Жарнама
Қоғам

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЫСТЫҚ СӘЛЕМІ

 

Біздің кейіпкеріміз отбасылық мұрағатта бір құнды жәдігерді 15 жыл қастерлеп сақтап келеді. Ол – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін 60 жасымен құттықтаған хаты.

Бұл хаттың кішігірім өз тарихы бар. 2000 жылы Айған апай мерейлі алпыс жасымен құттықтап, Елбасына хат жолдайды. Өзі жайлы қысқаша баяндап, құрдасын 6 шілдеде ауылда өтетін мерейтойына шақырған. Жүректен шыққан шынайы тілектің жүрекке жетері хақ. Көп кешікпей Астанадан жауап хат келеді.

«Құрметті замандасым, Айған!

Хатыңызбен ризашылық сезімімен танысып шықтым. Мені мерейтойыммен құттықтаған ақ ниетіңіз үшін мың мәртебе алғысымды айтамын. Сонымен қатар, құрметті Айған, Сізді де адам өміріндегі асқаралы асу – 60 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, ғанибетті ғұмыр, баянды бақыт тілеймін! Отбасыңызға береке-бірлік орнап, балаларыңыздың қызығын көріңіз!» – деп Елбасы құрдасына ыстық сәлемін жолдапты.

Президенттің құттықтау хаты Айған апайға дәл туған күнінде, мерейтой дастарханында табыс етілген. Туған күнде мұндай тосын сый болады деп кім ойлаған? Осы сәтті Айған апамыз: «Сол кезде төбем көкке бір елі жетпей тұрғандай сезімде болдым» деп еске алады.

Қазақ «Көңіл көңілден су ішеді» дейді. Бұл рас. Бір ауылдың ғана емес, тұтас бір мемлекеттің жауапкершілігін мойнына жүктеген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тығыз жұмыс кестесінен замандастарына хат жолдауға, оларды бір ауыз жылы сөзімен қуантуға уақыт табуы бекзаттықты білдірмей ме?! Әлбетте, ұлылықтан бір жылылық сезіліп тұратыны рас…

Қызылқоға ауданында қырық екі жыл жемісті еңбек еткен А.Дәулешова отыз жыл саналы ғұмырын медицина саласына арнапты. Қарабау селосындағы учаскелік ауруханада 15 жыл бас дәрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасары болып, зейнет демалысына шыққан.  Алты перзент тәрбиелеп өсірген ардақты ана, абыз әже. Тамырын тереңге тартқан бір әулеттің қазыналы қариясы, ауылдастарының мақтанышы.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button