ОЛ АУЫЛЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ ЕДІ

Әжіғали Жақсыбаевпен әлденеше рет жұмыс бабында кездесіп, әңгімелескенім бар-ды. Сол кездердегі  оның екінші дүниежүзілік соғыста Отаны үшін қан төккенін, одан жеңіспен елге оралғаны, халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында тер төккен кездері жайында айтқан әңгімелері жадымда қалыпты.

…1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол сұранып, майданға аттанады. Алғашқы дайындықтан өтіп, аға сержант шенімен 2-ші Украина майданына келіп түседі. № 2 гвардиялық атқыштар полкінде жаумен соғысты. Зеңбірекпен де, пулеметпен де атты.Жауды 132 миллиметрлік гаубицамен де ұрды. Әжіғали Жақсыбайұлының майдандық жолдары осындай қиян-кескі шайқастармен өтті. Бес жыл бойы оқ пен оттың ортасында қан кешті, елім, Отаным деп жау оғына кеудесін тосты. Жараланды да, бірақ, саптан кетпеді.

 Украинаның Киев, Харьков, Житомир қалаларын жаудан тазартса,  Венгрия,Чехословакия елдерін басқыншылардан азат етуге қатысты.

Әжекеңнің от кешу жолдарынан айтқан мына бір әңгімесі ойға оралады.

«…Етікпен су кешкен мезгіл.  Аспанның асты, жердің үсті, өзеннің беті көкала түтін. Бораған бомба. Польшаның Одер өзенінен өту қиынға түсті. Оқ жаңбырша себелеп тұр. Ағаштарды кесіп, сал жасадық. Артиллерияның үстіне орнаттық. Жүзіп келеміз. Өмір мен өлім беттескен шақ. Қасымыздағы салға неміс снаряды дәл түсіп, адамның да, техниканың да күлін көкке ұшырды. Ақ көбік өзен суы көкке шапшиды. Осы көрініс мәңгі есімде. Әлі күнге дейін ұмытылған жоқ…»

Майдангер аға Жеңіс мерекесін осы Польша жерінде қарсы алады.

 Елге жеңіспен оралған Әжіғали бейбіт өмірде Гурьев қалалық партия комитетінің ұйымдастыру-нұсқау бөлімінде нұсқаушы, одан қала маңындағы «Үлкен көл» колхозында партия ұйымының хатшысы, екі жыл Еркінқала колхозы басқарма төрағасының орынбасары қызметтерінде болады.1950  жылы Гурьев қалалық партия комитетінің нұсқауымен сол кезде артта қалған шаруашылықтың бірі Ракуша колхозының төрағасы болып сайланады.Осы шаруашылыққа отыз екі жыл басшылық жасаған Әжіғали Жақсыбайұлы аталмыш колхозды алдыңғы қатарға шығарды. Жыл сайын балық аулаудың мемлекеттік жоспарын екі есеге, егістен мол өнім алуда аудан, облыста мақтаулы шаруашылықтың бірінен саналды.

Осы жылдары колхоз әлденеше рет социалистік жарыс жеңімпазы атанып, «ГлавКаспРыба» басқармасының ауыспалы Қызыл Туы мен ақшалай сыйлығына ие болды.

Шаруашылық саласында ұйымдастырушылық қырынан таныла білген Әжекең бұдан соң сегіз жыл Плотовин селолық кеңестің төрағасы, бірнеше рет қалалық, аудандық кеңестерінің депутаты ретінде ауылдың әлеуметтік-мәдени дамуына өлшеусіз үлесін қосты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ол І-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін»,  «Сталинградты қорғағаны үшін», «Польшаны азат еткені үшін» «Берлинді алғаны үшін» медальдары мен бейбіт өмірде «Еңбек Қызыл Ту» ордені, басқа да құрмет, марапаттарға ие болды.

Әжіғали аға бүгінде ортамызда жоқ. Оның рухы – оны білетіндер мен етжақындардың берік есінде. Жерлестері ауылдағы орталық көшенің бірін Ә.Жақсыбаев атындағы көше деп атайды. Осы көшеде Әжекеңнің ұрпақтары тұрады.

 

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз