«ПЕРІШТЕЛЕР ЖЫЛАМАЙДЫ»
Қазақ әдебиетінің қарымды қаламгері Тәжібай Жанаев 1940 жылы 20 наурызда Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосына қарасты Буракөл елді мекенінде дүниеге келген.
Жазушының балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, оның өміріне зардабын тигізбей қоймады. Тәжібай жастайынан жетімдік көріп, облыстың Есбол ауданындағы «Зеленый» балалар үйінде тәрбие алды. Ол өз естелігінде: «жыртық иін, ашқұрсақ тіршілікті басымыздан өткіздік. Бірақ ұнжырғамыз түсіп, боркемік болмадық, қайта қайрат-жігерімізді жинап, тағдыр тауқыметіне қарсы тұра білдік. Кейін хрущевтік «жылымық» кезеңіне де жеттік. Жағдайымыз жақсара түсті», — деп жазады.
Тәжібай 1958-59 жылдары Қаратон мұнай кәсіпшілігінде еңбек етеді. 1960 жылы қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1965 жылы тәмамдайды. Жазушы жоғары оқу орнын бітірген соң, туған жеріне оралып, 1965-70 жылдары мұғалімдік жұмыс атқарады. 1970-1980 жылдары «Қазақстан», «Жалын» баспаларында редактор, аға редактор, Қазақ ССР Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Т.Жанаевтың әдеби шығармашылығы 1958 жылы жарияланған «Бураға мінген серілер» атты өлеңмен жазылған фельетоннан басталады.
Алғаш баспадан 1974 жылы «Үміт оты» атты жинағы шықса, содан кейін 1976 жылы «Соңғы жеті шақырым», 2001 жылы «Періштелер жыламайды» атты әңгіме-повестері жарық көрді. Тәжібай орыс тілін жетік білгендіктен, орыс және қазақ тілдерінде оның әдеби-сын мақалалары газеттерде жиі жарияланды. Ол ақын- жазушылардың поэтикалық және прозалық шығармаларына сын мақалалар жазып, сыншылығымен де көрінді.
Ол – шебер аудармашы. Оның аударма саласындағы еңбегінің нәтижесінде орыс және шетел жазушылары Р.Акутава, К.Паустовский, В.Катаев, Аленьдо Сантос, Витаустас Римчикавючис, Уильям Санди және басқалардың әңгімелері қазақ оқырмандарына жетті. Ал, туысқан елдер туындыларынан Н.Вороновтың «Пілге үйір бала» атты повесі мен А.Кешоковтың «Сынған таға» атты романын, «Қазақстан халықтарының ертегілерін» тәржімалап, сөз өнерін аударма әдебиетімен байытуға үлес қосты.
2009 жылы өзінің де таңдамалы шығармалары орыс тіліне аударылып, «Ангелы не плачут» деген атпен жарық көрді. Ал, 2014 жылы «Үшқиян» баспасынан «Алтын бақан» атты қомақты кітабы оқырмандармен қауышты. «Алтын бақан» атты шығармалар жинағында көсемсөздері, әңгімелері, өлеңдері және ең үлкен шығармасы – «Періштелер жыламайды» атты повесі жарияланған.
«Періштелер жыламайды» повесі жиырмасыншы ғасырдың үлкен қасіреті болып есептелген, осы ғасырдың бірінші жартысындағы тарихи кезеңнің зардаптары қамтылған шығарма. Бұл әдеби туындыда революция дүрбелеңі де, ғасырдың халықты тығырыққа тіреген конфискация дәуірі де, халықты қынадай қырған аштықтың да, республиканың бас көтерген бетке шығар қаймақтарының бәрін қалқып алып, өтірік жаламен шегірткедей қырған сталиндік репрессия да, гитлершіл фашизмнің әлем жүрегін түршіктірген екінші дүниежүзілік соғысы, Отан соғысы аяқталғаннан кейінгі ұзақ жылдарға созылған соғыс зардабы, бәрі осы аталмыш повестің тақырыбы деп білу керек.
Повесті оқып отырғаныңызда жиырмасыншы ғасыр – жетімдердің ғасыры деп ұғуға болады. Шығарманың бір кейіпкерінің қаршадай баласының көрген-білгенін баяндауларының бәрі – өткен ғасырдың бейнесі десе де болар.
Біздің жас оқырмандарымыздың балалық шақ туралы сүйіп оқитын шығармалары Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» болатын болса, сол жетімдер туралы шығармалар галереясын толықтыратын туынды Тәжібайдың осы «Періштелер жыламайды» атты повесі дер едік.
Жазушы баяндауында көкірегінен жетімдіктің табы кетпеген жас балалар үйінен тәрбиеленіп шыққанда, өзін биіктік асқарында тұрғандай сезініп, ілгері күндерден үміті үзілмей, күші мен қайратына, бойында оянып келе жатқан бұла қуатқа сенімділікпен қарап ержетеді.
Повестің басынан аяғына дейін автор көз алдынан өткен неше түрлі адамның намысын қайрайтындай тәрбие мен тәлім алған көптеген жастардың заманның қарсы соққан дауылына төтеп беріп, бойын тік ұстап шығу адамдарға байланысты болады деген философиялық ойды ұсынды. Абайдың:«Адамды заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» деген ұлағатты философиялық тұжырымының шынайлылығы осы шығарманы оқып шыққанда санаға нық ұялайды.
«Періштелер жыламайды» атты повестің баяндау тіліне келсек, шығарма тілі көңілге өте қонымды деп айтар едік. Жазушы стилі байыпты, шығармадағы сөздердің орынды қолданылып, оқырман жүрегін аялай білетін сөздер мен сөз орамдары оқырманды тәнті етеді. Жазушының басқа ешбір қаламгерге ұқсамайтын өзіндік стилі, қолтаңбасы бар екендігі көрінеді.
«Әй, әжем-ай, мені уайымдап отыр-ау. Жылағым келіп кетті. Көзіме жас үйірілді. Жан-жағыма қарасам, әркім өзімен өзі, бейжай отыр екен. Көз жасымды ешкім көрмегені жақсы. Жеңімнің ұшымен тез-тез көзімді сүртіп қойдым. Дәл осы сәтте әжемнің: «сен періштесің, пәксің, сенің жазығың жоқ, дүниеде күнәң жоқ, ешкімге қиянат жасаған жоқсың, адал адам періштедей, ешқашанда ешнәрсеге өкінбейді, ешнәрседен қауіптенбейді, жамандық жасамағандықтан еркін өмір сүреді, басына іс түссе, қайғырмай жеңіп шығады, мұңайып боркемік болып мүжілмейді, қайсар келеді, періштелер жыламайды» дегені есіме түсіп, бойымды тіктеп ұстап, ширығып қалдым».
Міне, көрдіңіз бе, баланың соншама нәзік, кәдімгі өзінің жас деңгейіне сай ойлап, лайықты тіл қолданады. Осы келтірілген үзінді бүкіл шығарманың лейтмотивіндей.
Повесінің өне бойына баланың көрген-білгені, баланың ой-арманы, қиялы, бала философиясы, бала психологиясы тамаша баяндалып, балаларға арналған шығарма екендігі белгілі болып отыр. Демек, бұл шығарма қазақ әдебиетіндегі балаларға арналған шығармалардың үлгілі нұсқасы.
Жоғары оқу орындарында «Қазақ балалар әдебиеті» жеке пән болып жүргізіледі. Бұл әдебиет жеке отау болып тігіліп, қазір бұл әдебиеттің талай туындыларын дүниеге келтірген ақын-жазушылардың қатары көбеюде. Балалар жазушыларының қатарында «Періштелер жыламайды» деген тамаша шығармасын дүниеге сыйлаған Тәжібай Жанаевтың аты аталмай жүргені бізді таңғалдырады.
Біздің пікірімізше, повесть балаларға арналған, балалар өмірін өте жақсы бейнелеген шығарма. Ол Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» атты повестерінің қатарында аталуы тиіс. Тәжібай Жанаевтың повесі жиырмасыншы ғасыр ортасындағы халқымыздың трагедиялық өмірінің қан базарында ғұмыр кешкен сол кездегі балалардың өмірін айна-қатесіз дәл суреттеген шығарма деп бағалануы тиіс. Балалар өмірі халық өмірінен тыс емес, болашақ халық тағдыры балалық шақтан бастау алады. Екінші дүниежүзілік соғыс дәуіріндегі қазақ балаларының өмірі осы повесте жан-жақты шынайы бейнеленген.
«Алтын бақан» атты шығармалар жинағында «Жол үстінде», «Ағыбай батырдың соңғы өкініші», «Құрманғазыны көрген атай», «Аға», «Үміт оты», «Әшірдің көлі», «Балақай», «Қайран әжем», «Күн ашыққа батты» сияқты әңгіме-хикаяттарының бірқатары өткен дәуір кезеңдерін бейнелесе, бірқатары қазіргі заман туралы толғаныстарымен көрінген. Оларда ел тағдыры, ел тәуелсіздігі жолындағы күрескерлердің өмір тарихтары баяндалған.
Жазушының барлық әңгімелерінің бір ерекше қасиеті – қызықты оқиғалары мен әдемі тілінде. Сол идеялы шығармаларда шебер баяндалған шындықтар оқырманды тәнті ететіні сөзсіз. Сонымен бірге, «Алтын бақан» жинағында жазушының әдеби-сын мақалалары мен көсемсөздері топтастырылған екен. Жазушы Мағзом Сүндетовтің «Құмдағы ауыл» атты әңгімелері мен повестерінің жинағы туралы, драматург Шахмет Хұсайынов, жазушы Софы Сматаевтың «Алау» атты шығармалар жинағы жайындағы мақалалары, ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдиықов туралы естеліктері тартымды әдеби шығармалар қатарындағы туындылар екен.
Тәжібай Жанаев – қазақ әдебиетінің қарымды қаламгерлерінің бірі. Проза жанрындағы көркем шығармалары әдебиетіміздің мол қазынасына қосылған үлес. Әр туындысы оқырманға терең ой салады, қанат бітіреді, тәрбиелік мәнінің тереңдігімен көрінеді.
Жазушы қазақ балалар әдебиетінде қомақты орынға ие. Т.Жанаев бір ғана «Періштелер жыламайды» повесі арқылы жетім балаларды жылатпайтын жазушы аталуға тиіс.
Қадыр ЖҮСІП,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.