ОЛАРДЫҢ ҚОЛЫНАН БӘРІ КЕЛЕДІ
Конкурсты Атырау облысы кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының бастығы Лариса Жұмағалиева салтанатты жағдайда ашты. Ол өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да осындай сайысқа қатысуға құқылары бар екенін, олардың әр ұмтылысын қолдап отыру қажеттігін еске салды. Конкурсқа қатысушы жеті үміткердің де есімдері белгілі болды. Олар – атыраулық «Өмір гүлі» ансамблінің ұйымдастырушысы, екінші топ мүгедегі Тыныш Жакупова, тігіншілер, үшінші топ мүгедектері Жанат Оразғалиева, Гүлназ Сейтқалиева, Болдық Қабдешева, мақаттық тігінші, үшінші топ мүгедегі Зәмзәгүл Аманбаева, құлсарылық етікші, үшінші топ мүгедегі Қалихан Сүлейменов және индерлік жеке кәсіпкер, бірінші топ мүгедегі Қуат Жанесенов.
Бұл адамдардың бірінің құлағы естімесе, екіншісі сөйлей алмайды. Үшіншілері – зағип. Ал өзі туралы ойын анық жеткізе алатындарының өздері мүгедектер арбасына таңылған. Қарап отырсақ, жастары да әр алуан. Бірі жиырмадан сәл асқан өрімдей жас болса, бірі немере сүйген ата мен әже.
Конкурсқа олар өздері айналысып жүрген кәсіптеріне қарай өз қолдарынан шыққан тігін, тоқыма бұйымдарын, етікшілік кәсібінде пайдаланатын саймандары мен аяқ киімдерді, басқа да заттарын әкелді. Ал индерлік Қуат Жанесенов өзі ашқан жеке кәсібі – көшірме жұмысын слайдтан көрсетсе, «Өмір гүлі» ансамблінің ұйымдастырушысы Тыныш Жакупова ансамблімен ән салып берді.
Осылайша жеті үміткер конкурстың шартына сәйкес «өздерін таныстыру», «менің кәсібім…», «үй тапсырмасы» деген үш кезеңнен де сүрінбей өтті. Олардың барлығы да әділқазылар алқасы тағайындаған түрліше марапатқа ие болды. Сондай-ақ конкурсты ұйымдастырушылар сахнада өз өнерлерін көрсеткен мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар Ақерке Боран мен Смадияр Мырзағалиевты да атаусыз қалдырмады. Ал бас жүлдеге «Қазақ соқырлар қоғамы» ЖШС тігіншісі, төрт ұлдың аяулы анасы, екі бүлдіршіннің әжесі Болдық Қабдешева ие болды.
Конкурсқа қатысушыларды жеке кәсіпкер, «Таза бұлақ» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Сәуле Отарбаева да құттықтап, сый-сияпат ұсынды.
Лиза СЕЙТІМОВА.