Жарнама
Қоғам

PR-технолог Ақерке Берлібай: «Жылтырағанның бәрі алтын емес»

Фактчекинг, фейкньюс, инфошум, контент, инсайт және тағысын тағылар. Қазір үш секундтық видео арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен ақпараттар легі «ағып» жатқан заманда оқырманды таң қалдыру мүмкін емес. Жаңа медианың қарыштап дамып келе жатқаны соншалықты, бүгінде әлеуметтік желідегі ақпараттық порталдардың рейтингі көш бастап, «дәурені» жүріп тұр. Соған сай жұртшылық та маңызды жаңалықтарды ең алдымен инстаграмм, фейсбук, тик-ток, твиттер, телеграмм секілді мессенжерлерден оқитын болды.

Десек те, уақыт өте келе «жылтырағанның бәрі алтын болмайтыны» секілді әлеужеліде «жарқ еткеннің» барлығы бірдей шынайы ақпарат емес екендігіне оқырманның көзі жетті. Сондықтан «ақпарат майданында» фактчекинг, фейк деген терминдер қолданысқа енді.

Заманына қарай амалы
Бүгінде әлеуметтік желілер медианарықтан ойып тұрып орнын ала бастады. Қоғамда «жаңа медиа дәстүрлі ақпарат құралдарының орнын алмастырады» деген пікірлер де айтылып келе жатқаны шын. Өйткені, оқырман жаңалықты ең алдымен алақанындағы ұялы телефонынан оқиды.
Иә, қазір «айшылық алыс жерлерде» болып жатқан оқиғаларды жұртшылық әп-сәтте қолындағы смартфоны арқылы біліп отыр. «Заманына қарай амалы» демекші, ол да дұрыс шығар. Алайда, ұлттың мүддесін көздейтін, халықтың жанайқайын айтатын, тек айтып қана қоймай, құзырлы орындардың түсіндірмесін беретін басылымдардың оқырмандары жылдан жылға азайып барады.
«Несін жасырайық, қазір бұрынғыдай газеттің жаңа санын күтіп, асыға оқитын кезеңнен өтіп барамыз. Бүгінде еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіні бес саусағындай біледі. Бұрын смартфон тек жастардың ермегіндей көрінетін. Қазір жасы ұлғайған аға-аталарымыз да әлеуметтік желілердегі жаңалықтарға пікір жазып, ой бөлісіп отырады» дейді тележурналист Айнагүл Қалбаева.

Оқырманды қалай көбейтеміз?
Алайда, сарапшылардың пікірінше, жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-тың орнын баса алмайды. Керісінше олар бірін бірі толықтырып отыруы тиіс. Біз осы мәселе төңірегінде коммуникатор, PR-технолог, бизнес-тренер, журналистер алдында талай мәрте шеберлік сабақтарын өткізіп жүрген Ақерке Берлібаймен тілдескенбіз. Оның айтуынша, заманауи медиа мерзімді баспасөзді қоғамнан тысқары шығара алмайды.
– Қазір – жаңа медианың «дәуірі». Бүгінде бәріміз ақпаратты мейлінше тез алуға ұмтыламыз. Ол мейлі әлеуметтік желі болсын, ақпараттық порталдан болсын, жылдамырақ мәліметті білуге, оқуға жұмыстанамыз. Десек те, белгілі бір уақыттан кейін оның да «заманы» өтеді. Неге? Сөзімді нақты мысалдармен дәлелдей кетейін. Айталық, осыдан бірнеше ай бұрын министрлік ұйымдастырған дәстүрлі медиа өкілдерімен арнайы форум өткізілген болатын. Сонда біраз маңызды мәселе қозғалды. Яғни, қазір бізде инфошум өте көп. Оның біреуі шындыққа жанасса, енді бірі мүлдем қиынға соқпайтын мәлімет таратып жатады. Сондай кезде оған сенеріңді немесе сенбесіңді білмейсің. Ал, әуежайда қолыма «Курсивъ» газетін алып, оқи отыра мен үлкен ой үстінде қалдым. Себебі, газетте жан-жақты зерттеу жүргізіліп, талдап жазылған сараптама мақалаларға көбірек сенетінімді түсіндім. Объективті ақпаратты оқыған сәтте әлеуметтік желіде желдей ескен фейктердің құны көк тиын екенін ұқтым.
Екіншіден, газетте материалдар мың рет оқылып, «тайға таңба басқандай» бір рет баспаханадан басылып шығатынын білетіндіктен және онда қате ақпараттарға жол берілмейтінін осы саланың маманы ретінде нық сеніммен айта аламын. Себебі, оны редакциялау да оңай емес. Сондықтан, «фейк-ньюс», «фактчекинг» заманында дәстүрлі БАҚ әрі қарай өркендей түседі деп сенемін
,-дей келе, осы арада екінші мәселе де барын атап өтті.
Жылдан-жылға азайып келе жатқан газет оқырмандарының санын қалай көбейтеміз? Меніңше, әлеуметтік желіге, ақпараттық порталдарды жаңалықтармен ұдайы толықтырып, газеттегі мазмұнды мақалаларға «прогрев» жасалып отыруы тиіс. Онлайн, офлайн дегенді де жадымыздан шығармауымыз қажет. Мәселен, біз мерзімді баспасөзде қандай тақырыптар қозғалып, жазылғанын қайдан білеміз? Әрине, әлеуметтік желіден. Тіпті, киім сататын дүкендер де тұтынушыны инстаграмм арқылы шақырады. Демек, осы тұсты да ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, аудитория мен оқырман тарту, имиджді көтерудің тағы бір амалы – ол ютуб-подкасттар түсіру. Яки, газеттің белді әрі беделді спикерлерімен сұхбаттар өткізу. Содан кейін баспасөзді ұдайы жарнамалап отыратын бренд-амбассадор таңдау қажет. Ол газет туралы әлеуметтік желіде үнемі хабарлап отырады. Ал, басылым бетінде оның арнайы колонкасы болса, екі жаққа да тиімді болар еді. Блогер-эксперт, сарапшы немесе танымал қоғам белсенділерімен байланыс үзілмеуі тиіс. Үшіншіден, газет оқу дәстүрі Еуропада, Америкада әлі күнге дейін жақсы орынға қойылған. Ендеше, біздің де бұл трендтен қалыспайтынымыз анық. Мәселен, Еуропа, Америкада әуежайларда газет сататын киоскілер әлі бар. Өкінішке қарай, қазақстандық әуежайлардан мұндай дүңгіршектерді көрмейміз,-дейді бізбен әңгімесінде Ақерке Берлібай.

Жеке брендті дамытудың жолы қандай?
Қазір PR «әлемінің» тенденциялары жаңарғанымен, негізгі талаптары өзгермепті. Десек те, бүгінде нейрожелілер трендке айналып, әлеуметтік желілердің де алгоритмдері жақсарған. «Біз жұмысымызды сол жаққа қарай бұрып жатырмыз. Шыны керек, бүгінде бәрі компания, бизнеске, ұйымдастыруға емес, PR-ды адами капиталға, яғни, қызметкерлеріне жасау арқылы танытады. Жеке брендке маңыз аударады» деді сұхбаттасушымыз.
PR-технолог бізбен әңгімесінде газет сайттарының рейтингісін көтеру турасында да ақыл-кеңесімен бөлісті. Оның айтуынша, сайттағы жаңалықтардың оқылымын арттырып, клик санын көбейту үшін материалдың тақырыбына аса мән берген жөн. Мәселен, хайптық бағыттағы мәселелер оқырман назарын аудартары сөзсіз.

Сапалы контент – талғампаз оқырман
Бизнес-тренер қазақтілді ютуб-арналардың сапасы сәл төмендеу болғанымен, бұл сала жақсы жолға қойылып келе жатқанын атап айтты.
– Әрине, алдымен көрші елдің ютуб-арналардың креативті идеялары «мен мұндалап» тұрады. Десек те, қазақ тілді контент жүргізуде Әлия Әшімді үздік деп айтар едім. Тик-Токта қазақтілді контент өте жақсы дамып келеді. Есесіне, бүгінде журналистің бір салаға мамандануы жайы бізде кенжелеу қалған. Спорт журналистикасын ғана білеміз, басқасы еске түспейді. Әсіресе, экономиканы талдап жазатын журналистер саусақпен санарлықтай. Оның өзі де кейде саясат, денсаулық туралы қалам тербеп жатады. Сондықтан, Астанада салалық журналистиканы дамытуға ден қойып отырмыз. Ол да трендке айналуы тиіс.
Рас, әмбабап журналистика да жақсы шығар. Тілшілердің жалақысы мардымсыз болғаннан кейін олар жан-жақта жұмыс істеуі мүмкін. Дегенмен, мақалалардың сапасы жоғары болуы үшін журналистің бір салаға маманданғаны абзал,-дей келе Ақерке Берлібай басылымның оқырман санын көбейту үшін тағы бір маңызды маркетингтік әдіспен бөлісті.
Оның айтуынша, газетті халыққа көбірек таныту үшін кофейняларға да бөлек бұрыш жасап, жаңа нөмірмен толықтырып отыруы керек. «Бәріміз көріп жүргеніміздей, мұндай орындарда қыз-келіншектер суретке түсіп, үнемі контент жасап жатады. Егер газет қол астында болса, олар да қызығып, әлеуметтік желілерге салып отырар еді. Екіншіден, басылымның түсі де қанық болуы тиіс. Мәселен, «Курсивъ» неге бәріміздің есімізде? Өйткені, оның түсі мен шрифтісі бірден көзге түседі. «Нью-Йорк Таймс», «Вашингтон Пост» та солай. Шрифттері алыстан «мен мұнадалап» тұрады» дейді Ақерке.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button