Ойран қылар ойынқұмарлық бүгінгінің басты мәселесіне айналды

ojynqumarlyq Қоғам

Бүгінде қоғамда құмар ойынға салынғандардың көбейгені соншалық, «лудомания» деген жаңа ауру түрі пайда болды. Бұл әлеуметтік дертпен күресті дер кезінде күшейтпесек, болашақты елестету тіпті қорқынышты. Өйткені, мәселеге қатысты статистика қазірдің өзінде жантүршігерлік. Әсіресе, мұның ауысымдық қалашықтарда ушығып жатқаны жасырын емес.

Ал, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған букмекерлік кеңселер, онлайн казинолар, құмар ойындар мен бәс тігудің қызметін шектеудің қандай жолы бар? Осы проблема «Respublica» партиясының Орталық аппараты және Атырау облысы филиалының ұйымдастыруымен жуырда өткен «дөңгелек үстелде» жан-жақты талқыланды.

Сандар сан соқтырады

Жаңа технологиялар, соның ішінде цифрландырудың қарқынды дамуы қазақ қоғамына кең тамырын жайған құмар ойындар мен бәс тігуді күрделі мәселеге айналдырғаны рас.

Сандарды сөйлетсек, республикада 2019-2020 жылдары осы құмарлықтың салдарынан 350 мың ауру тіркелген. 2019 жылы бәс тігу компанияларының айналымы 80 миллиард теңгені құрапты. 2022 жылы бұл сома 500 миллиард теңгеден асса, биыл алты айда бұл сома 1 триллион теңгеге шақтап қалды. Енді осы көрсеткіштер арқылы бүгінде ойынқұмарлардың саны қаншаға жеткенін бағамдай беріңіз. Демек, қазір Қазақстандағы 19 миллион халықтың 1 миллионнан астамы құмар ойындардың жетегінде жүргені анық.

Осындай сорақы да келеңсіз жағдайларға бейжай қарамаған аталған партия өкілдері қалай да мәселеге тосқауыл болуды межелеп отыр екен.

– «Respublica» партиясының шешімімен Парламент Мәжілісінде партия фракциясы құрылды. Парламентарийлер өкілеттігі басталғаннан бері Үкіметке 16 депутаттық сауал жолданып, бірқатар заңнамалық актілерге 600-ден аса түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Бірнеше проблеманы қозғап, жолданған депутаттық сауалдардың қатарында құмар ойындар мен бәс тігу мәселесі күн тәртібінде алғы кезекте тұр. Ойынқұмарлар бос уақыты мен қалтасында қаражаты бола қалса, осындай ойынға әбден әуестенген. Бұл – өте қорқынышты статистика. Республика Оқу-ағарту министрлігімен де сөйлестік. Ең сорақысы, басқаны айтпағанда елдегі 3,5 миллион оқушының 25 пайызы, яғни 700 мыңнан астамының онлайн бәс тігіп, букмекерлік ойындарды ойнайтыны анықталған. 2022 жылы бәс тігу компаниялары біздің бюджетке 109 миллиард теңге салық төлеген. Осы санды құзырлы орын өкілдері жоғары жетістік ретінде дәріптеп жүр. «Компаниялардың демеушілігімен спорт саласы дамып, салыққа түскен қаражат та өсіп жатыр» деп насихаттайды. Ал, мен бұл тақырыптың екінші көлеңкелі жағын ашып айтамын.  Құмар ойындардың салдарынан құқық бұзып, түрмеде отырған адамдардың саны артып жатқаны соншалық, оларға жыл сайын 70 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалып отыр, – деді «Respublica» партиясының тең төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов.

Екінші мәселе – «лудомандарды емдеудің жолы бар ма?» деген сұрақ. Есірткі қолданған адамдарды мамандар химиялық тәсілмен емдейді. Алкоголизмді емдеудің де жолы тура сондай. Ал, лудомания бұлайша емделмейді. Себебі, бұл – психикалық ауру.

Тағы бір ерекшелігі, нашақор мен ішімдікке тәуелді адамды қоғамнан бірден танып, байқауға болады. Лудомандарды анықтау қиын. Өйткені, олар – нағыз «әртістер». Жалған сөзбен әп-сәтте жұртты сендіріп алады. Әртүрлі тәсілмен алдап-арбап, өзіне ғана емес, жақындарына, достары мен туыстарына, қысқасы бүкіл қоғамға зиян келтіреді.

– Мұндай дертті емдеудің құны айына 500-700 мың теңгеге шығады. Бірақ, бір адам толық емдеу курсына 3-3,5 миллион теңге төлеуі қажет. Алайда, бұл жерде лудоманның құлан-таза айығып кетуіне ешкім кепілдік бермейді. Мәселен, екі, тіпті тоғыз-он жыл бойы емделіп, қайтадан осы ойынға салынып кеткендер бар. Себебі, бар мәселе – олардың психикасында. Мұны тоқтату өте қиын. Қазір елде 1 миллионнан астам лудоманның тек 30 пайызын ғана емдесек, оған жылына жұмсалатын шығын – 1 триллион теңге. Осы көрсеткіштерді міндетті түрде майшаммен қарап, ескеру қажет. Мұның қасында бәс тігу компанияларының бюджетке түсіріп жатқан салық көлемі түк те емес. Бұл тек сандарды сөйлеткендегі жағдай. Ал, әлеуметтік жағынан алғанда проблема тіптен шаш-етектен, – деді Руслан Арысбекұлы.

Расында да, осының салдарынан қазір қаншама жанұя зардап шегіп, қаншама ата-ана лудоман ұлының кесірінен тірілей азап көріп отыр. Жасыратыны жоқ, қоғамда әр адамның біреу болса да лудоман танысы бар.

Жуырда элиталық академияда оқитын курсант өз-өзіне қол жұмсаған. Депутаттық зерделеу барысында осы оқу орнындағы офицерлерден бастап сарбаз, студенттердің барлығына жуығының ойынқұмар екені анықталған. Осындайда атам қазақтың айтқан «сенген қойым сен болсаң…» деген сөзі ойға еріксіз оралады.

– Қазақстанда жылына 3600-3700 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Соның ішінде 40 пайызға жуығы – лудомандар. Бұл – ресми статистика. Ал, біздің әлі білмейтініміз, тіркелмегендері қаншама?! Жасыратыны жоқ, қазір күніне 10-15 адам өз-өзіне қол жұмсап жатыр. Мәселе бұлай жалғаса берсе, оны жеңу де оңайға соқпайды. Сондықтан, біз проблеманы алға қойып, жыл басынан бері құзырлы орын өкілдерінің қатысуымен жеті рет кездесу өткіздік. Мәселені 12 министрліктің алдында көтеріп, тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді күн тәртібіне шығардық, – деді Р.Берденов.

Жарнамаға – тосқауыл

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда тиісті заңнамаға сай құмар ойын ойнауға рұқсат етілген екі-ақ қала – Қонаев және Щучинск қалалары. Ойнаушылар осы жерлерге ғана баруы тиіс. Ал, қалған онлайн компаниялардың барлығы жабылуы шарт. «Менмұндалаған» жарнамаларды да тоқтатқан жөн.

– Біздің қоғам үшін шырылдаған жанайқайымызға құлақ түрген Алматы қаласының әкімі құмар ойындардың жарнамасын тоқтатуды қолға алды. Бұл, әрине, үлкен процесс. Өйткені, мұндай ойындардың қоғамда ірі қорғаушылары мен қолдаушылары бар. Десек те, мәселеге көз жұмып қарап отыруға болмайды. Бұл іске Атырау облысының әкімдігі де кіріскені жөн. Себебі, ойынқұмарлардың дені осы өңірде, әсіресе вахталық қалашықтарда екені рас, – деді спикер.

Шынында, бұл мәліметтерді де жоққа шығаруға болмайды. «Аналарға көмек қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Сандуғаш Кукенова бұл проблеманың Жылыойда ушығып тұрғанын растады.

– Осы мәселемен маған көптеген аналар хабарласады. 16-17 жастағы балаларының санасы уланып, олардың дертімен күресіп шырылдап жүргендер аз емес. Сондықтан, заң бойынша мәселеге тиым салынуы керек және оны жарнамалаушылар да заңдылыққа сай жазалануы тиіс. Бүкіл қоғамның қатерлі ісігіне айналған осы дертті түбегейлі жою үшін ел болып жұмыла кіріскен жөн. Қоғам белсендісі ретінде осы жұмысты білек сыбана жүргізуге дайынмын, – деді ол.

Індеттің кесірі адамды түрлі қылмысқа да итермелеп жатыр. Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, лудомандар алаяқтыққа, ұрлыққа, өтірік айтуға өте бейім. Облыста биыл бес айдың ішінде 2220 қылмыс тіркеліп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 10,9 пайызға көбейген.

– Осы қылмыстардың ішінде бір адам 23 жәбірленушіден 20 миллион теңгеге жуық  ақша алып, ойынға салып жіберген. Енді бір азамат 20 адамнан 7 миллион теңгеге жақын ақшаны иемденіп, дерттің құрбаны болып отыр. Жалпы, Атырау өңірі шетелдік инвестиция мен шағын және орта бизнеске ыңғайлы болғаны сол, лудоман алаяқтар тұрғындарды «ірі компанияға жұмысқа орналастырамын», «автокөлік алып беремін» деп алдап, ақшасын иемденіп кетеді. Ақыры, өзі де құрдымға кетіп, өзгені де сан соқтырып жатыр. Бір өкініштісі, бұл әрекеттерді жасайтын түгелге жуық өз бауырларымыз, – деді Әбдіғани Тойшыұлы.

Ал, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Елдос Ерсайынұлының сөзінше, биыл шілдеге дейін осы мекемеге 6 лудоман науқас келген. Олардың сұмдық әрекеті отбасын тіптен қажытып жіберсе керек. Мұндай жандарды дәрімен емдеу мүмкін емес. Емдеу шарттары психотерапевтердің көмегі арқылы жүргізіледі.

Бастысы – жарнаманы тоқтатып, онлайн ойындарды бұғаттау керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Қытай мен Оңтүстік Корея осы тәсілге әлдеқашан көшіп, ойынға тиым салған. Олар өз халқының құмар ойынға өте жақын екенін жетік біледі. Сондықтан, онлайн құмар ойынға кіруге еш мүмкіндік жоқ бұл елдерде.  Бізге де шетелдік тәжірибені жүзеге асырудан басқа амал жоқ.

– Қазір қалада лотоклубтар өте көп. Бұлар – ашық казино. Мұнда алты жасар баладан бастап зейнеткерлер де отырады. Мұндай орындар оқу орындарынан қашық орналасуы керек, яғни қалалар бәс тігу орындарынан мүлдем тазаруы тиіс. Мұндай ойын Қонаев пен Щучинскідегі казиноларда ғана ойналып, 18 жастан жоғары адамдарға ғана рұқсат берілгені жөн, – деді Р.Берденов.

«…Өскелең ұрпақты түрлі құмар ойындардан сақтандыру керек.  Жеңіл жолмен пайда табу жақсылыққа апармайтынын үнемі түсіндіріп отырған жөн. Адал табыс – адал еңбекпен ғана келеді…»

Қасым-Жомарт Тоқаев

Ұлттық құрылтайдағы сөзінен.

Түркістан қаласы, 2023 жылғы 17 маусым

«Бірдің кесірі мыңға тиеді» демекші, құмар ойынның ойранынан құтылу оңай емес. Дегенмен, арамды адал ету үшін бұл іске қоғам болып жұмыла кіріскен жөн. Тиісті мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға мән беру маңызды.

Әлеуметтік желіде белсенді, қоғамдық пікір көшбасшыларымен бірігіп, құмар ойындар және бәс тігудің кері әсері тақырыбында өтімді медиа-контент жасалуы тиіс. «Дөңгелек үстелдің» негізгі түйіні осы болды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз