Пәтер иелері кооперативі түгелдей тарады ма?
Соңғы уақытта елімізде кондоминиум нысандарын басқару, анығын айтқанда ПИК-терді түгелдей таратып, олардың орнына мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) мен жай серіктестік (ЖС) құру, қайткен күнде де тұрғын үй қорын басқару жүйесін ескіден жаңа формаға көшіру төңірегінде әңгіме күшеймесе, толастамайтын болды. Бұл туралы біздің газетімізде де мәселе көтеріліп, жиі жазылып жүр. Десек те, осы тақырыптың түйінін тарқатар кез келді. Бүгінде тұрғындарды толғандырған күрмеуі қиын күрделі мәселеге қайта оралып, сарапшылардың пікірін білуді мақсат тұттық.
Мәселен, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның пайымдауынша, пәтер иелері кооперативтерінен мүлік иелері бірлестіктеріне немесе жай серіктестіктерге ауысу туралы заң шығарылып, реформа қолға алынғанына үш жылдан астам мезгіл өткеніне қарамастан, бұл саладағы жағдай еш өзгеріссіз, сол «баяғы жартас бір жартас…» күйінде қалуда. Бастапқыда «сүйтеміз, бүйтеміз, бәрін де үйлестіреміз, қатырамыз» деп ұрандатқанмен, жаңа басқару нысанын құрушылардың қарекеті баяу болып тұрғанға ұқсайды.
– Тұтастай алғанда, осыған дейінгі кезең біздің жалпы пайдаланудағы, ортақ игіліктегі мүлікті басқаруға деген жауапкершілігіміздің төмендігін, былайынша айтқанда, оған құлқымыздың жоқтығын байқатты. Сол сияқты, тұрғын үй қорының жай-күйі бірдей емес. Соның салдарынан коммуналдық қауымдастықтардың алдына таңдалған басқару формасына қарай түрліше міндеттер қойылған. Осының өзі жағдайды одан сайын күрделендіріп тұр»,- деп түйіндеді ойын халық қалаулысы
Ал, қазақстандық тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау одағының төрағасы Талғат Мұхаметқалиевтің пікірінше, қайткенде де, кондоминиумды басқарудың жаңа формасын қабылдап, ертелі-кеш соған көшуге тура келеді. ПИК-терді сол күйінде қалдыру үлкен қателік болар еді. Өйткені, осыған дейін тұрғын үйлерді басқарып келген пәтер иелері кооперативтерінің көпшілігі өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындай алмады немесе нәтижесі күткендегідей болмады.
Яғни, ПИК-тердің төрағаларының дені тұрғындармен ақылдасып, санаспай, басқарма мүшелерімен кеңеспей, «өзі би, өзі қожа» дегенге салынды. Халықтан жиналған ақшаны қалай болса, солай жұмсап, ойына келгенін істеді. Ақыры дау-жанжалға ұласып, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне ұрындырды. Мұндай ахуал пәтер иелерінің наразылығын туғызып, кооператив басшыларына деген сенімсіздігін күшейтті. Осыларды көріп, біле отырып, ұсынылып отырған мүлік иелері бірлестіктеріне немесе жай серіктестіктерге ауыспай, пәтер иелері кооперативтерін орнында қалдыру дұрыс емес.
Осы орайдағы ойымен ортақтасқан Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының басшысы Балжан Досмұхамбетова да тұрғын үй қорын басқарудың жаңа формасына ауысу дұрыс деп есептейді.
– Мәселен, МИБ пен ЖС жағдайында бір үйге бір қожайын болады. Басқаша айтсақ, бұл дегеніңіз, ортақ пайдаланудағы әркімнің жеке баспанасы тәрізді. Кез-келген мәселені сол жаңадан құрылған бірлестік немесе жай серіктестіктің төрағасы тұрғындардың көз алдында отырып, жариялы түрде шешеді. Бүлінген нәрсені сол бойда жөнге келтіріп алуға (мысалы, көпқабатты үйдегі ақаулы жеделсатыны жөнге келтіруге), басқа да проблемаларды шұғыл шешуге мүмкіндік бар. Осы шаруаларға шығындалған қаржы, жалпы жиналған ақша сомасы, өзге де кіріс-шығыстар есебі бірлестікке мүше мүлік иелеріне белгілі, ешқандай да күмән тууына негіз жоқ. Қалай дегенде де, басталған істі соңына дейін жеткізіп, «ұзын арқан, кең тұсауға» салынбай, мәселені біржақты ету керек, — дейді қоғам белсендісі.
«Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» дегендей, жаңаның аты жаңа емес пе, оны бірден меңгеріп, көндігіп кету де оңай емес. Осыны ескеріп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласындағы реформа шеңберінде мамандарды дайындап, қажеттілігіне қарай қайта даярлықтан өткізуді қолға алып отыр. Ол үшін елімізде арнайы «Тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қажетті мамандарды дайындау, қайта даярлау және біліктілігін көтеру» бағдарламасы қабылданған. Оны «Қаз ТҮКШ орталығы» АҚ жүзеге асырады. Бұл бағдарлама бойынша оқу курсынан өткендерге акционерлік қоғамның сертификаты беріледі. «Мұның бәрі реформаны сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді, септігін тигізеді» деп санайды сарапшылар.
Сайып келгенде, бұл кондоминиумды басқарудың жаңа формасына көшу уақыт талабы екенін меңзегендей.
Дәулетқали АРУЕВ