ЖАСТАРҒА – жоғары сенім

Жастар саясатын жүйелі іске асыру мақсатында өткен жылы Атырау қаласында жастар ресурстық орталығы құрылды. Мұндай орталықтар аудандарда да ашылған болатын. Олардың жұмыс ауқымы да артты, Елбасының Жолдауына орай жаңа, тың міндеттер жүктелді. Бұл жөнінде орталық жетекшілері мен қызметкерлеріне арналған семинар-тренингте кеңінен сөз болды.

 

Семинарда облыстық жастар  саясаты  мәселелері    басқармасының басшысы Мейірім Қалауи бүгінгі күні елімізде қандай жұмыс жасалса да, мұның бәрі жастар игілігі үшін екенін баса айтты. 

– Елдің өркендеуі жолында Мемлекет басшысы кең мүмкіндік туғызып отырғанда уақытты текке өткізбеу қажет. Осы мақсатта облыста атқарылып жатқан жұмыстарымыз да аз емес. Соның бір көрінісі – жастар ресурстық орталығының аудандарда қанат жайып, өркендеуі. Ендігі уақытта облыс орталығында атқарылған жұмыстар селоларда да өріс алатын болады, – деген Мейірім Жоламанұлы кемел болашақ үшін  жастар әр істі мұқияттылықпен атқару керектігіне тоқталды.

Одан әрі Атырау қаласы жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жасұлан Бисембиев қала көлемінде атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы уақытта аудан жастарымен бірлескен жұмыстар жүретінін айтты. 

Семинарға қатысушылар мемлекеттік жастар саясаты жөнінде тың ақпарат алып, БАҚ өкілдерімен байланысты нығайту және әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізу турасында білімдерін жетілдірді. 

Шара барысында тренингке арнайы шақырылған БАҚ өкілдері дәріс оқып, қызметтік этиканы қалыптастыру, жаңа жобалардың тиімділігі және көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, ішкі саясат басқармаларының және ресурстық орталықтардың  бірлесе жұмыс істеуінің мәселелері талданды. «Жұмыспен қамту – 2020», «Дипломмен ауылға», «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы туралы толық ақпараттар берілді. 

Екі күнге созылған семинар ауқымы кең болды. Әлеуметтік маңызы жоғары тақырыптар талқыдан өтті. Облыстың діни ахуалы, дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану жолдарынан хабар берілді. 

Семинар-тренинг нәтижесінде барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. 

Алтыншаш

НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз