ОТ КЕШКЕН ӨМІР

Өнегелі өмір өрнектерімен, ерен еңбегімен, дос-жаран, ағайын-туысқа  деген адалдығымен  үлгі болған жайсаң жандар аз емес.

Сондай жандардың бірі – майдангер, жылыойлық, белгілі мұнайшы болған Қайрош Ізтілеуов еді. Ол 1914 жылы (құжаттарда 1910 ж.) Жылыой ауданының Қияқ ауылдық кеңесінде шаруа отбасында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына дейін аудан орталығы Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде әртүрлі қызметтер атқарған. Соғысқа 1942 жылдың қазан айында шақырылған. ІІ Украина, Волхов және Ленинград майдандарында атқыштар дивизиясында пулеметші болады.  Ресейдегі әскери мұрағаттардан алынған деректерде Брянск, Сумы, Волхов, сондай-ақ, Ленинград облысын жаудан азат етуге қатысқаны, сонымен қатар, осы  шайқастарда жаудың 73 солдаты мен офицерінің көзін құртқаны жазылыпты. Оның ішінде Брянск қаласы үшін болған шайқаста жаудың 32 солдатын жер жастандырғаны туралы мәліметтер де  бар.

Жауынгер Қайрош Ізтілеуов қан майданда жүріп бес рет ауыр жараланады. Елі, жері үшін ер етігімен су кешкен  алапат соғыста  көрсеткен ерлігі еленіп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынылады. Алайда, белгісіз себептермен бұл марапат кезінде тапсырылмай қалып, кейін 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығында Қайрош аға  аталмыш орденмен ұлығыланады.

Қайрош Ізтілеуов 1945 жылдың ақпан айында ІІ топ мүгедегі болып елге оралады. Денсаулығына байланысты еңбекке араласа алмай, 1948 жылы ғана мұнай-кен саласында бұрғышының көмекшісі болып қызметке орналасады. 1949 жылы Қаратон кен орны ашылғанда алғашқылардың бірі болып осында қоныс аударып, бұрғылау мекемесінде жұмысын жалғастыра береді. Осылайша, бұл қызметте 1970 жылға дейін үзбестен еңбек етіп, абыроймен зейнетке шығады. Бүгінде Қаратон мұнай кәсіпшілігіндегі алты учаскеде, Көшкінбай, Тәжіғали және Тереңөзек кен орындарындағы бұрғылау жұмыстарында Қайрош Ізтілеуовтің өзіндік қолтаңбасы сайрап жатыр.

Адал ниет, ақ пейіл, терең ықылас, сыпайылық пен инабат, мейірім мен қайырым, кішіпейілділік пен жомарттық қай дәуірде де ең құнды азаматтық қасиеттер болып қала береді емес пе?! Қайрош Ізтілеуовтің көзін көргендер де ол туралы «өте таза, адал, өтірік айтпайтын, ісіне мығым, өмірден өткенше намазы мен оразасын қаза қылмаған адам еді» деп еске алады. Айтуларынша, жұмыста жүргенде де киіміне шаң тигізбейтін көрінеді.

–  Әкем кіндіктен жалғыз бала болғасын біз оны «аға» дейтінбіз. Әлі есімде, 1951 жылдың жазы еді. Ағам жұмыстан оралмады, сөйтсек, қасындағы өзін ауыстыратын адам сырқаттанып қалып, сол кісінің орнына қалған екен. Содан таба нанның жартысына тоң май жағып, екі-үш шақпақ қант алып, 15 шақырым жердегі бесінші учаскеге жаяу бардым. Өзі жұмыс істейтін бұрғылау қондырғысын тауып, қасындағылардан ағамды сұрастырғанымда, оның намаз оқуға қондырғының жоғары жағына кеткенін айтты, – деп еске алады ұлы Төлеген.

Майдангер аға ұрпағына да саналы тәрбие берді. Мұнайлы Қаратоннан өсіп-өнген Ізтілеуовтер әулеті – аймаққа белгілі мұнайшылар. Үлкен ұлы Төлеген Қайрошұлы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы саласында ұзақ жыл қаржыгер-мұнайшы болды. Қазір зейнеткер. Одан кейінгі ұлдары Жоламан, Өтеген, Оңболды – бәрі де мұнайшылар. Ал, немере-шөберелері де бүгінде мұнай саласында еңбек етеді, бірқатары – шет елдердегі мұнай өндірістерінде. Майдангер өнегесі осылайша ұрпағына үлгі болып жалғасуда.

Қайрош Ізтілеуов 1989 жылы өмірден озды. Біреудің батырлығы, біреудің шешендігі дастан болып жазылып жатады. Ал, енді майдангер Қайрош ағаның Ұлы Отан соғысы  қырғынындағы ерлігі, көркем мінезі мен терең иманы ұрпақтарының санасында сақталмақ.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ, Жылыой ауданы,Қаратон кенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз