ОҚЫРМАНМЕН ОРАЙЛЫ ОЙЛАСУ

Исатай ауданындағы жұртшылықпен жүздесулерде ашық, әрі терең пікір алысумен ерекшеленді

Осы аптаның басында Исатай ауданында «Баспасөз – 2015» тақырыбында облыстық «Атырау» газеті оқырмандарымен жүздесулер өткенін біз өткен нөмірімізде хабарлаған болатынбыз. Бұл ашық пікір алысуға құрылған жиындарға «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары – облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, «Атырау-Ақпарат» ЖШС заң және кадр бөлімінің басшысы Бақтыбай Есенбаев және бір топ жетекші журналистер қатысты.

 Модернизация  модаға айналмаса…

Оқырмандармен жүздесу алдымен Исатай аудандық әкімдігінде басталды. Газеттің алдағы жылға белгілеген жоба-жоспарлары хақында баяндаған бас редактор Елбасы Жолдауынан туындайтын келелі міндеттерге де тоқталды.

– Қазіргі таңда «модернизация» деген сөзді жиі қайталау модаға айналып бара жатқандай. Ал, оның мәні неде? Ең алдымен, осыған назар аударуымыз тиіс. Әлеуметтік, экономикалық модернизациядан бұрын әңгімені жалпы адамның модернизациясынан бастауымыз керек деп ойлаймын. Бұл орайда  Елбасының көрсетіп берген нақты бағыттары бар. Олардың біріншісі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам болса, екіншісі – білім қоғамына қарай қадамдар жасау екенін білесіздер. Біз осы екі бағытта да көп және үлкен жетістіктерге жететін болсақ, қоғамдағы көптеген мәселелердің өзегін ашып, мәнін түсінер едік. Жалпы, осы тұрғыдан алсақ, бұқаралық ақпарат құралдары – елдің тыныс-тіршілігі, көңіл-күйінің айнасы, – деген облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ жиынға қатысушылардың назарын бірнеше маңызды факторларға аударды. «Біріншіден, қазіргі таңда Қазақстан да, жалпы әлемдік кеңістік секілді, әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысының әсерін сезініп отыр. Еуропаның көптеген мемлекеттері дағдарыстың ықпалынан арылмауда. Егер біздің мемлекеттегі ірі компаниялардың Еуропа елдерімен трансұлттық ынтымақтастығын ескерер болсақ, Қазақстанның да кері үдерістерге бой алдыруы мүмкін екендігін естен шығармауымыз керек. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев күні кешегі «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында да нақты атап көрсетті. Екіншіден, Қазақстанда ашық ақпараттық қоғамды қалыптастыру үдерісі белсенді жүргізілуде. Ал, қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер ететін үлкен мүмкіндікке ие. Сондықтан да, БАҚ-тың неғұрлым ашық болуына және объективті болуына мән беруіміз керек», – деді Исатай Құндызбайұлы.

Бас редактор жиынға қатысушыларды газет пен оқырман арасындағы байланыс, басылым бетіндегі жетістіктер мен олқы тұстар хақында ашық ой бөлісуге шақырды. Осы сөзді күтіп отырғандай-ақ, оқырмандар тарапынан өздерінің ой-пікір, ұсыныс-тілектерін ортаға салушылар бірден-ақ бой көрсете бастады.

Ақтолқын АХМЕТЖАНОВА, Исатай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы: 

Өз басым бұрын аудандық ішкі саясат бөліміне жетекшілік еткен кезде облыстық газетке тұрақты түрде мақала, хат-хабар жолдап тұрдым. Журналистермен тығыз байланыста жүретіндіктен мына мәселеге назар аударған жөн деп санаймын: Қазіргідей меншік түрі әр түрлі баспасөз бен электронды ақпарат құралдары, тіпті, саңырауқұлақтай қаптаған сайттар жарыса ақпарат таратқан заманда қайсысынікі дұрыс-бұрыстығын ажырату жұртшылыққа да оңайға соқпасы анық. Өйткені, ақпараттың кейбірі жеделділік таныту жетегінде долбарлаумен таратылса, бірі әсіре сенсация қуумен қара бұлтты төндіреді, ал, енді бір ақпарат құралы ол жағдайды тым жаймашуақтандырып, «барлығы жақсы» деп көрсетуі де мүмкін. Міне, осы тұрғыдан алғанда, «Атырау» газетінің салиқалылығы, қандайма мәселені көтеруге де байыппен баратындығы, ең бастысы, объективтілігі ұнайды.

Енді бір өтінішім – бұрын газетте «Аудандарда не жаңалық?» деген айдармен қысқа хабарлар топтап берілетін еді, сол үрдіс қайта жаңғыртылса екен...

Бақберген ҚАРАБАЕВ, Исатай аудандық білім бөлімінің басшысы:

– «Атырау» газеті  – бәріміздің асыға күтетін басылымымыз. Өйткені, облысымыздың тыныс-тіршілігімен қатар, бүкіл ел көлеміндегі жаңалықтарды, келелі мәселелерді толыққанды көтеріп отыратындықтан, мұғалімдеріміз жылма-жыл түгелдей дерлік осы «Атырауға» жазылады. Рас, білім берудің проблемалары, жаңашыл ұстаздар тәжірибесі жөнінде ойлы мақалалар жиі жарық көріп жатады. Әйтсе де, біздің ауданымыздан сиректеу көрінетіні бар. Бұған, бәлкім, бізде меншікті тілшінің жоқтығы да себеп шығар. Менің ұсынысым – газет тілшілері аудандарға, ауылдарға жиірек іссапарларға шығып, халықтың ен ортасынан табылып, толғақты мәселелер көтеріп жатса, басылым беделі қазіргіден де арта түсер еді.

Мүтиғолла НАСИХАНОВ, Аққыстау селолық округінің  әкімі:

 Меніңше, қазіргі 15-20 жастағы балаларымызды назарға алмасақ, ертең жағдай бұдан да қиындай түседі. Телеарна көрмейтін, газет оқымайтын, тек телефон мен интернеттен ғана ақпарат алмасатын ұрпақ өсіп келеді. Олар ақпаратты қай тұстан қабылдайды, біз сол жаққа тереңірек мән беріп, тәрбиелеуге күш салған дұрыс. Осы бастан тәртіп пен талапты түсіндірмесек, заңды үйретпесек, бұлар қоғамдық ортаның белді мүшесіне айналғанда не болатынын ойлай беріңіз. Міне, осы орайда облыстық «Атырау» газетінің алар орны ерекше. Маған газеттегі «Шаңырақ», «Әділет әлемі», «Темірқазық» және «Бизнесмен» арнайы қосымшаларының мазмұны өте ұнайды. Басылым осы арқылы аталған тақырыптарды топтап беріп, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отыр деп санаймын.

Ал, сүйікті де, сенімді сырласымызға айналған «Атырауға» жазылуда біздің кенттің тұрғындары жыл сайын белсенділік танытып жүр. Былтыр «Бота» қайырымдылық қоры арқылы аз қамтылған отбасыларына тегін жаздырып та бердік. Бұл үрдіс биыл да жалғасуда.

  Мирас САМАТҰЛЫ, «Қазпошта» АҚ Исатай аудандық филиалының басшысы:

–  Ауданымыз бойынша баспасөзге жазылу науқаны жақсы жүріп жатыр деп айтуға әбден болады. Біз газет пен оқырман арасын байланыстыратын негізгі көпір болуға тырысып бағудамыз. Биыл облыстағы жеті ауданға да жылжымалы пошта автокөлігі берілді. Өйткені, тұрғын саны 3 мыңға жетпейтін ауылдардағы байланыс бөлімшелері жабылғандықтан, сондай елді мекендердегі оқырмандарға газетті осы жылжымалы автокөлік арқылы уақтылы жеткізіп отырамыз. Қазір газеттің әр нөмірінің ішіне баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқандығы жөнінде хабарлама қоса жіберілуде.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ, Исатай ауданы әкімінің орынбасары:

– Сөз жоқ, облыстық «Атырау» газеті мұнайлы аймақ тұрғындарымен біте қайнасып кеткені  – дәлел тілемейтін ақиқат. Ауданымыздағы әр шаңырақ оны асыға күтіп отырады десем, қателеспеймін. Оның үстіне, газет редакциясының  соңғы кездері ауданда қолға алынып жатқан игі бастамалардың көпшілігіне ақпараттық қолдау көрсетіп жүргенін де атап айтқан жөн. Оның бір мысалы – біздің сонау Ақтөбе облысының Қобда ауданының Шейітсай деген жерінде жатқан Исатай батырдың зираты басына кесене тұрғызу жөніндегі бастамамызға да алдымен облыстық газет үн қосқандығы. Қазір сол кесене құрылысы аяқталып, күні ертең сол жаққа жүргелі отырмыз. Сондай-ақ, газеттің «Бизнесмен» қосымшасының да ауыл кәсіпкерлері үшін пайдасы ұшан-теңіз. «Сол қосымшаның бетінде белгілі бір кәсіпкердің озық іс-тәжірибесі үлгі ретінде жазылса» деген ұсынысым бар.

Мұнайшылар мән беріп оқиды екен…

Журналистер сапары одан әрі «Жайықмұнайгаз» басқармасы мұнайшыларымен кездесуге жалғасты. Мұнда да «қара алтын» өндірушілер өздерін толғандырған көкейкесті мәселелерді газет бетінен көргісі келетіндіктерін ағынан ақтарыла айтып жатты.

Бәрінен бұрын олардың «Атырау» газетін жылма-жыл тұрақты жаздырып алатындықтары, оны тек оқып қана қоймай, әрбір мақала, очерк, суреттемелеріне дейін талдап айта алатындықтары таңырқатпай қоймады. Алдымен сөз алған «Жаңаталап» мұнай өндіру цехының басшысы Әділжан Қадірәлиев әңгімесін «Атырауға» жазылуға үгіттеудің қажеті жоқ» деп бастады. Оның ойынша, тоқсан жылдан астам тарихы бар байырғы басылымның әр отбасымен етене болып кеткені газетте мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігі жан-жақты жазылатындығында екен.

Әділжан ҚАДІРӘЛИЕВ, «Жаңаталап» мұнай өндіру цехының басшысы:

– Газет бетінде қарапайым еңбек адамдары туралы очерктердің жарияланып жүргенін көріп жүрміз. Адал еңбек, маңдай тердің қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін бұл үрдісті одан әрі өрістету керек. Сондықтан да, кеңседе отырып, өмірбаянын, цифрлік көрсеткіштерін жинап алып қана еңбек адамы туралы жазамын деу – қате түсінік. Тілшілер мұнайшы туралы жазғысы келсе, неге өндірістің басына келіп, көзбен көріп жазбайды? Сонда мұнай өндірудің оңай еместігін де, оның да сандаған проблемалық мәселелері бар екендігін де түйсінер еді.

Насыр ДАУЫЛБАЕВ, «Жайықмұнайгаз» басқармасы әлеуметтік сала қызметінің жетекшісі:

– Бүгінде ғаламтор деген бір құдірет шықты ғой. Алайда, меніңше, газеттің орны бір бөлек. Өз басым «Атырау» газетінен сараптамалық мақалаларды көп оқимын. Ой түйемін, пікір қорытамын, болашаққа жоспар құрамын.  

Әділжанның жаңағы пікіріне мен де қосыламын. Осында қырық жыл бойы қара майға малшынып жұмыс жасап келсе де, өмірінде газетке шығып көрмеген еңбеккерлер бар. Біз көбінесе бір парақ Алғыс хат табыстап марапаттап жатамыз. Оны өз ортамыздан басқа кім көріп-біліп жатыр? Ал, газет бетіне сол озат мұнайшы туралы жазылған болса, дүйім жұрт оқыр еді, бұл кейінгі буынға да үлгі-өнеге болары қапысыз.

Самат ҚАБДЕЛОВ, басқарма кәсіподақ комитетінің төрағасы, Исатай аудандық мәслихатының депутаты:

– «Атырау» газеті былтырдан бері тағы бір жаңа жобаны қолға алып,  «Ауылым – алтын бесігім» айдарымен «Атамекен» экспедициясын ұйымдастырды.Ол Исатай, Құрманғазы, Махамбет, Мақат аудандарындағы шалғай елді мекендердің елеулі проблемалары туралы көлемді материалдар сериясын жариялады. Ол проблемалар тиісті орындарға жолданып, шаралары алынғанын да газет бетінен оқыдық. Шындығында, бұл ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек болды. Экспедиция алдағы уақытта басқа да аудандарға, соның ішінде мұнай-газ кеніштеріне, ірі өндірістік ұйымдарға да баруды жоспарлап отырғанын редакция басшылығы айтып отыр. Бұл – бөле-жара айтатын құнды бастама.

Қожантай  СЫДЫҚОВ, құрылыс шебері:

– Облыстық газет аймақ эко-логиясы мен қоршаған орта мәселесіне баса көңіл бөледі. Мәселен, «Өзеннен теңізге дейінгі жол, оның да тұйықталып қалу қаупі бар», «Еділ-Жайық каналы елді су тапшылығынан құтқара ма?», «Жайықтың жанайқайы – екі елдің ортақ мәселесі», «Теңізге келер қауіп қайдан?» және басқа да журналистік сараптамалар және ғалымдардың өзекті тақырыптарға мақалалары бұл саладағы жұмыстарға айрықша қозғау салғаны рас. Алдағы уақытта да осындай көкейкесті тақырыптарға қалам тербесе-ңіздер екен.

Тағы бір айтарым – бізге «Қазпошта» қызметкерлері аяқтай келіп, газетке жазылу күнін өткізсе, бұл өте тиімді болары сөзсіз.

Манарбек НҰРҒАЛИЕВ, мұнай өнімдерін дайындау цехының басшысы:

– «Атырау» газетіне ешкім үгіттемей-ақ бәріміз де тұтастай бір жылға жазылып қойдық. Бір айтайын дегенім – газет бір жағынан хабар-ошар алудың да құралы ғой. Соңғы кезде дүниеден өткен кісілердің еске алулары берілмейтін болды. Жақсы солай-ақ болсын, бірақ, көңіл айту сияқты етіп, кәдеге шақыру туралы хабарландыруларды екі-үш сөйлеммен жариялап отырудың да еш сөкеттігі жоқ сияқты, меніңше. Осыған көңіл бөлсеңіздер. Өйткені, облыстың әр түкпірінде дерлік ағайын-тумаларымыз тұрады, солардың хабарын біліп отыратындай болайық дегенім ғой.

Шаймерден ТӨЛЕҢГІТОВ, «Жайықмұнайгаз» басқармасының басшысы:

– Баспасөздің қоғамдағы ақпараттық, насихатшылық, ұйымдастырушылық рөлі туралы айтып жатудың өзі артық. Ұлы Отан соғысы жылдарында атақты ақын Асқар Тоқмағамбетов өзінің «Мұнайшылар, мұнай бер!» деген өлеңін осы облыстық газетке жариялап, ол біздің аталарымызды ерлікке үндегенін бәріңіз де өте жақсы білесіздер. Сол кездегі «Социалистік құрылыс» бүгінде «Атырау» болып қазір де бұқараның көзі мен құлағына, сенімді серігіне айналып отыр. Жаңа айтылып жатқан пікірлерден аңғарып отырсыздар ғой, мұнайшылар «Атырауға» сөзсіз жазылады деп мен сеніммен айта аламын.

Алайда, газетте өткір сындар әлі де аз. Әсіресе, дәрігерлер қателігі, олардың біліксіздігінен орын алып жатқан жағдайлар терең жазылмай отыр. Бұл бағыттағы батыл сындарды көбейту қажет.

Мектептердегі білім беру сапасыздығы, оқу орындарындағы келеңсіздіктер, дене тәрбиесі пәнінің жағдайы, жастарды еңбекке тәрбиелеу пәндерінің барысы алда көңіл бөлер басты мәселе дер едім.

Тобықтай түйін

Оқырмандармен ойласу осылайша мәнді де, мазмұнды өтті. Газет пен бұқара арасындағы тікелей байланыстың шынайы көрінісі осындай-ақ болар. Ең бастысы, жұртшылықтың «Атырау» газетін тұрақты оқитындығы, оны асыға күтетіндігі әр лебізден-ақ айна-қатесіз аңғарылып тұрды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бұқаралық ақпарат құралдарындағы қандайма оқиғаға да байланысты үлкенді-кішілі барлық ақпарат тек қана шынайылыққа негізделіп, объективті берілуі тиіс. Әуелден тасқа басылған сөзге тәңіріндей сенетін халыққа газеттің әр хабары ақиқаттың айнасындай болып жетуінің мәні зор. Жұртшылықты абдыратпаудың, сан алуан қаңқу сөздердің желдей есуіне жол бермеудің жалғыз жолы – осы. Ендеше, бұл қайсы баспасөздің де, қалам ұстаған қайсы журналистің  де басты міндеті екенін зердеге терең түйген абзал. 

     Өз тілшіміз.

Суреттерді түсірген Ә.Шарапиденов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз