ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН
Әлі есінде, 1943 жылдың қараша айы, жауынгерлердің қабағына қар, кірпігіне мұз қатқан кез еді. Бас Қолбасшының Киев, Харьков, Житомир қалаларын жау қолынан босатуға берген бұйрығы бойынша даңқты әскери басшы Георгий Константинович Жуков басшылық жасаған 2-ші Украин армиясы жан алып, жан беріскен ұрыстың бел ортасында болды. Әлібек бұл кезде миномет батареясы құрамында соғыста жүрген. Бірде минометшілер жасанды көпір арқылы Днепр өзенінен өтіп, жағалауды немістерден босатуға тапсырма алды.
Айсыз қараңғы түн болғанымен айнала самаладай жарық. Жарық шашатын ракеталар аспанға ілінген шамдардай су бетінде қалқыған жалғыз тал шөпті де ап-айқын көрсетеді. Днепр өзенінің арғы жағалауында қылт еткенді қағып түсіретін мергендер де аз емес. Бір сәт жасанды көпір жаңқадай шағылып, көп жауынгерлер шығынға ұшырады. Осы жойқын шабуыл кезінде Әлібек те немістің біразын жер жастандырды. Жан беріп, жан алысқан ұрыс үстінде кенет басына тиген ауыр соққы оны есеңгіретіп жіберді. Майдан даласында есін жиған сәтте көз алдындағылар шыр көбелек айналып бара жатты. Беті-аузын қан жуған оны рота командирі В.И.Смирнов қолтығынан демеп:
— Бұйырамын, дереу медсанбатқа жетіңіз, — деді.
Әлібек сол шайқаста ауыр жараланып, госпитальге түседі. Онда біраз уақыт емделгеннен кейін өз бөліміне қайта оралды.
Ендігі шайқас Яссино-Кишинeвск қаласы үшін болды. Аталмыш қаланы жау қолынан босату оңайға түспеді. Жау өліспей берісер емес. Әскерлердің шабуылға шығуы көп жағдайда барлаушыларға да байланысты. Олар арқылы жаудың күшін, қарсыласу жағдайын, қару-жарақ резервтерін білу керек. Ол үшін барлаушының алып келген «тілі» маңызды болмақ. Сондықтан да, жау жақты барлауға нағыз ержүрек, батыл, қиын-қыстау кезде тапқырлық көрсете алатын жауынгер жіберіледі. Міне, осындай жауапты тапсырманы орындау Әлібек Түсібәлиев бастаған төрт жауынгерге жүктелді.
Мезгіл түннің бір уағы. Алда қауіп барын сездіріп, жаудың жарық бергіш ракеталары аспанға жиі атылып қояды. Ондайда барлаушылар қыбыр етпей, жер бауырлап жата қалып, жарық сөнген соң қайта алға жылжиды. Ракетаның атылуы бір жағынан қандай қауіпті болса, екінші жағынан пайдалы да. Жарықты пайдаланған алғыр барлаушылар бұғып жатып, жаудың бекінісін, атыс нүктелерін шолып, рациямен өз бөлімшесіне мәлімет берді. Енді олар «тіл» алуды ойластырды. Таң қылаң беріп келе жатқан кез. Айнала жым-жырт. Таң ұйқысы көзге тығылатын уақыт.
Дыбыс білдірмей сақтықпен алға жылжып келе жатқан барлаушылар жаудың бекініс шебіне кезікті. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Барлаушылар жаудың пулемет нүктесін жойып жіберуге бекінді. Оны талқандау Курьятовқа тапсырылды. Басқалары торуылдап жатты. Тез қимылдап, пулемет нүктесіне жақын барған Виктор гранат лақтырып, оның үнін өшірді. Оқша атылған барлаушылар жақындағы жертөлеге лап қойды. Қас-қағымда үш-төрт фашисті жер жастандырып, унтер офицерді қолға түсірді. Өз бөлімшесіне аман-есен қайтып оралған барлаушылар қолға түскен екі фашист офицерін штабқа жеткізді. Неміс офицерлері жаудың болашақ жоспарын, жаңадан келген бөлімдер, танктер мен зеңбіректер орналасқан жерлер мен штаб орны жөнінде көптеген мәліметтер берді. Сөйтіп, ержүрек барлаушылар өз әскерлері шабуылының сәтті аяқталуын қамтамасыз етті. Бұл Әлекең қатысқан барлау операцияларынының бірі ғана еді.
Бірде жоғары басшылықтан жау қолында тұрған Жлобин қаласын тезірек азат ету туралы бұйрық келді. Қаланы азат ету операциясына дайындық күні-түні бірдей қызу жүріп жатты. Әр солдат үлкен жауапкершілікті, алдағы операцияның салмағын жақсы сезіне бастады.
Таңғы алтылар шамасы. Алдымен зеңбірек, содан соң «Катюша» қаһарлы үн қата бастады. Әсіресе, жер тамырын солқылдатқан елу шақты танкі мен екі қанатында алты-алтыдан қорғаушысы бар ауыр самолеттер әуеге көтерілді. Полк жауынгерлері де соғыс техникаларының соңын ала алға ұмтылды. Алайда, қаланы алу оңайға түспеді. Сол шайқаста қаншама боздақтар жау оғынан мерт болды. Ақыры, жау ерлік пен батылдыққа шыдап тұра алмай, қаланы тастап шықты. Осылайша Әлібек Түсібәлиев 2-ші Украин, 2-ші Беларусь майдандары жауынгерлерінің сапында автоматшыдан минометшілер бөлімінің командирі, одан барлаушылар тобын басқарып, Еуропаның көптеген қалалары мен елді мекендерді неміс-фашистерінен азат етуде небір қиян-кескі ұрыстарды бастан өткерді. Украин, Беларусь, Молдавия, Польша, Чехословакия, Австрия, Германия далаларында Әлекеңнің іздері қалды.
Бүгінде кешегі майдангердің өңіріндегі «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежедегі «Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», басқа да он беске жуық медальдары сол бір майдандық жорықтарындағы ерлігінен көп сырды аңғартқандай.
Соғысты жеңіспен аяқтаған Әлекең 1949 жылы кеңес армиясы қатарынан туған жерге оралды. Бейбіт еңбекте де алдыңғы лектен көрінді. Облыстық тұтынушылар одағында, одан Құрманғазы, Қызылқоға, Балықшы аудандарының тұтынушылар қоғамдарында басшылық қызметтерде болды. Қызметтің қай саласында да ол ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен танылды. Бұдан соң облыстық балық бірлестігінің автокөлік мекемесі, балық өнімдерін сату базасына да біраз жыл басшылық жасады. Осы жылдардағы еңбектері ескеріліп, облыс, республика, одақ деңгейінде түрлі марапаттарды еншіледі.
Қашан да өмір өз дегенін істейді ғой. Бұдан біраз жыл бұрын Әлекеңмен елу жыл бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен, отбасының ұйытқысы, сүйікті жар, балаларының аяулы анасы, есімі Атырау өңіріне кеңінен танымал педагог Халила апай (Қаражігітова) дүние салды. Жар қазасы қабырғасын қайыстырса да, тағдыр сынына мойымай қарсы тұра білді. Аяулы жары аманаттап кеткен ұл-қызының қабақтарына кірбің түсірмей, өсіріп, жоғары білім алғызып, Ғазизасын қиясына, Әділбегін ұясына қондырды. Бүгінде осы ұрпақтарынан өрбіген немере, жиендері жан-жағынан аталап, шаңырақ қуанышына кенелтуде.
Осы күні Атырау қаласының Құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері Түсібәлиев Әлібек ақсақал тоқсан жасқа иек артып отырса да, өзін үлкендікке бой алдырмаған жігіт ағасындай сергек сезінеді. Қашан да оны қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көресіз. Балықшы аймақтық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы ретінде мектептерден, түрлі алқалы жиналыстардан жиі кезіктіресіз. Бірде әскери борышын өтеуге аттанатын жастарды патриотшыл, отаншыл болуға шақырса, бірде ардагерлер мен жастар арасында тәрбиелік, имандылық жұмыстарын жүргізеді. Ал, жылда көктем туып, Жеңіс мерекесі таянғанда майдангер қарттың атына ТМД елдерінде тұратын бұрынғы қандыкөйлек қаруластарынан хат-хабар келіп жатады. Олардың арасында Барнауыл қаласында тұратын бұрынғы штаб командирі, генерал-лейтенант И.И.Шербиннің Жеңіс мерекесімен құттықтауы да бар. Сонымен бірге, генерал-лейтенант 2-ші Украин, 2-ші Беларусь майдандары туралы «Қош бол, Молдова» атты естелік кітабының бір данасын қоса жіберіпті. Бұл кітаптан Әлекең өзінің майдандық жорықтары туралы оқыса, әрі кешегі қаруластарымен жүздескендей күй кешеді.
«Елімізді азат етуге қатысқан қазақтың бір қара шалы бар екен, — деп маған Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко арнайы құттықтауын жіберіпті» деп Әлекең ақсақал арнайы хатты қолымызға ұсынды. Оқып отырмыз:
«Құрметті Түсібәлиев Әлібек Түсібәліұлы!
Сіз Ұлы Отан соғысы жылдарында Беларусь халқының азаттығы жолында неміс-фашистерімен күрестіңіз. Отан Сіздің ерлігіңіз бен ерен еңбегіңізді жоғары бағалады. Сіздің, Сіз сияқты бірнеше мыңдаған кеңес жауынгерлерінің жеңімпаз күресінің арқасында Беларусь жеңіске жетті. Беларусь халқы бейбітшілік пен бақыт әкелгеніңіз үшін, әрбір күнмен қуана қауышу мүмкіндігін сыйлағаныңыз үшін Сізге әрдайым ризашылық сезімде болады. Сондықтан, Сізді Беларусь халқының және өз атымнан алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Деніңіз сау, отбасыңыз аман болып, бақытты ғұмыр кешіңіз демекпін!
А.ЛУКАШЕНКО.
Беларусь Республикасының Президенті».
— Жүйткіген уақытқа кім қарсы тұрады? Қазір өзі майдангерлер қатары да сиреп қалды ғой, — деді Әлекең ақсақал терең күрсініп.
— Енді, міне, санаулы күндерден соң Ұлы Жеңістің 70 жылдығын да тойлағалы отырмыз. Бірақ, қан майдан естен кетер ме? Осындайда бір айта кететін жайт, біз жеңіске халықтар достығының беріктігімен жеттік. Сол әрқашан есімізде болуға тиіс. Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанына қуанамыз. Тек мәңгі бірлік болсын. Бірлік болса, тірлік болады, — дейді ардагер аға.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.