Жарнама
Қоғам

ӨШПЕЙТҰҒЫН АРТЫНА ІЗ ҚАЛДЫРҒАН…

Күйшінің шығармалары арнайы дискіге жинақталып, кітапқа енгізіліпті.
«Асық атса жаңылмайтын алшысы,
Атыраудың Нариман сазгер, әншісі.
Айтулы ұстаз, жақсы азамат,
Мен үшін «Жезкиіктің» ол тамаша жаршысы» деп бір кездері ақын Кәкімбек Салықов жырлаған күйшіге арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Мәдениет қайраткерін еске алу кешіне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев арнайы келді.
«Ғажайып келбеті әлі көз алдымда. Ол сыры мен сымбаты бөлек азамат еді. Дүниеге басқаша көзқараспен, басқаша ұғыммен қарайтын еді. Қандай қиналыста да жол таба білген тұлға еді» деп тебіренген жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев сүйегі асылдан болған азаматтың артында ұлы мен қызы қалғандығын, азаматтығы мен өнері қалғандығын атап өтті. «Ол сөз жинады, ән жинады, күй жинады» деп сөзін сабақтаған драматург «Нариман Үлкенбаевтың атында көше болса жарасар еді» деген ұсынысын айтты. Өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев «осыған дейін өзгені тыңдап, сыйлап келген ол, нар тұлғалы, иман жүзді азаматқа айналды» деп, марқұмның жеке басының тамаша қасиеттеріне тоқталды.
Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Нәкең – өлмейтін адам. Ол қимас қалпында дүниеден өтті» деген бағасын берді. «Нәкеңді соңғы рет Қостанайда көрген едім. Биыл үш бірдей кісімнен айырылып, Нәкеңді ел қатарлы жоқтауға да қатыса алмадым. Нариманның кісілігін айтып, тауысу мүмкін емес. Ол бір ағып жатқан дария сияқты. Өнегелі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Жалғыз Айгүлінің өзі неге тұрады? Осыдан соң Нәкеңді өлді деуге қалай қиямыз?» деп тебіренген жазушы артында қалған ұрпағының амандығын тіледі.
«Еліміздің әр аймағында ерекше қасиетімен белгілі болған адамдар бар. Нариман Үлкенбаев сондай дара тұлғалы азаматымыз еді. Үш ұлын, елімізді күллі әлемге танытқан Айгүлдей қарындасымызды тәрбиелеп өсірді. Нариман ағамызды ел сыйлайды, оны өлімге қимайды» деген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов марқұмның артында қалған мол мұрасының ұрпақ үшін өшпес қазына екендігін айтты.
Еліміздің әр түкпірінен келген марқұмның рухани достары, үзеңгілес жүрген сырластары осылайша жылы лебіздер мен қимас естеліктер легін жалғастырды. Жиналған қауым нар тұлғалы Нариман Үлкенбаевтың рухына арналған фильмді тамашалап, марқұмның өткенін еске алды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button