Күнсұлу Закария, Ұлттық ғылым академиясының президенті: «Отандық ғылымға – жаңа серпін»

6f9a6eae 6b36 4cc6 88bc 044f525e957f Қоғам

Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн.

Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің алдына қойған басты міндеттерінің бірі.

«Ғылым таппай мақтанба…»

Расында да, Абай атамыз айтқандай, ғылым мен білімге ден қоймай, қай салада да алға жылжу әсте мүмкін емес. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Күнсұлу Закариямен сұхбаттың негізгі өзегі де осы  бағытта өрбіді.

Салаға – 150 млрд. теңге

– Күнсұлу Дальтонқызы, Ғылым академиясы отандық ғылымды дамыту ісінде негізгі роль атқаруы тиіс. Мемлекет басшысы алға қойған бұл міндетті іске асыруда қазір қандай жаңа тәсілдер жүргізіліп жатыр?

– Ғылымның даму концепциясын құру мақсатында 30 жылда бірінші рет барлық салалық академиялардың және ғылыми қауымдастықтардың басын қосып «дөңгелек үстел» өткіздік. Жиында ғылымдағы өзекті мәселелер талқыланып оның шешілу жолдары ұсынылды.

Отыз жылдағы біздің үлкен жетістігіміз – білімді ұрпақ өсірдік. Жастар жаңа заманның технологиясын жан-жақты танып, шетелдік тағылымдамадан өтіп, білімді әрі білікті болып өсті. Біздің келесі қадамымыз – елдегі білікті жас ғалымдардың қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Білімді ұрпақтың ой-пікірін ортақ мүддеге топтастырдық, бұл – отандық ғылымды бірге дамытуға жасалған игі қадам.

Академияның қарамағындағы төрт бағыт бойынша құрылған бөлімшелердің отандық белді ғалымдардан жұмыс тобын құрдық. Мұнда ғылымға, заңнамаға, ғылыми қонкурстарға өзгеріс енгізу туралы мәселелер талқыланып, шешімін табу жұмыстары жүргізілуде.

Академияның міндетті жұмысы – Ғылым туралы Ұлттық баяндаманы дайындау. Бұл өз алдына зор жауапкершілікті қажет етеді. Оны жүзеге асыруда да елдегі белді ғалымдардан тұратын сарапшылар тобы жұмыс істеп жатыр.

«Елде алдағы бес-он жылда не күтіп тұр? Су, электр тапшылығы болу қаупі бар ма? Қай саланы дамытса, елдің экономикасы жақсарады?» деген сұрақтарға форсайттық зерттеулер керек. Бұл мақсатта Академия үлкен жауапкершілігі мол істі бастады.

Аз уақыттың ішінде жүзеге асқан басқа да ауыз толтырып айтарлық істер бар. Басты мақсат – Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін сапалы орындап, елдің игілігіне аянбай еңбек ету.

– Қазір Қазақстанда ғылымның әлеуеті қандай? Бұрынғы жылдармен салыстырғандағы айырмашылық туралы пікіріңіз…

– Ғылымды дамыту мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық ғылым академиясына жаңа статус берді, енді құрылым «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп аталады.

Сонымен қатар, қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Биыл ғылымға 150 миллиард теңге бөлінбекші. Ғылымды насихаттау, кадр дайындау, мұның барлығы өткен жылдармен салыстырғанда ғылымға әлдеқайда қолдау көрсетіліп жатқанын көрсетеді.

– Елде ғылымды дамытудың қандай ұзақ мерзімді тұжырымдамалары қабылданған?

– Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы күшін жойып, қазір жаңасы жұмыс жасауда. Бұл – Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сай ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделін енгізу бағытындағы жұмыстар. Атап айтқанда, Академия ғылыми ойдың орталығы ретінде ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын әзірлеу, сараптамалық қызметті жүзеге асыру, форсайт-зерттеулер жүргізу, басқа да іс-шараларды жүзеге асыратын белді құрылым ретінде жұмыстарға кірісті.

Мемлекет басшысы «…ғылым тұтастай алғанда ел экономикасына жұмыс істеуі тиіс» деген болатын. Қазір Академия ғалымдар мен бизнес өкілдерін өзара байланыстыру аясында инновацияларды енгізу және экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер ашу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда. Құрылған күннен бастап, Академия елдің әр өңірінен келген 200-ден астам ғылыми жобамен танысып, саралап үлгерді. Оның 10-нан астамы Алматы қаласының проблемаларын шешуге арналғандықтан, жобалық ұсыныстар қала әкімінің тарапынан қолдау тапты.

Биыл қыркүйек айына жоспарланған «Business and Science Event» шарасы ғалымдар, өнертапқыштар мен бизнес өкілдерінің басын біріктіріп, аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландырудың бастапқы қадамдарын жасауда дәнекер болмақшы.

– Президент ғылыми қызметті тиімді басқару сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда маңызды міндет екенін басым айтып, саладағы барлық үдерісті тезірек цифрландыруды тапсырды. Ал, ол үшін ақпараттық технологияның соңғы жетістіктерін қолдану қажет…

– Сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігін болдырмау, азаматтың мемлекеттік қызметшімен тікелей байланысын барынша азайту үшін мемлекет мүмкіндігінше көп қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беруге ұмтылады. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға келушілер ағыны азаяды, ал мемлекеттік қызметшілерде құжаттарды талдап, дайындауға уақыт көбейеді.

Бүгінде қызметтердің біраз бөлігі электрондық форматқа ауысқан, оларды электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Салада басқа да цифрландырылған біраз дүние бар. Мысалы, qazpatent.kz сайтының жұмысы қорғау құжаттарын алу кезінде ғалымдардың жұмысын жеңілдетті. Сонымен қатар елдегі оқу-ғылым саласы бойынша тестіден өтушілерге арналған Ұлттық тестілеу орталығының сайты бакалавр, магистратура және докторантураға түсуге мүмкіндік береді, орта және жоғары оқу орындарының оқу нәтижелерінің көрсеткіштері бағаланады.

Келешекте Академияның порталын құру жоспарда бар. Оған ғалымдардың еңбектері, ғылыми зертханалық қондырғылар, ғылыми оқулықтар, басқа да пайдалы ақпараттар енгізіледі.

– Ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесі де зор болуы тиіс. Әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастық қалай жүзеге асып жатыр?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа  жағдайдағы Қазақстан: әрекет ету уақыты» атты халыққа Жолдауына сәйкес озық ғылыми технологияларды беру мақсатында жыл сайын 500 ғалымға әлемнің жетекші орталықтарында тағылымдамадан өту, «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алу сияқты жұмыстарды айтуға болады.

Академия Қытай, Ресей, Германия, Тәжікстан Республикасы сияқты елдермен ынтымақтастық жұмыстарын бастап кетті. Жас ғалымдар Қытайда өткен бүкіләлемдік форумға қатысып, жаһандық экология мәселесін бірігіп шешу жолдарын ұсынды, қазір нәтижелі жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ Ресей, Тәжікстан елдерімен білім алмасу мақсатында семинар, форумдар өткізу жопарланып жатыр.

Отандық ғылым: кеше мен бүгін

– Елдегі бұрынғы білікті ғылыми-зерттеу институттарының бірқатары жабылды. Бұл жағдай отандық ғылымның тұралауына душар етті. Мысалы, Атырау облысында табиғи тұздарды зерттеу, мал тұқымын асылдандыру жөніндегі зерттеу орталықтары болған. Қазір оның бірі де жоқ…

– Бұл да сол қаржыландыруға келіп тіреледі. Соңғы он жылда ғылымды қаржыландыру елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 0,13%-нан аспаған. Енді осы көрсеткішті ЖІӨ-ді 1%-ына жеткізу жоспарланып отыр. Яғни, қазір ғылымның бюджеті 100 миллиард теңге шамасында болса, оны 1 триллион теңгеден асыру көзделді.

Әрине, мұндайда елге ғылыми кадрлар даярлап, ғылыми-зерттеу мекемелерін жаңа материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жаңартып, экономиканы көтеруге ғалымдар аянбай қызмет ететініне сенім кәміл.

– Өңірлердегі ғылымды дамытуда қандай жаңа жобалар бар? «Әркімнің киімі өз денесіне жақын» ғой, Атырау өңіріне қатысты іс-шаралар туралы білсек…

– Бүгінде гранттық және мақсатты нысаналы қаржыландырулардың нәтижелері бойынша өңірлерде ғылымды ілгерілетуде Алматы, Астана қалалары және Қарағанды облысының ғалымдары белсенді. Ал, батыс өңірде ғылымның басым бағыттарының өсуі байқалмайды. Бірақ қайтсек те бұл проблема шешімін табуы қажет. Жаңадан құрылған Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарында ғылымды дамыту арқылы жаңа өндіріс ошақтарын ашуымыз керек. Өңірлердегі өндірістік сектордың қажеттіліктеріне бағытталған коммерцияланатын жаңа жобалардың өсуі мен дамуына барынша қолдау қажет.

Осы мақсатта қазір Академия делегациясы өңірлерді аралап, ғылыми мекемелер және жергілікті мемлекеттік атқарушы органдармен кездесіп, өзекті мәселелерді анықтап, оның шешу жолдарын жасақтауда.

– Атырау – экологиясы ластанған аймақ. Бірақ оны жақсарту үшін нақты кешенді ғылыми зерттеу жасалуы қажет. Осы бағытта ғалымдар тарапынан қандай ұсыныс бар?

– Атырау облысында бүгінде барлығы 147 ірі кәсіпорын жер қойнауынан кен игеріп жатыр. Сол себепті кейбір елді мекендерде ауаның ластану көрсеткіші қалыпты нормадан артық екені бізге мәлім. Осы мәселелерді шешу үшін шынында ғалымдардың көмегі керек. Ол үшін әуелі бұған дейін жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстырының нәтижесін көруіміз қажет.

Сосын облыстың экологиялық мәселесін кешенді шешу бойынша «Жол картасын» жүзеге асыру мақсатында тәуелсіз жұмыс тобын құрып, осы бағытта республика ғалымдары жүргізген ғылыми-зерттеу жобаларының ішіндігі сапалы жобаларды сарапқа салған жөн. Өзектілігі жоғары нақты мәселелер анықталған соң, оның шешімімен жұмыс жасалады.

– Қазақстандағы жас ғалымдар әлеуеті туралы не айтуға болады? Жас зерттеушілерді ғылымға тартуда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Белгілі деректемелерге сүйенсек, елде 22655 ғылыми кадр бар. Оның 36%-ы – жастар. Академия елдегі және шетелде білім алып жүрген талантты жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар, Академия ғылымды дамытудағы 10 басым бағыт бойынша 1000-ға жуық белсенді, білікті жастан жұмыс тобын құрды. Бүгінде осы топтарда жас ғалымдарға қатысты мәселелердi шешу, ғылыми әлеуеттi бiрiздендiру бастамалары талқыланып жатыр.

Жаңа жоба: адамның электронды терісі

– Республикада бұрын-соңды қолға алынбаған зерттеу жұмысы бар ма? Оның  ерекшелігі жөнінде білсек…

– Жаңа айттым, мақтан тұтар жас ғалымдарымыз бар. Олардың зерттеулерінің нәтижелері сүйсіндіреді. Солардың бірегейі – техника ғылымдары бойынша PhD Алтынай Қайдарованың инновациялық әзірлемелері.

Жас ғалым Бельгиядағы KU Leuven университетінің постдокторанты ретінде инновациялық жобаларының бірі – протездеу мен робототехникада қолданылатын адам терісінің көптеген функциялары бар электронды теріні жасау. Ол жасанды аяқ-қолы бар жандарға жанасуды сезінуге, жұмсақ пен қаттылықты ажыратуға, өткір зат пен қатты ыстықты анықтауға мүмкіндік береді. Электронды теріні коммерцияландыру жолы өте қиын, дегенмен бұл әзірлеме медицинада төңкеріс жасап, көптеген адамдардың өмір сүру сапасын түбегейлі жақсартатыны сөзсіз.

Тағы бір отандас жас ғалым – әлемдегі жалғыз кванттық офтальмолог Мұхит Құлмағанбетов қазір Гонконгтағы Кванттық офтальмология зертханасын (ҚХР) басқарады, оның жұмысына Нобель сыйлығының лауреаттары да қызығушылық танытып отыр. Мұхит кванттық физика мен офтальмологияны біріктіретін инженерлік технологияны жасау үстінде. Яғни, ол үш ғылымның – медицина, IT және кванттық физиканың тоғысында технологияларды дамытады. Әзірленген құрылғы квантталған фотонды қолдана отырып жұмыс істейді, фотонның бұл түрі жақында кванттық коммуникацияларда қолданыла бастады. Бүгінде Мұхит Академия жанынан құрылған жас ғалымдар жұмыс тобында отандық ғылымды дамытуға өз үлесін қосып жүр.

Басқа да елдегі белді ғалымдардың еңбектерін тізбектей беруге болады. Өйткені барлығы да жоқтан жонып, отандық ғылымның дамуына аянбай еңбек етіп келді. Осындай ғалымдардың жұмысы Үкіметтен қаржыландырылып, жан-жақты қолдау жасалса еңбек бағаланар еді.

– Отандық ғылымды дамытуда бірқатар жұмыс жүзеге асып жатыр екен. Бірақ көпшілік арасында Қазақстан ғылымына деген сенімсіздік басым. Бұған не себеп?

– Қазақстан ғылымына деген сенімсіздіктің басымдығы, отандық ғылымды дәріптеудің төмендігі – қалың бұқараның қазақстандық ғалымдардың жетістігі, ғылыми әзірлемелерінің нәтижелері туралы бейхабар болуынан. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамыған заманында ғалым блогерлердің санын арттыру, БАҚ арқылы елдің беделді ғалымдарын барынша таныту, ұлттық және жетекші телеарналарда арнайы бағдарламаларды көбейту, ғаламтор жүйесінде тиісті платформаларды ашу, ғылыми-насихаттау мақсатындағы журналдарды шығару сияқты жұмыстарды күшейту керек. Отандық ғалымдарды таныту арқылы Қазақстан ғылымына деген сенімділік артып, мәртебесі көтерілетіні анық.

Осы жұмысқа ғылыми мекеме-ұйымдар мен БАҚ-тан бөлек, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер, әсіресе өңірлерде жүйелі түрде жұмыс жүргізген жөн. Себебі ірі мегаполистерге қарағанда өңірлерде ғылымның дамуы, отандық ғалымдардың жетістіктері, үні естілмей жатады. Осы мақсатта жаңа әзірленіп жатқан Ғылым туралы заңында, басқа да нормативтік-құқықтық актілерде және ғылыми гранттық конкурстарда ғылымды насихаттауды талап ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ескеретін жайт – өскелең ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-аналар балаларын болашақта өзіне ғана жеңіл қызметке емес, елге пайда тигізетін мамандықтарға баулуы керек. Бұл  астын сызып айтар бүгінгі күннің және болашақтың қажеттілігі.

– Жаһандану заманында ғылым да бәсекеден тыс қалмауы тиіс. Ендеше, Қазақстан ғылымы қандай тың идея енгізуі керек?

– Әрине. Ғылымның жаңа идеялары форсайттық зерттеулердің нәтижелеріне негізделуі керек. Форсайт ұзақ мерзімді болжаудың халықаралық технологиясына айналды. Осылайша, Жапонияда 9 Ұлттық Форсайт өткізілді, соның негізінде бірқатар мемлекеттік стратегиялар құрылуда. Қытайдың ұлттық форсайттарына әр бағыт бойынша он мыңдаған сарапшылар қатысады. Еуропаның әрбір елі өзінің форсайттарын өткізеді, мұндай жобалар Оңтүстік Африка, Бразилия, АҚШ-та жүзеге асырылуда.

Осыған орай, Ұлттық Ғылым Академиясы ғалым-талдаушыларды жинап, осы зерттеулерді жүргізу әдістемесі бойынша білімдерін арттырып, Қазақстан ғылымының зерттеу жұмыстарын «Жасыл технологиялар және су қауіпсіздігі», «Цифрлық даму және киберқауіпсіздік», «Агротехнологиялар және азық-түлік қауіпсіздігі», «Геномдық технологиялар және биологиялық қауіпсіздік», басқа да бағыттар бойынша жүргізіп келеді.

– Сұхбатыңыз үшін бек рахмет! Отандық ғылымның әлеуетін арттырудағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

– Тілегіңізге рахмет! Өңірлерден ғылыми қызметтерге қызығушылық танытып, бізге арнайы хабарласқаныңыз үшін ризашылығымыз шексіз. Мұндай сұхбаттар арқылы жергілікті жердегі ғалымдар мен ізденушілірге үніміз естіліп жатса құба-құп.

Сұхбатты жүргізген Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз