ҚОЛЫ – РӨЛДЕ, ҚҰЛАҒЫ – ТЕЛЕФОНДА…

Бәріңіз білесіздер, қазір қаламыздың көшелерінде су жаңа автобустар пайда болды. Оларға жолаушылар қызыға отырады. Десек те, сондағы жүргізушілер мен кондукторлар құдды бір жарыс алаңына шыққандай жарысады. Ал, жүргізушілердің қолдарынан ұялы телефон түспейді. Тіпті бүгінде қаладағы қай автобус, маршруткаға отырсаңыз да, құлағына телефон «жабысқан» жүргізуші. Алаң-ғұлаң еткен олар «жолда сақ болайыншы», «біреуді қағып кетпейінші», «салондағы жолаушыларды аман алып жүрейінші» деп ойламайды да. Бар мақсаты - артта келе жатқан «әріптесінен» оза шабу, сөйтіп, бір елу теңгені артық табу. 

Қазанның 1-і күні жұмыс бабымен «Авангард» шағын ауданынан Балықшы кентіне қатынайтын №12-ші (140АD) су жаңа автобусына отырдым. Сағат кешкі 17.20-17.30 шамасы. Жүргізуші жігіт, сіздерге – өтірік, маған – шын, ұялы телефонынан бір ажырамай, «Мен мына жерде келемін, анау қай жерде?» деумен болды. Қарап отырсақ, қазіргі күні көптеген жүргізуші осындай. Құдай сақтасын, егер алда-жалда жолда бір қате бола қалса, кім жауап береді? Жолға шыққан жүргізушілердің ұялы телефон ұстауына, жолда келе жатқанда оны пайдалануына заң бойынша тыйым салынса да, оны елейтін емес олар. Мұндайларды жол полицейлері тәртіпке шақырғандары жөн.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз