«ӘРЕКЕТКЕ» – БЕРЕКЕТ

screenshot 9 6 Қоғам

    Енді атыраулық аналар «Әрекет» жобасы арқылы өз бизнесін бастайтын  болады. Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен өңірдегі жұмыссыз, көпбалалы, жалғызбасты аналар, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер және аз қамтылған отбасынан шыққан қыздарға кәсіби дағдыларды игеру мақсатында «Әрекет» жобасын бастады.

screenshot 7 4

    Жоба аясында 100 әйелге арналған оқыту курстары ұйымдастырылып, одан кейін түлектерге шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетіледі.  Жоба қазан айынан келер жылдың ақпанына дейінгі аралықта жүзеге асырылады.   Алты  апталық оқу курстары негізгі және қосымша оқу блогынан тұрады. Аталған топтағы аналар  «Тігін», «Аспаздық», «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері» мамандықтарын игеріп қана қоймай, «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту», «Контент және SMM – әлеуметтік желілерді дамыту», «Шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» бойынша қарастырылған қосымша курстарды да оқып шығады.  Сонымен қатар, жоба түлектеріне 3 ай бойы тәлімгер-кураторы бірге жүріп қолдау көрсетеді. «IQ group» орталығында оқуларына бастап кеткен алғашқы дәрістің қатысушыларын «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева келіп құттықтады.

screenshot 8 4

 ­- Самұрық-Қазына» АҚ қазақстандықтардың экономикалық жағдайын және тұтастай алғанда мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік беретін білім бастамаларын әркез қолдайды. Өңірлік жобаларды қаржыландыра отырып, біз жергілікті жерлерде өзекті әлеуметтік мәселелерді шешеміз. Сондықтан, бізге жергілікті ҮЕҰ-дан тың өтінімдер қабылдау өте маңызды», – деп атап өтті  қор басшысы.

   Атырау облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Фатима Төлееваның айтуынша, шалғайдағы ауылдар мен аудандардың тұрғындарын осы бастамамен таныстыру мақсатында қауымдастық Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының, сондай-ақ Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Ақсай, Қайыршақты және қала тұрғындарымен кездесулер өткізді.

screenshot 5 6

  – Оқу аяқталғаннан кейін біздің түлектеріміздің 100% – ы өз ісін ашу үшін тауарлар түрінде грант беріледі, жоба түлектерінің кемінде 50% – ы өз бизнесін ашуға мүмкіндік алады, әйелдердің 30% – ы жұмысқа орналасады, – деген Атырау облысы бойынша Іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Фатима Төлеева келер жылдан бастап ер адамдарды да оқытуды қолға алатындарын жеткізді.

     Айта кетелік, аталған оқыту курстарынан өтуге барлығы 380 өтінім түссе, оның тек 100-і ғана үлкен  мүмкіндік алып отыр. Курс қатысушысы Салтанат Алмағамбетова – көпбалалы ана. Үлкен ұлы I топ мүгедегі. «Тігуді бұрыннан білетінмін, қызығушылығым да зор болды. Отбасылық жағдайларға байланысты бастай алмадым. Көптен бері өз кәсібімді ашып, үйде отырып қаражат табуды ойлап жүрген едім.  Бизнес болғанда да өзімнің қолымнан келетін, жаным қалайтын іспен айналысқым келеді. Осы арманымды жүзеге асыратын кез келген секілді. Әйелдердің әдемі болып киінгендерін жақсы көремін. Осы бағытта түрлі әдемі, заманауи киім тіксем бе деймін.  Стилист болып кетуім де мүмкін. Алдымен, шопер (матадан тігілген сөмкелер), туту юбкалар тігіп сатып, қаражат жинаймын. Әрі қарай стилистікке оқуым керек. Ол,шамамен, 300 мың теңге тұрады. Үлкен арманыма деген қадам «Әрекет» жобасы арқылы басталды», – дейді бес баланың анасы.

 Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз