Аналардың көзіндегі от олардың өмірге құлшынысын аңғартады

whatsapp image 2021 07 13 at 12.07.05 Қоғам

Әлеуметтік осал топтағы 100 қыз-келіншекке жаңа мамандықтың сертификаты табысталды. Айта кету керек, ерекше бала өсіріп отырған, жалғызбасты, көп балалы, мүгедектігі бар аналардың тегін білім алуына «Consolidated Contractors Company» компаниясы мұрындық болған.

«Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Bilim for all» жобасы аясында шаштараз, аспаз-кулинар, бет әрлеуші, тігінші, SMMмаманы кәсібін игеруге мүмкіндік туды. Жоба жетекшісі Әйгерім Досқалиеваның айтуынша, мұндағы мақсат – аналарды кәсіпкерлікке баулу, жаңа мамандықтарды үйрету, қосымша табыс көздерімен таныстыру.

– Қатысушылардың жобаға ерекше қызығушылығы байқалды. Мысалы 100 орынға есептелген жобаға 800-ден аса өтінім түсті. Жоба ауқымында игерген жаңа мамандықты қатысушылар өмірлік азығы етеді деп сенеміз. Шара кезінде жергілікті кәсіпкерлер тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты.

Шарадан кейін қыз-келіншектердің көзінен отты байқап, олардың өмірге деген құлшынысы мен сенімі артқанын көрген біздің де жұмысымыздың текке кетпегеніне риза болдық, – дейді Әйгерім Жәрдемқызы.

Ат ы р ау о бл ы с ы к ә с і п ке рл е р палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Мұхатаева да аталған жобаның маңыздылығына тоқталды.

– Іскер әйелдер кеңесі осы жобаны қолдап, аналарға арналған кездесулер ұйымдастырды. Біздің бірлескен жұмысымыз әйелдерге өз әлеуетін ашуға және хоббиін табысты бизнеске айналдыруға көмектеседі деп үміттенеміз, – деген Гүлжан Қадыржанқызы сертификат иегерлеріне жан-жақты қолдау жасалатынын айтты.

Жоба аясында бет әрлеуші курсын тәмамдаған көп балалы ананың бірі – Айгүл Әбілхайырова үйіне таяу орналасқан салондағы қызметіне кірісетініне қуанышты.

– Өзім қалағандай бет әрлеуші мамандығын меңгердім. Осыған дейін көрші, таныс қыз-келіншектерді тегін бояндырып, қолымды үйретіп алғанмын. Енді алдымда балаларымның болашағы үшін осыны табыс көзіне айналдыру мақсаты тұр. Жобаны ұйымдастырушыларға, демеуші компанияға аналық ризашылығымды жеткізгім келеді. Сабақ жоғары деңгейде өтіп, барлық жағдай жасалды, – деді пікірімен бөліскен жобаға қатысушы.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз