Үнемшілдік – ырыс, ысырапшылдық – шығыс немесе торт лақтырып, ұн шашу қайдан келген «дәстүр»?..

fontan 02 СарапTime

Иә, біз аштықты көрген жоқпыз. Бейбіт өмірде ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, ешкімге алақан жайып, жалтақтамадық. Бірақ, ата-әжелерімізден сұрапыл ашаршылық, нәубет жылдар туралы жиі естігеннен болар, бір үзім нанның қадірін біліп өстік. Үлкендерден асты ысырап етпеуді, оны құрметтеуді үйрендік. Сол себепті бізге кейінгі кездердегі жұмыртқа лақтыру, ұн шашу, торт жапсыру сынды жастар арасындағы келеңсіз әрекеттер тым жат көрінеді.

Man With Face in Birthday Cake --- Image by © Stan Fellerman/Corbis

Бір үзім нанның қадірі

Кейде «Ас атасы нанның да қадірін ұғынатын ұрпақ азайып бара ма?» деген қорқынышты ой туындайды. Себебі, бүгінгі қазақ қалаған тамағына тапсырыс беріп, тәбеті тартқанды ғана жейді. Ұлан-асыр той жасап, аста-төктікке жол береді. Бұл халықтың тұрмысының түзелгені де болар, десек те, тамақты ысырап ететіндер бір үзім нанға зар боп жүрген жандардың барын ойласа дейміз. Ал, бүгінгі айтпағымыз соңғы кезде белең алып бара жатқан туған күнмен құттықтау «дәстүрі». Әлеуметтік желілердегі бейнекөріністерге көз салсақ, туған күн иесін достары құттықтап жатқан кезде біреуі торт әкеліп, ондағы шамды үрлеу кезінде тортты туған күн иесінің бетіне жапсырады. Не болмаса, мерекесін тойлап жатқан адамды бағанаға байлап қойып, басына жұмыртқа лақтыру, ұн шашу секілді өздерінің ойларына келген «жоралғыларын» орындайды. Әсіресе, бағанаға байлап қою әдісі кең белең алғаны жасырын емес. Мұндай келеңсіздіктерге атыраулықтар да себепкер болып жүр. Жастардың бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Тамақты ысырап етіп шашатын, туған күн иесін жұмыртқамен «жуындыратын» «дәстүр» бізге қайдан келді? Жалпы, мұны қоғам қалай қабылдап жүр?

Соңғы кездері осындай көріністер жастардың арасында жиілеп келеді. Сондықтан, «мұндай іс-қимылдар әкімшілік кодекспен жазаланатынын ескертеміз» деген облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева мұндай «ерекше құттықтау» құқық бұзушылық екенін айтты.

Ал, көпті көрген қарияларымыз «бұл – нағыз ақымақтық» дейді. «Біздің болмысымызда ысырап етпеу, асты қадірлеу деген секілді ұғымдар берік орныққан. Өкінішке орай, кейінгі жастар асты құрметтеуден қалып бара жатқан сыңайлы. Себебі, олар ештеңеден таршылық көріп жатқан жоқ. Ал, біз бидай егіп, оны қуырып, қайнатып жесек, бала күніміздегі бар тәттіміз құмсағыз болды. Шағыл аралап, оның пісуін күтіп, мұқияттылықпен жерден тамырымен алып, жақсылап тазалап тұтынатынбыз. Қара жерде өскен тамақтың қасиеті болады. Сол себепті ауырмай өстік. Бүгінде дүкен сөрелерінде саны көп те, сапасы жоқ тағамдар самсап тұр. Бізде бір ғана құмсағыз болса, қазір сағыздың сан-алуаны бар. Ол кезде бір  таба нан ғана болса, қазір нанның да неше түрін дайындап пісіреді. Әрине, молшылық болған жақсы, бірақ, оның да қадірін түсіне білу керек. Жалпы, асты далаға төгу, ұнды шашу нағыз ақылсыздың ісі» дейді білім саласының ардагері Злила Шопанова.

«Біреу тойып секірсе…»

Иә, «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» деген осы болар. Туған күнде тамақ шашып жүрген жастар жыл сайын әлемде 795 миллион адамның аштықтан зардап шегетінін біле ме екен?! Бұл деректі Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымы растаған болатын. Демек, аталған көрсеткіш, планетаның әрбір тоғызыншы тұрғыны тоя тамақ ішпейтінін білдіреді. Ащы да болса ақиқаты осы. Дегенмен, сарапшылар өткен ғасырдың 1990-1992 жылдарына қарағанда, әлемде аштан өлетін адамдардың саны біртіндеп азайып келе жатқанын айтады. Біріккен ұлттар ұйымының азық-түлік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін комитетінің есебіне назар аударсақ, дамушы елдерде жағдайдың да оңып тұрғаны шамалы. Мәселен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі климаттық жағдайдың қаталдығы әсіресе, азық-түлік тапшылығына алып келуде. Сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, әсіресе, Комбоджа тұрғындарының 40 пайызы тамақтың сапасыздығы салдарынан зардап шегіп отыр. Олардың басым көпшілігі – бес жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ, мамандар жыл сайын аштықтан 3,8 миллион баланың өліп жатқанын мәлім етеді.

Планетадағы әрбір бесінші тұрғын өндірістің жоқтығы, дағдарысты жағдай мен үкіметтің әлсіз реформасының салдарынан кедейлікте өмір сүреді. Бұл тұста өткен ғасырдың 30-жылдары халқымыздың басынан өткен нәубет заман да еріксіз еске түседі. Статистикалық деректер бойынша сол кезде ұлтымыз 2,5 млн. адамнан айырылса, оның ішінде 1-ден 14-15 жасқа дейінгі балалар өлімі аса көп болған. Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хатында күнбе-күнгі көптеген адам өлімдерімен қатар, 1933 жылдың 5-6 қаңтарында ғана Әулиеатаның шайханаларынан серейіп қатқан 20 баланың өлігі теріп алынғандығы келтіріледі. Халқының басынан өткен осындай тарихты білетін ұрпақ, бүгінгідей ұн шашып, оны бейнежазбаға түсіріп, халыққа жариялап, асып-тасыр ма еді? Әттең…

fontan_02

Ізгіліктің ең  үлкені…

Адамзатты қайырымдылыққа, адамгершілікке үндейтін асыл дініміз де ысырапшылдық пен берекесіздікті қолдамаған. Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 31-аятында «…Ішіңдер, жеңдер бірақ, ысырапқа жол бермеңдер! Расында, Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» делінген. «Ысырапшылдыққа дініміз исламда тыйым салынған. Яғни, жақсы көрілмеген іс. Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағаланың қай істе болсын ысырапшылдықты жақсы көрмейтіні жайында айтылады. Бұл той немесе садақаға да, туған күнге де қатысты. Тіпті қолыңды жуып тұрып, суды бейберекет ағызып қоюдың өзі ысырапшылдық болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аптаның ішінде бірінші және төртінші күні ораза ұстайтын болған. Сонда, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «дүйсенбі күні сіз неге ораза ұстайсыз?» деп сұрағанда: «Мен ол күні туылдым» деп айтқан екен. Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі туған күнін құлшылықпен өткізген. Әрине, ол енді әр адамның сана-сезіміне, таным-түсінігіне байланысты. Ертеректе туған күнде «Алланың разылығы үшін, осы күнге жеткізгенің үшін» деп шүкіршілік ниетпен садақа беріп, дастархан жайған. Ал, кейін адамдар Аллаға мадақ айтудан қалып, тек туған күн ретінде атап өтіп жүр. Дінімізде туған күн «мәуліт» деп аталады деді «Иманғали орталық мешітінің» найб-имамы Мұрат Мұстафаев.

P.S.

Ертеде «қажетсіз нәрсе» деген ұғымды білмейтін ғалым болыпты. Ол қарындашының ұшын шығарған қалдығын да тастамай жинайтын болған. Оның сол мұқияттылығы мен үнемділігі кейін өзі жоқта да кәдеге жараған екен. Аталған қарындаштардың қалдығын ғалым өмірден өткенде артында қалғандар оның жаназасында отын ретінде пайдаланған деседі.  Иә, қажетсіз дүние жоқ. Тамақты ысырап етпеу – ізгіліктің ең үлкені екенін естен шығармағанымыз дұрыс.

 

*Энергия мен жылу көздерін қолданудағы ысырапшылдық та шаш етектен. Бұған күнделікті өмірде қолданып жүрген қағаз ысырабын қосыңыз. Бір тонна қағаз үшін 17 ағаш кесіледі. Бұл 70 ш/метр орман алаңы деген сөз. Ал, бір ағаштың өсуі үшін 2030 жыл қажет.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз