МАНДОКИДЫҢ МОЛ МҰРАСЫ

Қоңыр Иштван – кемеңгер ғалым,  түркі халықтары мен мажарстанның арасындағы  алтын көпір болып, бірнеше елдің тілін, фольклорын, топонимдерін, көне түркі өнері ескерткіштерін зерттеген еді. Оның бұл еңбектерін ғылым саласына қосылған өлшеусіз үлес деп есептеуіміз керек.

 

Ол 1944 жылы туған. Қоңырдың атасы қала мэрі болған, дәулетті, әрі ақсүйектер арасында ата дәстүрді берік ұстанған. Өткен жылы Астана қаласында халықаралық Түркі академиясы ашылды. Оған Мандоки Қоңырдың 16 мың кітабы мен қолжазбаларынан тұратын бай рухани мұрасы салтанатты түрде тапсырылды. Оның ғылымға сіңірген еңбегінің қандай болғанын осыдан көруге болады.

Ақпарат құралдарында «осы Түркі академиясынан көп үміт күтеміз» деп айтылуында да үлкен мән бар. Себебі, жер бетіндегі бірнеше ұлттың ұқсас тілдерінің зерттелуіне алғашқылардың бірі болып түрен салған –  Мандоки. Енді сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мәліметтерді келтірейік. Мектепте оқып жүргенде Қоңырды түркітану мен мажардың көне мәдениеті   қызықтырып, сол кездегі ғалым Немет Дьюладан кеңес алады.

Әкесінің: «Сенің тегің қыпшақ, тамырың – Ұлы Далада. Қолың жетсе, Шығыстағы үлкен далаға бар!»  деген аманатын орындауға тырысады.  Өз бетімен ізденіп түркі халықтарының тілін үйрене бастайды. Ол үшін Қазақстан мен Орта Азия мектептерінің ғылыми мектептеріне хат жазып, сөздіктер мен тіл оқулықтарын жіберуді өтінеді. 

  Қоңыр 1963 жылы Будапешт мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Студент кезінде маман ғалымдардан қытай, иран тілдерін оқып үйренеді. Ол оқуын бітіргеннен кейін сол университеттің түркология кафедрасына ассистент болып жұмысқа орналасып, түркология ғылымын кең түрде зерттеп, ой-өрісі кең ғалым, тұлға ретінде қалыптаса бастағанын көреміз. Оның зерттеу нысаны  тілдік, фольклорлық, этнографиялық деректер еді.         

Дәлірек айтсақ,  Болгариядағы түріктер, Румыниядағы татарлардың тілдерін, мәдениетін салыстыра зерттеді. Соның қорытындысы ретінде 1970 жылы «Добружа татарларының тілдік зерттеулері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Ежелгі түріктің атақонысы – Еділ, Жайық, Ертіс, Орхон өзені бойына сапары, 1974 жылғы Моңғолияға саяхаты, ондағы көне ескерткіштерді зерттеуі және фольклорлық, этнографиялық деректерді жинауы оның ғылымдағы шыңдалу кезеңі болды. Қоңыр Иштван Мандоки Ұлы Дала Елін және оның перзенттері – қазақтарды сүйді, қазақ тілін құрметтеді. Қазақ қызы, біздің жерлесіміз Оңайша Мақсымқызына үйленді.

Қоңырдың өз өсиеті бойынша ол Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратына жерленген.

Аманқос ҚАРЖАУБАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика кафедрасының профессоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз