Жаңа мәдениет үйі – Жұмыскерде! (ФОТО)

ЕАС 160 Жаңалықтар

Тұңғыш Президент күні қарсаңында жұмыскерліктердің қуанышы еселенді. Бүгін осы ауылдық округте жаңа 200 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов қатысып, жұртшылықты қос мерекемен құттықтады.

ЕАС 160

«Барша тұрғынды облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан еліміздегі маңызды мейрамдардың бірімен тұспа-тұс келген жаңа мәдениет үйінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл, шынымен де халықтың көптен күткен қуанышы еді. Әсем ғимарат «НКОК» компаниясының демеушілігімен салынды. Бұдан басқа, өңіріміздегі ірі мұнай-газ операторы облыс орталығының үш елді мекенінде осындай мәдениет үйінің құрылысын жүргізуде. Ол келесі жылы келушілерге есігін айқара ашады. Халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында қолға алынған игі іс Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында салынып отыр. Жаңа нысан қызметіне сәттілік тілейміз»,-деді ол.

ЕАС 103

Салтанатты жиында тілектерін білдірген мәдениет саласының ардагерлері осынау жағымды жаңалықты жақсылыққа балап, облысымызда кеңінен танылған «Қызғалдақ» вокалды-аспаптар ансамблінің Жұмыскер ауылдық округінен шыққанын атап айтты. Ал, жаңа мәдениет үйіне Мұхиден Ғаббасовтың есімін беруге ұсыныс жасалды.

ЕАС 178

Жаңа өнер шаңырағының екі қабатты ғимаратында әкімшілік және техникалық жайлар, кең көрермендер залы, сахна, реквизиттер, грим жасау бөлмелері, кітапхана және касса орналасқан. Екінші қабатта оператордың, дыбыс және жарық операторларының арнайы орындары, үйірме мен көркемөнер шеберханасы қарастырылған.

ЕАС 147

Мәдениет үйі қажетті жылыту қазандығымен, қосалқы стансамен қамтамасыз етілген. Салтанатты шарада сөз алған компанияның жұртшылықпен байланыс бөлімінің басшысы Жағыпар Егізбаев, өнер ордасының аймақ мәдениетін одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

ЕАС 066

«Компания Атырау және Маңғыстау облыстарының түрлі аудандарындағы инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы бойынша қолдауды қажет ететін елді мекендерінде мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру ғимараттарын салуды жалғастыруда. Енді «НКОК» компаниясының тартуы – мәдениет үйі көркемөнерпаздар ұжымдары жаттығатын, өнерлерін көрсететін тамаша алаң болары сөзсіз»,-деді ол.

ЕАС 252

Қос мерекені ерекше көңіл-күймен қарсы алған жұмыскерліктер жаңа нысанды толықтай аралап, бірауыздан «өнерлі өрендеріміз көбейе түссін» деген ақжарма тілектерін білдіріп жатты…

ЕАС 261

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз