Жарнама
Қоғам

ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – ҚАСТЕРЛІ МІНДЕТ

— Андрей Анатольевич, алдымен, мерзімді әскерге шақырту туралы әңгімелесек…

— Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес, Атырау облысында күзгі әскерге шақырту жұмыстары басталды. Жалпы, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына орай мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет, яғни

сәуір-маусым және қазан-желтоқсан айларында өткізіледі. 

Шақырылушыларға қойылатын талаптар да жоғары. Жастар психологиялық-моральдық тұрғыдан іріктеуден өткізіліп, олардың біліміне, денінің саулығына және физикалық тұрғыдан дайындығына маңыз беріледі. Әлбетте, соңғы жылдары Қарулы күштер жаңа, заманауи техникалармен қамтамасыз етілуде, оған қоса компьютерлендіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондықтан, әскерге білімді азаматтар керек, әскерге алынатындардың білімді болғаны  да маңызды.

Әскери қызметке шақыртылған азаматтар жергілікті әскери басқару органдарының әскерге шақыру пункттеріне келулері міндетті. Егер әскерге шақырылушы азаматқа әскерге шақыру парағын жеке өзіне бере алмаған жағдайда, әскерге шақырылушыларды шақыру пункттеріне жеткізу Ішкі Істер органдарына жүктеледі.

Бірінші кезекте мерзімді әскери қызметке шақырылушы 18-22 жас аралығындағы әскер қатарына денсаулығы бойынша жарамды, кейінге қалдырылмаған және әскерге шақыртудан босатылмаған азаматтар шақырылады.

Осы 20 қазан  күні күзгі әскерге шақыру аясында облыс жасөспірімдерінің алғашқы легін Отан алдындағы парыз — әскери қызметтерін орындауға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі болып өтті. Яғни, алғашқы лекпен 18-27 жас аралығындағы 700 атыраулық жігіт жіберілді. Ал, жалпы, күзде мерзімдік қызметке барлығы кейін шегеру немесе шақыртудан босату құқығы жоқ 12 мың қазақстандықты жіберу жоспарланып отыр. Болашақ сарбаздардың шақыртуға дейін алған білімі, физикалық және моральдық-психологиялық дайындығына баса назар аударылады.

— Редакциямызға оқырмандардан әскерге шақыру турасындағы  көптеген хаттар келеді. Мәселен, қандай жағдайда әскерге шақыртудан кейінге қалдырылады және әскерге шақыртудан босатылады?

— Азаматтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру қалалық (аудандық) әскерге шақыру комиссия негізімен жүзеге асырылады. Алдымен, жанұя  жағдайына байланысты. Отбасы мүшелерін асырау, өзге көмектерді қажет ететін және мемлекеттік қамтамасыз етілмеген, жақын туыстары болмағанда, жалпы орта білім алып жатқан азаматтар,  сонымен қатар, өз мамандығы бойынша ауылдық жерде орналасқан оқу ұйымдарында жұмыс жасап жатқан мұғалімдер, дәрігерлер, Қазақстан Республикасының депутаттары,  су көлігі ұйымының мүшелері мен қылмыстық ісі сотта қарастырылып жатқан азаматтар мен денсаулық жағдайына байланысты әскерге шақырылушыларды әскери қызметтен кейінге қалдыру әскерге шақыру комиссия мүшелерінің шешімі бойынша 1 жылға дейін қалдырылады.

Ал, денсаулық жағдайына байланысты,  27 жасқа жеткен мерзімді әскери қызметке шақыртылмағандар, әскери қызметте жүріп I, II топ мүгедек болған немесе қайтыс болған азаматтың туысқандары, басқа мемлекетте әскери қызметте болғандар мен  оқу дәрежесі бар жандар, дін бірлестігінде жүрген діни қызметкерлер  әскери қызметке шақыртудан босатылады. Әскери қызметке сотталған азаматтар шақырылмайды. Және шақыртудан босатылған азаматтар әскерге шақыру комиссиясының шешімі бойынша әскери есепке алынады.

— Әскери борышты өтеудің баламалы түрі де бар ғой?

— Үкімет әр азаматтың Отан алдындағы парызы – міндетті әскери қызметті өтеудің жолдарын барынша жеңілдетуге ыңғай танытып отыр. Соның бірі,  жастардың әскери борышын баламалы түрде өтеу мүмкіндігі де бар. Қазір Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектеп филиалдарында әскери-техникалық мамандар дайындайтын 40 күндік әскери ақылы курс жұмыс істейді. Үкіметке 263 318 теңге көлеміндегі ақысын төлеп, курсқа қабылданады.  Бұл мектепте азаматтар әскери білім алып, қатардағы сарбаз ретінде жауынгерлік дайындықтан өтеді. Оны бітіргендерге арнайы сертификат беріледі.

 Әскери борышты өтеудің бұл баламалы түріне тілек білдіріп отырғандардың да саны көп. Сондықтан, таңдау кезінде үйленген, отбасы бар, бала-шағалы жастарға басымдық танытылып отыр.

— Білуімізше, соңғы жылдары жастардың арасында әскерге баруға тілек білдірушілердің санында өсу байқалады екен. Мұның себебі неде? 

— Жастарымыздың әскерге баруға деген құлшынысы күн санап артып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Меніңше, мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, мемлекеттік мекемелерге, күштік құрылымдар деп аталатын құқық қорғау органдарына әскери борышын өтеген адамдар жұмысқа алынады. Бұл, сондай-ақ, қазір жастарда отансүйгіштіктің қасиеттерінің де артып отырғанының көрінісі.

— Келісім-шарт бойынша әскери қызметке қалу  мәселесіне тоқталсаңыз?

— Қазіргі уақытта қорғаныс істері жөніндегі басқармаларында келісім-шарт бойынша әскери қызметке жинақтау жүргізілуде.  Заңға сәйкес, кандидаттарға шектеу келтіріледі. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке шақырылған азаматтардың Қазақстан Республикасының азаматы болуы, жасы 19-дан кем болмауы және әскери лауазымына сәйкес әскери мамандығы болуы қажет.

Оның үстіне, мерзімді әскери қызметте еңбек етуі немесе жоғары оқу орнында әскери кафедрада білім алуы талап етіледі. Келісім-шарт бойынша әскери қызметке алынатын азаматтар арнайы тексерістен өтеді.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button