ӨТКЕН ЖОЛДА ІЗДЕР БАР

Қайрекеңмен қызмет бабында танысқанымызға да ширек ғасырдың жүзі болып қалыпты. 1990 жылдың күзінде ол облыстық ауыл шаруашылығы өндірістік комитеті төрағасының орынбасары лауазымында  жұмыс жасайтын-ды. Облыстық теледидарда қызметте жүрген кезімде ол кісіден күзгі жиын-терімнің барысы жөнінде сұхбат алғанмын. Бір жылдан соң Қайырлы ағамызбен көрші болдық. Сыйлас  ағаның бізге беймәлім қыры мен ашылмаған сыры да жетерлік екен. Оған Қайрекеңмен өткен жұмадағы жүздесуде анық көз жеткізгендеймін.

…Әуелі Гурьевтің ауыл шаруашылығы техникумының механика факультетін тәмамдап, Отан алдындағы азаматтық борышын өткеріп, өмірдің біраз соқпақты жолдарын артта тастаған Қайырлы Берғалиұлы 1964 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін бітіреді. «Ғалым-агроном, экономист» мамандығын алып шыққан жас маман өзінің еңбек жолын Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстарының астықты алқаптарында бастады. Қашанда тындырымды қызметімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, кәсіби біліктілігімен танылып, бас-аяғы бірер жылда шаруашылықтың бас агрономы дәрежесіне жетеді. Ауа райының қуаңшылық жағдайында жаңа технологиямен егілген астықты алқаптан жақсы нәтижеге қол жеткізіп, сол кездегі республиканың Ауыл шаруашылығы министрі Моториконың алғысын да  алады.

Туған жерге келгесін Махамбет ауданының «1 Май» кеңшарында мамандығы бойынша еңбек етті. Шаруашылықтың жаңа басшысы Иван Дмитриевич Брагинмен кеңесе отырып, тұралап қалған кеңшарды өрге бастырудың тиімді жолдарын іздестірді. Бұрын егінді егу, жинау, өнімін өндіру қол күшін көп қажетсінетін болса, енді оның орнын техника мен механизмдер алмастыратын жағдай туды. Қайрекең мұнда келісімен көкөніс пен егістік дақылдарды көшет арқылы отырғызу, баптап, күту, суару, ауыл шаруашылығы механизмдері мен жабдықтарын тиімді пайдалану, егіншілерге өндірген өніміне қарай еңбекақы аккордтық-сыйақымен төлеу жүйесін қалыптастыра  бастады.

Қайрекеңнің Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы қызметінде жүріп тындырған істерінің өзі бір төбе десе болғандай. 1969-1972 жылдары ауданда көкөніс, бау-бақша, малға құнарлылығы жоғары азықтық жоңышқа шөбін егу көлемі едәуір өсті.

Аудандық партия комитетінің шешімімен «1 Май» кеңшарына бас агроном қызметіне тағайындалғанда Қайырлы Берғалиевке жылды үнемі зиянмен аяқтайтын шаруашылықтың экономикасын көтеру, халықтың тұрмыстық әл-ауқатын жақсарту, өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін өсіру міндеті қойылды. Жұмысқа шын беріліп, бар қарым-қабілетін көрсеткен ол үлкен табыстарға қол жеткізді. Кеңшарда егін егудің әдісін механикаландырудың нәтижесінде егістік алқап көлемі мың гектарға, оның ішінде көкөніс – 400, картоп – 400, бақша 300 гектарға жеткізілді. Өндірілген өнімдер ысырапсыз жиналып, күн сайын жүздеген тонна көкөніс Сібір қалаларына, Мәскеу мен Ленинградқа эшалондап жөнелтіліп жататын.

Петропавлдан озық технологиямен сүт сауу қоражайының типтік жобасы әкелініп, мал азығын дайындау, шөпті ұсақтау, балаусаны, жемді конвейер арқылы беру, сиыр сауу, оны тасымалдау, пастерилизация жасау, сақтау техникамен атқарылды. Ауылда жылыжай құрылысы салынып, одан күз бен қыста   жақсы көкөніс өнімі алынды. Кешікпей «біріншімайлықтар» озаттар қатарынан орын алды. Шаруашылықтың бас агрономы Қайрекең өңіріне «Құрмет белгісі» орденін тақты.

Артта қалған шаруашылық – «Теңдіктің» тасын өрге домалатып, әлеуметтік саласын түзеп, шаруашылығын шалқытып, озаттармен теңестірген де, ең ұзақ (он төрт жыл) басқарған да осы ағамыз екен.

Қайрекең Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен үш рет кездесіпті. Екі рет шаруашылықты аралауға келгенде, бір рет «Теңдік» кеңшарына директорлыққа тағайындалу үшін Алматыға барғанда. 

Өмірлік серігі болған Жамиға жеңгеймен екеуінен өрген 4 баладан он немере-жиен сүйді. Зейнет демалысына шыққан Қайрекеңді 2000 жылы Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау мемлекеттік университетінің ректораты жұмысқа шақырды. Мұнда ол шаруашылық бөлімінің басшысы, техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер, жаратылыстану факультеті ауыл шаруашылығы кафедрасының оқытушысы болды, академиялық доценті атағын алып, болашақ жас мамандар даярлауға өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Ол дәріс бере жүріп, ауыл шаруашылығы мамандығын таңдаған студенттерге қажетті типтік оқу бағдарламасына байланысты қазақ және орыс тілдеріндегі 2 оқу құралын, 30-дан астам оқу-әдістемелік кешенін жазды, халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларға қатынасты.

Өткен жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен университет ұжымдары Қайырлы Берғалиұлының облыс, аудан көлемінде сіңірген еңбегін ескеріп, оған «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағын беруге лайық екендігі жөніндегі ұсыныстарын жолдаған болатын. Осы ұсыныстарды ескерген Махамбет ауданы әкімдігі мен аудандық мәслихатының шешімімен жақында Махамбет ауданының экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық саласын дамытудағы қосқан көп жылғы еңбегі үшін ардагер, ғалым-ұстаз осы Құрметті атаққа ие болды.

– Еңбек еттім – ел сыйлады, жар таптым – бақыт таптым, бала сүйдім – өрісім кеңейді, шүкіршілік етеміз. Біз байлық туралы ойламадық. Себебі заманымыздың талабы солай болды. Оның есесіне, көптеген азаматтармен, қатар-құрбыларымызбен өзара сыйластық қарым-қатынаста болдық. Ақсақалдық дәурен бұл да өзінше бір әлем, оны салиқалы сәнімен, мағыналы мәнімен өткізсек, өмірдің сәні осы емес пе? – дейді сексеннің сеңгіріне қарай бағыт алған Қайрекең ағамыз. Ендеше, ғұмырлы болып, өмір Сізге әдемі қарттық сыйласын, Қайреке!

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз