ҚАҺАРЛЫ КҮНДЕР

15326454 1228066333952448 8590044825922276353 n Қоғам

немесе тұщы етке тиген ащы таяқ

1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қаһарлы күндері артта қалғалы да биыл 35-інші жылға аяқ басты. Таяу күндері осы оқиғаның бел ортасында болған сарайшықтық азамат Орынғали Дүйсеевтің үйінде болып, қиын күндерде бастан кешкенін өз аузынан тыңдаған едім. Осы сырға Сіз де ортақ болыңыз, қадірлі оқырман!

– 1984 жылы Махамбет ауданындағы орта біліммен қатар механизатор және автокөлік жүргізушісі мамандығын беретін Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесін қызыл дипломмен бітіріп, училище жолдамасымен Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының инженер-механика факультетіне түстім. Ол кезде оқуға түсу оңай болмайтын, менің қуанышымда шек жоқ. Алайда мен алдымда өмірдің үлкен сынағы күтіп тұрғанын білмеген едім… – деп бастады Орынғали әңгімесін.

1986 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумында ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты қызметінен босатты. Оның орнына РСФСР-дан Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин «сайланды».

Сол кездің көзқарасымен алғанда, номенклатуралық талаптары келіп тұрса да, елдің дәстүрінен бейхабар, қазақтың тілін білмейтін адамның республиканы басқаруға келуі көпшіліктің, әсіресе студенттердің наразылығын туғызды. Бұл наразылық біздің кеудемізде ұзақ жылдардан бері жиналған болатын. Өйткені, «неге біз қазақ жерінде тұрып институтта барлық пәндерді орыс тілінде оқимыз?» деп ойлайтынбыз. Өзім математика, физика секілді пәндерді жақсы біле тұрсам да, сабақ айтуға келгенде тілім жетпей қиналатынмын. Ал, көшеде қазақша сөйлей қалсаң, айналаңдағылар саған жабайы адам көргендей қарайды. Ол аз десеңіз, сол кезде Алматыда қанша мектеп бар – соның тек біреуі ғана қазақша еді.

Міне, кеудеде жиналған осындай запыранның төгілуіне осындай өрескелдіктер себеп болды.

Желтоқсанның 16-сы…

Желтоқсанның 16-сы күні студенттер арасында «Қазақтар алаңға жиналып жатыр. Бәрі Орталық Комитеттің шешіміне наразы» деген әңгіме желдей есті. Біз де байыз тауып отыра алмай, сол күні кеште алаңға шықтық. Бізден басқа оқу орындарының да студенттері көп екен. Сәтбаев көшесіндегі жатақханамыз – алаңнан 500 метрдей жерде. Алматы поршень зауытының жұмысшылары, тігін фабрикасының қыздары да қосылды. Алаңға шыққандар Орталық Комитеттің шешіміне наразылық білдіріп, неге республика басшылығына Қазақстанда тұратын немесе тұрған, қазақтың тілін, дәстүрін, психологиясын білетін, менталитетінен хабардар адам қойылмағанына түсінік беруді талап еттік.

Отыз мыңдай адам жиылған алаң жер қайысып тұрды. Бұл бейбіт демонстрация болатын. Көп ұзамай келген өкімет өкілдері біздің талабымызға жауап берген жоқ. Бар айтқандары – «Тараңдар, әйтпесе оқудан шығарыласыңдар, сотталасыңдар!..» Сонда да кетпей тұра бердік. Бұл сол кездің тұрғысынан алғанда жүрек жұтқандық еді.

Ол кезде қазіргідей қоғамдық ұйымдар, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарынан көмек күту мүмкін емес. Өйткені, біз жабық мемлекет едік, өкіметтің шешіміне наразылық білдіру қылмыспен тең.

Сондай саяси жүйе жағдайында алаңға шығып, талап білдіру үшін жүрек керек еді. Соған жастардың батылы барды. Шынымызды айтсақ, бәріміз де алаңнан кетіп қалуға ұялдық. Намыс жібермеді. Алаңда «Жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім берілсін», «Қазақ мектептері мен балабақшалары ашылсын», «Қазақстанда тұратын этностық ұлттар қазақша сөйлесін» деген жазуы бар лозунгпен шыққан жастар да жүрді. Содан түнгі сағат 3-ке дейін жүріп, жатақханаға оралдық…

Желтоқсанның 17-сі…

«Алаңда халық кешегіден де көп» деген хабар ерте келді. Институт комсомол ұйымының жетекшілері келіп, алаңға шықпауымызды талап етті. «Әрине, талаптарың орынды. Бірақ алаңда арандатуды көздеп жүрген өзге де адамдардың болмасына кім кепіл? Жас өмірлеріңді, саулықтарыңды, оқуларыңды, ата-аналарыңды ойлаңдар. Асылы бармаңдар» деді. Бірақ…

Бір жағы жанашырлықпен айтылған бұл сөздер де бізді бөгей алмады. Алаңға барсақ, милиция шебі қоршап тұр екен. Ортада адам аз. Бір кезде шепті бұза жарып ортаға кірген адамнан алаң лық толды. Өкімет өкілдері қайта-қайта келіп, тарауымызды талап етіп жатыр. Ең болмаса «талаптарың орындалады» деген бір ауыз сөз жоқ. Колбиннің өзі мүлдем көрінбеді.

Біз бір-бірімізге: «Ешқандай тәртіп бұзбаңдар, талабымызды мәдениетті түрде білдірейік» деумен болдық. Сол кезде жоғарыдан фотосуретке түсіріп жатты. Топ ішінен «Жігіттер, жоғарыға қарамаңдар!» деген айқай естілді. Бұл тегін емес екен. Кейін осы суреттер бойынша кінәлілерді іздеу басталды ғой.

Айтпақшы, сол сәтте жігіттердің бірі: «Үш күн шыдайық, сонда бұл мәселеге Біріккен Ұлттар Ұйымы араласуы мүмкін» деді. Бірақ бұл үмітіміз ақталған жоқ. БҰҰ араласты ма, әлде кеңестік тоталитарлық билік оны жақындатпады ма – ол жағы бізге беймәлім күйінде қалды. Негізі, Кеңес Одағы 1945 жылдан бері БҰҰ-ға мүше екенін білетінбіз.

Желтоқсанның 18-і…

Бұл күні алаңда ине шаншар орын болмады. Егер оқыс бірдеңе бола қалса, күш құрылымдарына әл бермейтіндей деңгейде көп. Сол кезде бір генерал: «Қазір әскер жіберіледі. Бір сағат уақыт беремін. Күштеп таратуға мәжбүр қылмаңдар» деді. Бірақ ешкім орнынан қозғалған жоқ. Ал генерал: «Қырық минуттарың қалды, он минуттарың қалды» деп қайталаумен болды. Ақыры, айтқан уақыт біткен бойда: «Курсанты мои, вперед!» деді. Әлгілер «уралап» шапты. Тура соғыс сияқты болып кетті.

Шегіне беріп едік: «Қазақтар, қашпаңдар!» деген дауыс шықты. Кері шаптық. Айқас басталып кетті. Бірақ жастардың көптігінен курсанттар мен солдаттар таяқ жеп, кері қайтты. Сол кезде су шашатын машина келді. Қыстың күні өзеннің мұздай суын шашқан соң шегінуге мәжбүр болдық. Жер тайғақ. Күн аяз. Тайып құлағандардың үстінен таптап кетіп жатыр.

Бір қарасам, жығылғандардың арасында қазақтың екі қызы жатыр. Дереу қолдарынан ұстап, өзіммен бірге сүйрей жөнелдім. Бір тасалау жерге жеткізіп, «Сендер не істеп жүрсіңдер, бұл жерден кетіңдер» дедім. Кенет әлгі қыздар: «Қазақтар, қашпаңдар!» деп кері шапты. Мұны естіген жігіттер тұрып қалды. Қыздарға ілеспей қалу ұят еді. Қайтадан алаңға қарай шаптық.

Алаңда адам түсініп болмайтын оқиға басталып кетті. Сол жерде субұрқақтар бар еді. Біздің арт жағымыздан әлгі субұрқақтардың жиегіндегі қойтастар су шашатын машиналарға лақтырыла бастады. Бір кезде машиналардан қою түтін бұрқ етті. Ішіндегі адамдар өртенген машинаны тастап қашты. Оқиға бұлай бағыт алар деп күтпеген біз абыржып қалдық.

Сол кезде алаңға келген деканымыз: «Түсінемін, мен де қазақпын ғой. Бірақ жағдай ушығып кетті. Қайтыңдар, бірақ, жатақханаға емес, үйлеріңе барыңдар. Солдаттардың аяғы жатақханаға да жетеді. Мен де сендерді қорғай алмауым мүмкін» деді. Бірақ біз қайда барамыз? Үйіміз алыс қой. Қапелімде пәтер жалдай қоятындай мүмкіндігіміз жоқ. Ойымыз сан саққа жүгірді…

8f8dfaf1 5c21 4154 8094 74b85dfc7d0b w1200 r1

Сергелдең сәттер

Әупірімдеп жатақханаға жеттік. Жолда солдаттар дубинкамен арқамыздан бірнеше рет ұрып та үлгерді. Бокспен мықтап шұғылданған Әлиақпар Лаубаев деген курстасымыз бар еді. Сол басшылық етіп, жатақхананы қорғауды қолға алды. Бәріміз өрт сөндіру шлангасымен және күректің сабымен қаруландық. Кіреберіс есікті тек бір адам сиятындай қылып қойдық. Ондағы ойымыз солдаттардың кіруі қиын болуы үшін. Бірақ оған алаңнан қашып келген жолдастарымыз қапелімде тездеп кіре алмай кептеліп, кіріп болғанша қуып жеткен солдаттар жауырындарынан дубинкамен, сапер күрегімен соғып үлгереді. Әйтеуір Әлиақпардың жұдырығы, қолымыздағы күректің сабы сеп болып, қашып келгендердің бәрін кіргізіп алдық. Бірақ әлі де түгел емес еді. Ал солдаттар: «Алаңда болғандарды шығарып беріңдер!» деп, біразға дейін кетпей жүріп алды. Біз оларды тыңдамадық.

Сол күні «алаңда жаралылар көп» дегенді естіп, қайтпай қалған жолдастарымыздың тағдырына алаңдап, көшеге қайта шықтық. Бірақ алаңға кіру қиын болды. Ол жақтан шығып жатқан дауыстардан жан түршігеді. Бір топ курстастар мен институтта бірге оқитындар бар – бәріміз Сәтбаев және Фурманов көшелерінің қиылысындағы «Океан» дүкенінің жанында тұрғанбыз. Сол кезде Ленин көшесімен солдаттар, БТР-лар келе жатты. Тұсымыздан өте бергенде соңғы БТР бізге қарай бірдеңені лақтырып жіберді. Сол-ақ екен, алаңдағы солдаттар бізге қарай шапты. 300-дей адам солдаттардың қоршауында қалдық. Бірақ ешқандай қарсылық көрсеткен жоқпыз. Көшеден дүкенге қарай түсетін жер баспалдақ болатын. Солдаттар жоғарыда, біз төменде тұрмыз. Олар: «Бір-бірлеп шығыңдар!» деп бұйырды. Біз: «Шықпаймыз, біз ештеңе бүлдіріп жатқан жоқпыз» дедік. Бір-бірімізден ұстап алдық. Қолымызда қару жоқ. Олардың қолында дубинка, сапер күрегі және ұзындығы метр жарымдай ағаш сойыл бар.

Бір сойылдың соққысы Берік деген жігітке тиді. Құлап түсті. Солдаттар аяғына жабысты. Берік: «Жігіттер, мені бермеңдер!..» деп жатыр. Біз оның қолынан, олар аяғынан екі жақтап тартып жатырмыз. Бір кезде Берік: «Белім үзіліп барады, жіберіңдер» деп шыңғырып жіберді. Берікті алып кетті. Мен: «Әй, ұсталамыз-ау, оқудан шығатын болдық-ау…» дедім іштей. Енді солдаттар бізді дүкенге қарай тықсыра бастады. Оның әйнектері қабырғаның біраз жерін алып тұрған үлкен болатын. Біз арқамызды тірегенде, ол сықырлай бастады. «Әйнекке сойылып өлмесек жарар еді» деп ойлап жатырмын. Адамдар қысып тастағаннан екі қолымды көтере алар емеспін. Осы мүшкіл халімді пайдаланды ма, басыма бөріктің сыртынан қатты соққы тиді. Одан әрі ештеңе білмей қалдым.

Есімді жисам, ішімнен тепкілеп жатыр екен. Мойыным жып-жылы болып кетті. Бірақ есімнен айрылған жоқпын, бәрін көріп жатырмын. Әр жерде жаралылар жатыр. Біреулерді сүйреп алып барады. Қасыма келген милиция қазақ екен:

– Тұра аласың ба? – деп сұрады.

– Басым ауырып барады, құсқым келеді…

– Сені қазір қолыңнан сүйреп жүремін. Адам сиректеу, солдаттар алыс жерге келгенде жұлқынып қаш. Мен сені өтірік қуып, жете алмаған болып қаламын, – деді. Қуанып кеттім.

Шынымды айтсам, сол күндері милициялардан мұндайды күтпеп едім. Құдайына қараған жан екен. Аты-жөнін сұрау да ойыма келмепті. Әйтеуір, бар күшімді жиып, құстай ұшып жатақханаға келдім…

Бастан алған соққы

Бұл жерде таңертең жасаған қорғанышымыз қамсау болмай қалған. Келсем, есіктің алды тағы кептеліс. Солдаттар жатақхананы алуға тың күшпен келіпті. Тағы да төмпештеу…

Қарама-қарсы тұрған №6-шы жатақханаға солдаттар кіріп кетіпті. Соққыға шыдамағандар екінші қабаттың терезесінен секіріп жатыр. Оларды сырттағы солдаттар сүйреп әкетіп, торлы машинаға тоғытып жүр.

Жанталасып жүріп ішке кірсем, солдаттар да кіріп келе жатыр. Бір бөлмеге кіріп, есікті кілттеп алдық та үстел, орындықтармен есікті тіреп қойдық. Олар аша алмай, есікті теуіп-теуіп жөндеріне кетті.

Көп ұзамай жатақхананың алдына тоқтаған 3 «жедел жәрдеммен» бірге институты ректоры мен декандар да жетіпті. Басыма орамал таңып алғасын ба, қан тыйылды, бірақ солқылдап ауырып барады. «Қызыл крестің» адамдары келіп, басымды қарап, «рана глубокая» деді. Мен оқудан шағарып жібереді деп қорқып, емханаға барудан бас тарттым. Өйткені, онда барсам, «оқиғаға қатысушы» ретінде есепке алынамын ғой. Дәрігерлер шаштың арасы болған соң жарақаттың асқынып кететінін айтты. Сонда декан: «Таяқты алаңда емес, жатақханада жегеніңе куә боламын, өзің де кім жауап алса да, солай деп айт» дегені мені райымнан қайтарды…

Шофердің көмегі

Емханадағы кезектің шегі жоқ. Бәрі – оқиғаға қатысқандар. Басымның терісін тіктіріп, жатақханаға жаяу келдім. «Ұсталып қаламыз ба» деп, зәре жоқ.

Кешке қарай әлгі солдаттар алып кеткен Берігіміз келді. Қолы күп болып ісіп кеткен, басында да жарақаты бар. Сөйтсек, түрмеде орын жоқ болып босатып жіберіпті. Алаңда ұсталған Қайрат деген курстасымыз да түнделете ішке оралды. Отыз шақты адаммен бірге автобусқа күштеп тиеп алып, түрмеге әкеле жатқанда оларды 4 десант жолшыбай қайта-қайта сабап келе жатқанына шыдамаған автобус шофері ұйғыр жігіт қазақшалап: «Жігіттер, отызың төрт адамға әлдерің келмей ме?! Мен қазір «машина бұзылып келе жатыр» деп есікті ашамын, сол кезде қашыңдар» депті. Сөйтіп, автобусты тоқтатып, есікті ашқан кезде жігіттер төртеуін төрт жаққа ұрып қашып кетіпті.

Ал, КПЗ-ға қамалған Қалижан деген курстасымыздың қолында курстық жұмысы бар екен. Инженер-механиктердің курстық жұмысы қандай болатыны белгілі ғой, үлкен плакаттағы кілең сызба, формула. Бір топ жігіт КПЗ-ға қойша қамалған кезде іште ауа тарылып кеткен. Терезені ашса, ол желмен жабылып кете беріпті. Терезені тіреп қойған Қалижанның курстық жұмысының ішіндегі плакаттың мыж-мыжы шығады. Келесі күні түрмеде орын болмаған соң оларды босатып жіберген. Арада бірнеше күннен соң сабақ басталып, курс жұмысын тапсырар кез келгенде Қалижан оны сол күйінде әкеледі. Қайта-қайта МҚК-ның (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) тергеуіне барып жүріп, курс жұмысын қайта жасауға мүмкіндігі болмаған. Мыж-мыж плакатты көрген оқытушымыз: «Мынаған не болған?» деді. Біз: «Ағай, бұл КПЗ-дан шыққан курсовой» дедік. Сонда қайран ұстазымыз: «Олай болса, «автомат» зачет» деді де, «өтті» деп қол қойып берді.

Тоталитарлық жүйе қақырады

Айтпақшы, МҚК-нің тергеуінде бәріміз болдық. Бір күні сабақта отыр едім, деканның хатшысы келді де, «Дүйсеев, 2-ші аудиторияға!» деді. Жүрегім зырқ етті. Тергеу бірнеше күннен бері сол аудиторияда жүріп жатқан. Жігіттер «Аман шық!» деп тілектерін айтып жатыр. Үш күн бойы бір сұрақ: «Қайда болдың, кімді көрдің, алаңда таяқ жепсің ғой…»

Деканның айтқаны есіме түсіп, «жоқ, мен жатақханада соққы жедім» деген сөзден танбадым. Ақыры жіберді…

Ешқашан қазақша сөйлемейтін орыс тілінен сабақ беретін, ұлты қазақ апайымыз біздің көрген құқайымызға шыдамай кәдімгідей жылады.

– Біздің кезімізде орысша сөйлеу сән болды. Орысша білмейтін адамды біртүрлі көрдік. Ештеңе ойламаппыз, сендерге ризамын. Жарайсыңдар!.. – дегені әлі есімде.

Қысқасы, бұл көтеріліс көп адамға ой салды. Тоталитарлық жүйенің қабырғасын қақыратты.

Содан бері 35 жыл өтті. Бүгінде Алматыға барып, қазақша еркін сөйлейсің. Оған ешкім таңғалмайды. Кезінде біз үшін арман болған қазақша сабақтар оқу орындарында жүріп жатыр. Мұның қандай азаппен келгенін бүгінгі ұрпақ ұқса, қадір тұтса дейсің!..

Бірер жыл бұрын Алматыдағы «Желтоқсан» қоғамының жетекшісі Нұрлыбек Қуанбаев хабарласты. Курстастарым оған менің де оқиғаға қатысқанымды, соққы жегенімді айтқан екен. Ол мені қоғам мүшелігіне қабылдайтынын және арнайы медаль тағайындағанын айтты. Көп ұзамай Алматыға барып, мүшелік билетімді қолыма ұстап, медалімді кеудеме тағып қайттым.

Сонда Нұрлыбек:

– Еліңе барған соң прокуратураға жолығып, ақталу қағазын ал. Сосын облыстық ішкі саясат басқармасына жолығып, арнайы тіркел, – деген болатын.

Мұндайда жергілікті билік органдары мереке кездерінде шақырып, марапаттап отырады екен. Оны әзірге құнттай қойған жоқпын.

Бұл – менің желтоқсанда бастан кешкендерім!..

Түйін

Орынғали әңгімесін осылай аяқтады. Тыңдай отырып, қатты тебірендім. Сол кездегі өрімдей жастар бастарын бәйгеге тігіп шыққан бұл көтерілістің мақсаты орталықтан саяси тәуелсіздікті талап ету болды. Осы мақсаттағы бейбіт шеру көтерілісшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері және арнайы әскери күштер арасындағы қақтығысқа ұласты. Соның салдарынан 200-ге жуық адам өліп, соншама адам жараланды. КСРО Ішкі істер министрлігінің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс аяусыз басып-жаншылды.

Көтерілісшілер сотталып, қатаң жазаланды. Көптеген студент оқудан шығарылды, 1 мыңнан астам адам тұтқындалды. Оның ішінде 99 студент – қылмыстық, 900 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тарас НАУРЫЗӘЛІ

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Жанна

    Тәуелсiздігіміздің тұғыры биік болсын! Орынғали нағашымның ғұмыр жасы ұзақ болсын. Бүгінгі жастарымыз да желтоқсаншылардай қайсар, ержүрек, батыр болсын деп тілейміз