«Астана» әлемдік қаржы орталығының біріне айналады

E`konomika Жаңалықтар

Кеше Атырауда инвесторлардың екінші халықаралық апталығы (WIW-2018) басталды. Осыған орай, «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері инвестициялық сауаттылықты арттыру мақсатында жоғарғы және арнаулы оқу орындарының студенттерімен, орта және шағын кәсіпкерлік өкілдерімен кездесу өткізді.

????????????????????????????????????

«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржылық директоры Ренат Бектұровтың айтуынша, елімізде бір апта бойы 80-нен астам қаржылық реттеуші ұйым мен алты құрлықтың қаржы нарығына мүдделі қатысушылары түрлі іс-шара өткізбек. Қаржы қызметтерін тұтынушыларды қорғау мен инвестиция негіздерін түсіндіруді мақсат еткен шара Атыраудан өзге, еліміздің басқа да қалаларында ұйымдастырылады.

– «Астана» халықаралық қаржы орталығы тәуелсіз қаржылық соты мен ағылшын құқығы қағидаттарына және жеңілдетілген салық режиміне сәйкес құрылған. Президент пәрменіне сай, келешекте халықаралық және аймақтық бизнес хабқа айналады. Заманауи инфрақұрылым мен озық технологияларды пайдалануды көздейтін қаржы орталығы «Экспо-2017» аумағында орналасқан. Шетелден көптеген инвестициялық, брокерлік компаниялары мен қаржы-банк институттары «Астана» қаржы орталығында өз өкілдіктерін ашуға ниетті болып отыр, – деді қаржы орталығы биржасының қаржылық директоры Р.Бектұров.

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі студенттермен кездесуде жаңа құрылымның қызметі мен мақсаты жан-жақты түсіндірілді.

«Жастардың қаржы саласына ерекше қызығушылығы байқалады. Келешек жас буын өкілдерінің қолында десек, дарынды студенттердің ынта білдіруі қуантарлық жағдай», – деді халықаралық қаржы орталығы биржасының ішкі аудиторы Жансұлу Мұхамеджанова.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы қазірдің өзінде алыс-жақын елдермен байланыс орнатқан. Сондай-ақ, Шанхай, Сингапур, Нью-Йорк қалаларындағы қаржы орталықтармен ынтымақтаса қызмет етуді мақсат етуде. «Астана» биылғы наурызда ғаламдық индексте 88 орыннан көрініпті. Қазір 27 сатыға бірден көтеріліп, 61-інші тұғырға тұрақтап отыр.

«Алдыңғы отыз қаржы орталығының сапынан көріну, елімізге инвестиция тарту, аймақтағы іргелі орталыққа айналдыру мақсатындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асатын болады», – деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері.

 

Азамат БАЗАРБАЕВ

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Ainaw

    Радует, что спикеры поделились ключевой информацией со студентами страны. Хотелось бы чтобы и другие регионы страны помимо Атырау также активно принимали участие в процессе инвестирования столицы нашей Республики.