалқы жерлер;

– 21,2 млн. гектар елді мекендерге іргелес жерлер;

– 15,9 млн. гектар басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).

Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 млн. шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 млн. гектар жайылым қажет.

Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16%-ды құрады. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 млн. шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 млн. гектарды құрауы мүмкін.

Пайдаланылмаған жер қайтарылады

Республиканың 17 облысының ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жер тапшылығы байқалады.

– Жайылымдардың жетіспеушілігі орын алып отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Осыған байланысты, өткен жылы мемлекетке 5,2 млн. гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн. гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп, – деді Е.Қарашөкеев.

Ведомство басшысы осы жұмыстың маңызды аспектісі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастауы, сондай-ақ жерлерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдірудегі жұмыстар екенін атап өтті.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 млн. гектар пайдаланылмаған жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті.

Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг деректері негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспарды әзірледі және осы жоспарды аудандар бөлінісінде облыстар бекітті.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, осы жылдың 16 қаңтарында мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисті әзірлеп, іске қосты. Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Сондай-ақ жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады.

Жаңа жобаның жаңалығы

Интерактивті картаны енгізу де айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп күтілуде.

– Жергілікті халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн. гектардан асады, оның 29,3 млн. гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде, – деді Е.Қарашөкеев.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн. гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді. Бұл республиканың 272,5 млн. га аумағының 75%-ын құрайды. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толықтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.

«Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады» деді ауыл шаруашылығы министрі.

Жергілікті атқарушы органдар жергілікті халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы шеңберінде ұйымдасқан шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған 1 немесе 2 жыл мерзімге жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеп бекітеді.

Бүгінгі таңда жоспарланған 188 Жайылымды басқару жоспарының 148-нің күші бар. Осылайша, қазіргі уақытта Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспардың мерзімі аяқталып, оларды қайта бекіту бойынша әкімдіктермен жұмыстар жүргізілуде.

Заң жобасындағы өзгеріс

Заң жобасы бірқатар елеулі түзетулер енгізуді көздейді, мәселен:

– жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту;

– меншігінде жайылымдық және шабындық алқаптары бар адамдардың елді мекендердің жерлерінде заңсыз шөп шабу және мал жаюы мәселесі бойынша жауапкершіліктерін белгілеуі және т.б.

Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулерді осы жылдың 1 жартыжылдығына дейін қабылдау үшін барынша күш салуда.

Жалпы республика бойынша ауыл тұрғындарының мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуде оң динамика байқалады. Соңғы 2 жылда прокуратура органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп атқарылған шаралар жергілікті тұрғындардың жайылым тапшылығын 8,9 млн. гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрінің пікірінше, әкімдіктерге:

осы бағыттағы жұмысты күшейту және қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау;

Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспарды бекіту жұмыстарын жеделдету және оларды жергілікті жерлерде сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;

жердің одан әрі тозуын болдырмау үшін, оның ішінде біржылдық және көпжылдық дақылдарды егу арқылы жайылымдарды түбегейлі және үстірт жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізу;

жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.

Алғашқы нәтижелер

2023 жылдың бірінші жарты жылының қорытындысы бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,2%-ға артып, 2,1 трлн. теңге болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өсім негізінен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің 3,3%-ға ұлғаюы есебінен болған. Қазақстанда ет 4,5%-ға артық (тірі салмақта 1 млн. тонна) және сүт 2,9%-ға артық (3,2 млн. тонна) өндіріле бастады.

Жыл басынан бері елімізде мал басы мен құс санының өсуі байқалады. Мәселен, ІҚМ саны 3,7%-ға артып, 10,3 млн. басты, қой мен ешкі 3,4%-ға көбейіп, 27,4 млн. басқа, жылқы басы 8,4%-ға өсіп, 4,4 млн. басқа жетсе, құс саны 1,2% – ға артып, 49,9 млн. басқа дейін артты. 79,3 млрд. теңгеге өсімдік шаруашылығының өнімі өндірілді. Аталған кезеңде елдегі азық-түлік өндірісі ақшалай баламада 5,3%-ға көбейді немесе 1,5 трлн. теңге болды. Сонымен қатар көкөніс консервілерін шығару көлемі 21,1%-ға (8,1 мың тоннадан 9,8 мың тоннаға дейін), сары май 18,2%-ға (12,4 мың тоннадан 14,6 мың тоннаға дейін), өсімдік майы 7,6%-ға (315,9 мың тоннадан 339,7 мың тоннаға дейін), қант 5,7%-ға (148,9 мың тоннадан 157,5 мың тоннаға дейін), шұжық өнімдері 4,9%-ға (30,6 мың тоннадан 32,1 мың тоннаға дейін), өңделген сүт 3,3%-ға (287 мың тоннадан 296,6 мың тоннаға дейін), ұн 0,4%-ға (1 604,1 мың тоннадан 1 610,3 мың тоннаға дейін) өсті.

Ауыл шаруашылығына арналған оң бетбұрыс Атырауда да өз жемісін бере бастады. Былтыр аталған салада 44 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде 42 млрд. теңге мал шаруашылығына, 900 млн. теңге егін шаруашылығына тиесілі.  Мал шаруашылығы бойынша ірі қара мал 232 мың, қой-ешкі 717 мың, түйе 39 мың, жылқы 125 мың, құс 38 мың басқа жеткен Өндірілген өнім көлемі ет тірілей салмақта 26 мың тонна, сүт өнімдері 38 мың тонна, жұмыртқа 4 млн. дана.

Бүгінде асыл тұқымды мал өсіруші шаруашылықтар саны 53-ке жетіп отыр. Мал шаруашылығының өнімділігін дамыту жән өнім сапасын арттыру бағытында, сондай-ақ ірі сабақты мал азығына кеткен шығынды арзандату бағытында бас-аяғы барлығы 1 млрд. 931 млн. теңге субсидия бөлінді. Егін шаруашылығы бойынша да біраз жұмыстар жасалды. Облыс бойынша биыл егістік көлемі 10 338 гектарды құрайды. Сонымен қатар, егіншілік саласында 341 ауылшаруашылық құрылымдары қызмет атқаруда. 

Инвестициялар  игілігі

Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына инвестиция ағынының тұрақты үрдісі сақталып отыр. Ауыл шаруашылығына салынған капитал көлемі 22,1%-ға артып, 432,8 млрд. теңге болды. Тамақ өнімдерін өндіруге құйылған қаржы 13,4%-ға артып, 62,5 млрд. теңгеге жетті.

5 айда АӨК өнімінің экспорты 2,3 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға артық. Сондай-ақ экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген өнімнің үлесі 40% болды. Облыста  инвестиция тарту бағыты бойынша құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын 5 жаңа жоба қолға алынған еді. Қазір Махамбет ауданында  көлемі 4 гектарлық жылыжай  бастапқы өнімін шығара бастады. Бейбарыс ауылдық округінде қарасты 5 гектар алқапты алып жатқан тағы бір жылыжайдың құрылысы жүріп жатыр. Салаға  тартылған инвестиция нәтижесінде жаңадан 128 жұмыс орны ашылды. Одан өзге Құрманғазы ауданында ет өнімдерін дайындайтын, Қызылқоғада тауарлы сүт өнімдерін шығаратын кешен құрылысы қолға алынған. Облыстың агроөнеркәсіп кешені әлеуетін арттыру және әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз