Қиғаштан ұшқан қарлығаш «Жансарайдың» алғашқы қонағы болды

ҚИҒАШТАН ҰШҚАН ҚАРЛЫҒАШ Жаңалықтар

«Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде рухани-мәдени «Жансарай» бағдарламасы көпшілікке жол тартты. Жергілікті ақын, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі  Гүлзада Ниетқалиеваның шығармашылық кешімен игі бастаманың тұсауы кесілді.

ҚИҒАШТАН ҰШҚАН ҚАРЛЫҒАШ-2

Рас, өлкемізде, соның ішінде  аталған ұжымда жырға құмар жандар мен қолы қалт еткенде поэзия мен проза жанрында қалам тербейтіндер жетерлік. Кеш барысында Гүлзада ақынның  ізін  басып  келе  жатқан Асантемір Қаршығаұлы, Гүлмира Сүйекенова секілді жас ақындар өлең оқыса, әнші Смадияр Мырзағалиев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ханзада Сақыпова әуезді әндерін тарту етті. Сонымен қатар, «Атырау» газетінің тілшісі Лиза Сейтімова бастаған бір топ әріптес ізгі тілектерін жолдады.

– Аға буынның айтар «айналайыны» азайып кеткен заманда Гүлзада ақындай жаны таза, жыры жауһар ақылшылар барына қуанамын. Өнеріңіз өрге жүзе берсін! – деп  тебіренді Асан ақын.

Өз кезегінде кеш қонағы Гүлзада Рахметқызы ұйымдастырушылар мен жиналғандарға  алғысын білдірді.

ҚИҒАШТАН ҰШҚАН ҚАРЛЫҒАШ

– Осындай тың бастама көтеріп жатқан жылы ұядай ұжымыма, оның басшылығына алғысым шексіз. Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Себебі, қазақтың қос Зейнолласынан тәлім алған ұрпақпын. Оның бірі Қабдолов та, екіншісі Серікқалиев еді.

Айта кетейік, осыған дейін ақынның бірнеше кітабы жарық көріп, өз оқырманын тапқан. Биыл оның таңдамалы өлеңдері ағылшын тіліне аударылмақ. Сөйтіп, атыраулық ақынның өлеңдер жинағының тұсауы Лондонда  кесіледі деп күтілуде.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді  түсірген: Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз