ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
Түсінік жұмыстарын жүргізуге қоғам жұмылуы қажет
Тәуелсіздік мерекесімен тұстас өткізілген шараның алғы сөзінде Шыңғыс Жұмабекұлы: «Бүгінде елімізде әртүрлі діндер мен діни конфессиялардың өзара тиімді қатынас жасауы үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Сол секілді дін қоғам мен мемлекет дамуының бір факторына айналуда. Осы орайда арнайы білімі бар теолог мамандардың атқаратын рөлі зор» дей келе, конференцияның маңыз-мақсатына кеңінен тоқталып, баяндамалар легіне кезек берді.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төраға орынбасары Ғалым Шойкин тақырыптың маңызы зор екеніне тоқталып, саланы реттейтін негізгі мемлекеттік құрылым саналатын агенттіктің атқарып отырған жұмыстарын саралады. «Дін тақырыбына қатысты барлық сұрақтарды реттейтін жаңа Заң 2011 жылы қабылданған болатын. Содан бері құқықтық жаңа нормалар енгізіліп, заң аясында 13 құжат қабылданды. Атқарылып отырған істің ауқымдылығына қарамастан, бұл салада діни экстремизм деп аталатын үрдістің белең алып отырғаны да белгілі» деген Ғалым Нұрмағамбетұлы бұл бағыттағы арнайы мемлекеттік бағдарламаның дайындалу үстінде екенін жеткізді. «Экстремизм проблемасын ел дамуын тежеуші фактор ретінде қабылдауымыз керек. Сол секілді радикалдық идеяларға қатысты түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізуіміз қажет. Айта кеткен жөн, бұл күрделі процеске қоғамның араласуы әлі де болса төмен. Осы бағыттағы жұмыстарды тек мемлекеттік органдарға артып қою дұрыс емес. Бірлесіп тойтарыс жасауымыз керек. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да қоғамдық пікір қалыптастырып, түсінік жұмыстарын кең көлемде жүргізсек қана нәтижеге қол жеткіземіз» деді ол.
«Ислам – бейбітшіліктің діні. Ал, ешбір қоғам дінсіз болмаған. Ол – мемлекеттің ажырамас бір бөлігі». Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы өкіл имамы Батыржан Мансұров осылай дей келе, хақ дініміздің тарихын талдап, саладағы сауатсыздықтың қандай кеселдерге ұрындыратындығын атап көрсетті.
«Асыл дініміз ынтымақ пен бірлікке үндеп, ортақ ымыраға шақырады. Ол тыныштықты ту қылып, мемлекеттің дамуын ұран қылып ұстанған. Исламның өзі қандай бейбіт дін болса, оған жету жолы да сондай бейбіт. Ол күллі адамның ерекшеліктерінің біреуіне де қарамастан, ортақ ымыраға шақырады. Достық пен татулықты негізге алады. Демек, ол – бауырмашылдықтың діні» деді ол өз сөзінде.
МӘСЕЛЕ дінде емес, діни сауаттылықта
Тақырыпты одан әрі жалғастырған Астанадағы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов «ежелден-ақ ислам дінін мемлекеттік дін деп мойындаған. Ең ізгі дін – исламды қадірлей отырып, салт-дәстүрімізді ұстанған жөн. Ал, ислам ғалымдарының айтуынша, отбасымыз білімді болуы керек. Өйткені, ана бала үшін ең бірінші, әрі ең үлкен өмір мектебі саналады» дейді.
Бізбен сұхбатында да осы мәселені кеңінен талдаған Наурызбай Тағанұлы: «Жалпы, әлемдік ғалымдар «проблема дінде емес, діни сауаттылықта» дейді. Сондықтан, қазіргі жағдайда бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Атырау өңіріне де жергілікті биліктің шақыруымен арнайы білімді мамандардың жұмысқа тартылуының өзі – үлкен жетістік. Еліміз бірнеше ғасырлардан бері ислам дінін ұстанып келеді. Біздің ата-бабаларымыз бен атымызды әлемге танытқан небір оқымысты ғұламаларымыздың өзі медреседе білім алған. Олар білімі арқылы елді дамытты. Сол секілді біздер де білім арқылы барлық мәселені шешуге қабілетті екендігімізді терең түсінгеніміз жөн» дейді.
Осыдан екі жыл бұрын дін департаменттері құрылған болса, биылғы жылы олар әкімдіктерге беріліп, басқарма болып қайта құрылған болатын. Осы аралықта пайда болған жаңа мемлекеттік мекеменің бірі – Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі саясат басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік мекемесі. Конференцияға арнайы келген осы мекеме директорының орынбасары Асылбек Төлегенов «Зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі» төңірегінде әңгіме өрбітті.
Ал, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Сағынгерей Аймұратов «Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың іске асудағы мәселелік аясы» тақырыбында баяндама жасады.
Өз кезегінде «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының төрағасы Ерсін Әміре дәстүрлі ислам мен деструктивтік діни ағымдар көзқарасындағы мемлекет ұғымына терең талдау жасап, басқосу маңызын арттыра түсті.
Шара соңында конференция қатысушыларының Үндеуі жарияланды. Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шохаев: «Еліміздің әр азаматының басты құндылығы Отанымыздың тәуелсіздігі болуы тиіс деп санаймыз. Қазіргі таңда зорлық-зомбылыққа жол беріп, жазықсыз адамдардың қанын төгуді, қарулы қақтығыстарға барып, бейбіт тұрғындар арасында жарылыс ұйымдастыруды «жихад» деп санауды тыйым салынған қылмыс ретінде айыптап, қасиетті Құранда айтылатын «жихад» ұғымын мұсылман адамның өзін-өзі кемелдендіруі, рухани тәрбиелеуі, ақиқатты танып-білуі, туыстарға көмектесуі жолында күш-жігерін жұмсау, сондай-ақ Отанды, елді қорғау әрбір азаматтың борышы деп білеміз» делінген мәтінмен таныстырып өтті.
Жаңа орталық –саладағы соны серпін
Конференцияның негізгі бөлігі тәмамдалған тұста, әр өңірден арнайы келген мәртебелі меймандардың қатысуымен Атырау қаласындағы Алмагүл мөлтекауданында орналасқан облыстық Дін басқармасының жанынан құрылған ақпараттық талдау орталығының тұсауы кесілді.
Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан орталықтың мақсатына тоқталып: «Бұл мекеме қалың бұқара арасындағы дәстүрлі дініміздің принциптерін түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізетін болады. Сондай-ақ, орталықта үлкен ғылыми шаралар атқарылады, педагогикалық, психологиялық бағыттағы жұмыстар қолға алынып, арнайы әдістемелік құралдар, кітаптар шығарылады. Сондықтан, біздің басқарманың негізгі ғылыми институты осы орталық болады деп жоспарлап отырмыз» деп атап өтті.
«Таяуда 2011 жылы ашылған Шымкент қаласындағы осындай орталықтың жұмысымен атыраулық топ арнайы барып танысып қайтты. Сондықтан, саладағы қадау-қадау істерге мұрындық болғалы отырған орталыққа сәттілік тілейміз» деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
«Бүгінгі шаралардың қай-қайсысы да өте маңызды. Мемлекет тарапынан дін саласындағы саясатты мейлінше жетілдіруге көп күш жұмсалуда. Әсіресе, Дін істері агенттігінің ұсынысымен әр облыста осындай коммуналдық мекемелер ашылып жатыр. Олардың мақсаты – мемлекет саясатын жетілдіріп, Дін істері басқармасына көмекші ретінде діни жағдайды кеңінен талдап, болжамдар жасау. Алайда, орталық жұмыстары негізінен бұл бағытта болғанымен, атқаратын қызмет түрлері сан алуан. Кәсіби тұрғыдағы нағыз мамандарды жинап, әдістемелік құралдар дайындауының өзі аса маңызды жұмыс саналады.
Жыл басынан бері мұндай мекемелер Астана мен Павлодар қалаларында ашылғанымен, олар Ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған. Ал, республика деңгейінде Дін басқармасына қарасты мекеме ретінде тұңғыш рет Атырауда ашылып отыр» деген агенттік басшысының орынбасары Ғалым Шойкин орталық жұмысына жемісті еңбек тіледі.
Аталмыш орталық директоры Ербол Жаулиннен білгеніміздей, жаңа мекеменің негізгі жұмыстары үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Ол үшін тиісті мамандармен жасақталған төрт бөлім ашылған. Бекітілген жоспарға сай, орталық базасында мешіт имамдары мен дінтанушыларға арнайы дәрістер де ұйымдастырылмақ. Осы тұста айта кеткеніміз жөн болар, облыс көлеміндегі діни бірлестіктер саны 39 болса, соның ішінде 28-і ислам дініне қатысты. Ал, облыстағы имамдар саны – 35.
Жапа шеккендерге қолдау көрсетумен айналысып жүрген «Шапағат» қоры да осы жерге қоныс аударып отыр. «Қазіргі уақытта мекемемізде екі исламтанушы-теолог, екі дінтанушы және бір кәсіби психолог жұмысқа алынып отыр. Алдағы уақытта Астана және Түркістан қалаларынан мамандар шақырту жоспарымызда» дейді жаңа орталық жетекшісі.
Айта кетелік, мекемеде арнайы сенім телефоны да жасақталған. Сіз 46-74-43 телефонына қоңырау шалу арқылы орталықпен тікелей байланыс орнатып, қажетті көмек түрін ала аласыз.
Гүлжан ӘМІРОВА.