ҚОЛДАУ БАР, ҚАЙТАРЫМ ҚАЙДА?
ҚАҒАЗДА БӘРІ САЙРАП ТҰР
Облыста спорт саласын дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында және облыстық құрама командаларды жасақтау арқылы халықаралық, республикалық жарыстарға қатысуды қамтамасыз ету үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы толықтай игерілген. «Мүгедектер» спорт клубы, «Атырау» волейбол және «Атырау барыстары» баскетбол, «Бейбарыс» хоккей, «Атырау» футбол және суға жүзу командалары түрлі жарыстарда облыс намысын қорғап жүр.
— Басқармаға қарасты мемлекеттік мекемелерде спорттың 18 түрі бойынша 8 501 жасөспірім ақысыз шұғылданады, — деді басқарма бастығының орынбасары Гүлжанат Қаленова. – Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34 балаға артып отыр.
Гүлжанат Бағытбергенқызының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда облыста 24 спорт федерациясы тіркеуден өтіп, заңды қызмет етіп келеді. Үлкен теннис, спорттық би, көркем гимнастика сынды спорт федерацияларына қажетті жабдықтарды сатып алуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралмағандықтан, олар өз қызметтерін ақылы жүргізіп отыр.
— Өткен жылғы есеп бойынша, облыс халқының саны 533 мың адамды құрады. Соның ішінде дене тәрбиесі және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 150 мыңнан асып отыр. Бұған соңғы жылдары облыста үлкен қарқынмен ашылып жатқан спорт кешендері көп үлесін қосуда, — деп Г.Қаленова жаңадан ашылған спорт кешендерінің әрбіріне жекелей тоқталды.
ІЗДЕНСЕ, РЕЗЕРВ МОЛ
Спорттық резервтер дайындау жұмыстары туралы баяндаған басқарманың ұйымдастыру-бұқаралық спорт бөлімінің бастығы Саян Ізтелеуов облыста он балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар екендігін, оның тек біреуі ғана олимпиадалық резервті дайындайтынын айтты. Оларда спорттың 18 түрі бойынша жетпіс бөлімше жұмыс жасайды.
Және бір айта кетер жаңалық, таэквондодан Гүлнафис Айтмұхамбетова мен Арман Шылманов, дзюдодан Ринат Ибрагимов пен Наурызбек Майлашев Қазақстанның штаттық құрама командасына енді. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша – 80, олимпиадалық емес спорт түрлерінен– 66, параолимпиадалық спорт түрлерінен сегіз спортшы Ұлттық штаттық командалардың резервіне енді, — деді С.Ізтелеуов.
ҰРПАҚТЫҢ САУЛЫҒЫ – ҚОҒАМНЫҢ БАЙЛЫҒЫ
— Өткен жылғы облыс бойынша спорттық іс-шаралардың ұйымдастырылу рейтингіне сәйкес Жылыой ауданы көш бастап тұр, — деді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Қазбек Иманғали. – Дегенмен, бұл көрсеткішке менің көңілім толмайды. Аудан халқына сай бұл аймақта кем дегенде төрт спорт кешені қызмет көрсетуі керек. Өткен жылы мұнда екі спорт мектебі біріктірілді. Есептегенімізде, ұтқандары — бар болғаны миллион жарым теңге. Ал, бұл мәселенің артында балалардың денсаулығы тұрғаны белгілі. Сондықтан, өскелең ұрпақтың саулығынан ақша үнемдеуге болмайды. Спорт кешендерін біріктірмей, көбірек ашуымыз керек. Жылыойдың көрсеткіші өнеркәсіп кәсіпорындарының жиі өткізетін спорттық шаралардың үлесінен басым болып отырғаны белгілі.
Сондай-ақ, басқарма бастығы соңғы жылдары облыста спорт саласындағы жұмыстар бәсеңсіп кеткенін де жасырмады. Жоғары шыңдау мектептері жетіспейді және ұлттық спорт түрлерінің дамуы да төмен жағдайда. Бұған қоса, Атырауда үлкен теннис, көркем гимнастика, жеңіл атлетика спорт түрлері де кенже қалып келеді.
— Ел чемпионатында баскетбол мен волейбол командалары жақсы көрсеткіш көрсетіп, бірінші орынға таласып жатыр. Ал, шайбалы хоккейден ерлер арасында Қазақстан чемпионатында ойнап жүрген «Бейбарыс» хоккей командасы екі жыл қатарынан бас жүлдені ешкімге бермей келген еді. Биылғы маусымдағы ойындардың турнирлік кестесінде «Бейбарыс» 6-ыншы орында келеді. Чемпиондық дәрежені үнемі ұстап тұру қиын. Команданың қазіргі деңгейі жаман емес. Алда чемпионаттың плэй-офф ойындары күтілуде. Соған орай, команда әлі өз мүмкіндігін көрсетеріне сенім мол.
Ал, «Атырау» футбол клубының жағдайы – күрделі мәселе. Өткен жылы клубтың 600 миллион теңгеден астам қарызы бар екендігі анықталды. Егер қарыз толығымен өтелмеген жағдайда «Атырау» командасы наурыз айында басталатын Премьер-лиганың жаңа маусымдағы ойындарынан шеттетілетін қауіп бар. Осыған орай, ҚР Футбол федерациясымен байланысып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыстық прокуратура клубтың бережақ мөлшерін есептеп, келісім-шарттарға байланысты қысқартылуда. Бүгінгі күнгі бережақ көлемі 186 миллион теңгені құрайды. Қазір шетелдерде жаттығу ойындарында жүрген команданы биылғы Премьер-лига ойындарына қалай да қатыстыруға жұмыстанатын боламыз. Сонымен қатар, футбол спортын дамыту мақсатында облыс әкімінің келісімімен Атырауда спорт академиясын салуды жоспарлап отырмыз, — деп Қазбек Қажыұлы құрама командалардың жағдайына да тоқталды.
БІЗ НЕГЕ КЕНЖЕ ҚАЛДЫҚ?
Өткен жылғы спорт саласында жетістікке жеткендердің қатарында дзюдо күресінен Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысқан Ринат Ибрагимов, таэквондодан Лондон Олимпиадасына қатысқан Гүлнафис Айтмұхамбетова, панкратионнан әлем чемпионы атанған Жұмагелді Жетпісбаев, кикбоксингтен Әлем кубогының иегері Абзал Дүсіпов, дзюдо күресінен Әлем кубогының жеңімпазы Наурызбек Майлашев, дзюдодан ересектер арасындағы ҚР чемпионы Асхат Тельманов және олардың жаттықтырушылары Асқар Тоқтабаев, Сағындық Мекеев, Ерлан Сахипов мен Талап Мұқановтар бар. Оларды облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан марапаттады.
– Бұл марапаттың артында үлкен еңбек тұрғаны белгілі, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы. — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спорт саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Халықтың отыз пайызын спортпен шұғылдануға тарту мақсатында Елбасының берген тапсырмасы сіздерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Алматы және Астана қалаларында Азияда ойындарын өткізу шарасы аталған аймақтарды қысқы спорт түрлерінің инфрақұрылымымен толықтай қамтамасыз етуге үлкен септігін тигізді. Өткен жылы Лондон Олимпиадасында отандастарымыздың қоржынға жеті алтын, бір қола және бес күміс медаль түсіріп, әлемнің екі жүзден астам елінің ішінде жалпыкомандалық есепте 12-ші орынға тұрақтауын үлкен жеңіс деп бағалаймын. Алда да маңызды сындар күтіп тұр. 2017 жылы Алматыда Универсиада өтпекші. Бұған да дайындық жұмыстары қарқынды жүруде.
Кейін облыстың жағдайына тоқталған Шыңғыс Жұмабекұлы өңірде спорт саласында бірқатар жұмыстар жасалғандығын атап өтті. Бізде бар жүзу бассейні, мұз айдыны өзге облыстардың бәрінде бірдей жоқ. Облыс әкімінің тапсырмасымен теннис корты, ипподром және футбол академиясының құрылысы басталғалы отыр.
— Алайда, мұндай қамқорлыққа облыстың спортшылары мен жаттықтырушылары көңілге қонымды жауап бермей келеді. Тек ішінара ғана нәтиже көрсетіп жатқандар бар. Бұл, әрине, облыстағы жалпы спорттың көрсеткішін көрсетпейді. Соның салдарынан, біз республика бойынша 15-інші орында, көштің соңында келеміз. Атыраудағы спорт саласының жағдайы өңірдегі қаржылық мүмкіндікке сәйкес келмейді. Бір-екі ғана өндірістік компаниясы бар Ақмола облысы біздің алдымызды орап тұр. Бұл өзекті мәселе спорт жаттықтырушыларына үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұнайлы өңірдің жағдайын пайдаланып, нәтиже көрсете алатын спортшыларды шығаруымыз керек. Әрине, олардың қатарында жергілікті спортшылар болса құба-құп. Алайда, атыраулық жастарды тәрбиелей алмайтын болсаңыздар, өзге өңірлерден, шетелден спортшылар шақыру керек. Мүмкін, олардың жігері, шеберлігі жерлестерімізді жігерлендіріп, спортқа құлшына кірісуге септігін тигізер.
Аймақтағы спорт саласының дамуын сынға алған Шыңғыс Мұқан сөзінің соңында облыстық спорт басқармасының, спорт жаттықтырушыларының алдына нақты міндеттер қойды. Ең бастысы, 2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін ХХХІ Жазғы Олимпиадаға Атырау облысынан кем дегенде бес спортшы қатысу керектігін нақты тапсырды. Жолдама алуға мүмкіндігі бар спортшыларды қазірден бастап анықтап, жан-жақты дайындап, жағдайларын жасау керектігін ескертті. Сонымен қатар, 2017 жылғы Алматыда өтетін Универсиадаға да спортшыларды дайындау мәселесі көтерілді. Облыста әртүрлі деңгейдегі спорттық жарыстар аз өтетіндігін сынға алған облыс әкімінің орынбасары өзге аймақтардан үлгі алып, маңызды спорттық додаларды көбірек ұйымдастыру қажеттігін, спорттық мектептермен, федерациялармен жұмысты жандандыру керектігін міндеттеді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.