ОҚ ПЕН ОТТЫҢ АРАСЫНДА ШЫҢДАЛҒАН
Алғаш көргенде-ақ әр сөзін дақпа-дақтап, әскери адамға тән жинақы, өзіне де, сөзіне де жауапкершілікпен қарайтын өзгешелігін аңғарып қаласың. Олай болатын да жөні бар. Өйткені, Сисен Қонаров – өзінің азаматтық борышын Кеңес Одағы Қарулы Күштері сапында отыз жылға жуық (1961-1990) өтеп, әскери ғұмыр кешкен, сирек кездесетін патриоттардың бірі.
Өмірлік ұстанымы мен қалауы әскери тірлікке антқа адалдығындай айырылмастай сіңіріп жіберген еді. Бәрі де жастық жалын шарпыған 23 жасар жас жігіттің Мәскеу әскери шекара мектебіне оқуға түсіп, төрт жыл бойы тәртіптік-әскери тәлім алуынан басталды. Патриоттық тәрбие алуға құштар жасөспірім үшін бұл нағыз шыңдалып шығатын, шынайы талабы сында алып шығатын сала емес пе?! 1965 жылы Шығыс шекара әскери округіне жұмысқа орналасқаннан кейін де тәжірибе жинақтай жүріп, білімін одан әрі жетілдіре түсуді бір сәт те ойынан шығарған емес.
«Ізденген жетер мұратқа» деген. 1975 жылы Мәскеудегі Ф.Э.Дзержинский атындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің де жоғарғы мектебін бітіріп алады. ҰҚК сарбазының ендігі өмірі осылай шекара өтінде, елдің шетінде өте берер ме еді, қайтер еді. Оның естелігіне және басқа да деректерге сүйенсек, 1979 жылы желтоқсанның орта шенінде ҰҚК-нің «Альфа» атты арнайы жасағы «Мұсылман» батальонының қолдауымен сол кезде Ауған үкіметін тайдырған Аминнің сарайын басып алды. Операцияның барысы аса құпия өткендігі соншалық, бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілмеді. Ал, 25 желтоқсанда қайта жасақталған генерал-лейтенант Тухариновтің 40-ыншы армиясы Ауғанстан аумағына кірді. Оның құрамында 4 дивизия, 5 жекелеген бригада мен 4 полк болды. Сөйтіп, он жылға тарта уақытқа созылған соғыс талай-талай боздақтарды өз иіріміне үйіріп әкете барды.
Тағдырдың жазуымен Ауған соғысына қатысып, сол оқ пен оттың ортасынан аман шыққан Сисен Қонаровты сөйлетсек, болашақ ұрпақ тарихи мәні бар бұл соғыс жөнінде ұмытпауы тиіс. «Жылыой ауданынан өзінің Отан алдындағы интернационалдық борышын өтеуге 46 адам аттанған. Солардың ішінде Кеңес әскерлері сапында қаза тапқан жас жауынгерлер — жерлестеріміз Болат Ербосынов пен Ерболат Омаров та бар еді. Жат жерде көз жұмған сол боздақтарымыздың жастары ол кезде небәрі 19-20 жас аралығында болатын. Отан алдындағы борышына, әскери антына адалдық танытқан өрендерімізге құрмет сол, есімдерін мәңгі есте қалдыру үшін Құлсары қаласында көше аттары берілді» дейді ол.
Біз осы тұста ардагер ағаның 2005 жылдан Жылыой ауданы Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы болғанын, солар үшін ерінбей еңбектеніп, жасөспірімдердің бойына отаншылдық тәрбие, ізгілік дәнін себуге негіз болатын кездесулерге жиі баратынын еске алып қойдық. Ол аудан басшысы болған Сәрсенбай Еңсегеновтің жәрдем-көмегін, «Теңізавтокөлік» АҚ-ның бастығы Қалдаш Сәрсеновтің қол ұшын беретінін жылы ілтипатпен айтып қалды. Әңгіме арасында ауғандық ардагер жауынгерлердің емдеу-сауықтыру орындарына бару мүмкіндігі шектеулі екендігін, «ендігі бақилық болып кеткендердің артында қалған тоғыз жесірдің мұңына кім құлақ салады?» деп қынжылып та алады. Ал, «Ауған соғысынан келіп көз жұмған тоғыз боздаққа ең болмағанда өздері оқыған мектептеріне бұрыш ашып қойса, шәкірттердің патриоттық сезімін оятар еді» дейді.
Иә, ол күндердің даңқы өшпейді, ерлік — елге мұра, ұрпаққа — ұран. Ал, аға ұрпақ дәстүріне адал кейінгі толқын Ауған жауынгерлеріне де құрмет көрсетуді естен шығармаса игі. Шекарашы, Ауған соғысына қатысушы Сисен Қонаров бұған дейін «Кеңестік мемлекеттің шекара қызметінің үздігі», «Ерлігі үшін», «Ауған халқының атынан», «Ауған соғысының аяқталғанына — 15 жыл» медальдарының иегері атанса, Қазақстан Республикасы шекарасын сенімді қорғауға үлес қосқаны үшін және ҚР ҰҚК шекара қызметіне 20 жыл толуына орай 2016-шы әскери бөлімнің командирі, подполковник Б.Х.Абсаматовтың қолынан мерекелік медальмен және грамотамен марапатталып, сый-сияпат құрметін көрген еді. Сисен Атыраубайұлының әр жылдары облыс әкімі, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан алған Алғыс хаттары да – өз алдына бір төбе.