Жарнама
Қоғам

Өңірлік басылымдардың бағы ашыла ма?

Бүгінде әлеуметтік желілердің қарқын алғаны сонша, қазір болған оқиға сол сәтінде халыққа жетіп жатыр. Оның көзді ашып-жұмғаннан да тез, жылдамдығы шыныменен сұмдық енді. Халыққа ақпарат таратудың негізгі арнасына айналып, адымдап алға озған интернеттің дәуірінде мерзімді басылымдардың жағдайы не болады? Олар ақпарат алаңындағы орнын сақтап қала ала ма?

«Тілшілерге қояр талабым бар!»

– Бұрын қоғамдағы қалыптасқан түсінікке сәйкес, баспасөзді аудандық, аймақтық, республикалық деп бөлетінбіз. Өйткені, өзгелерге қарағанда, орталықтағы тілшілердің қажетті мәліметтерді алудағы артықшылығы көп еді. Ал, қазіргі сәтте барлық ақпарат қолжетімді, ашық. Сондықтан, бұл аймақтағы журналистерге де зор мүмкіндік туғызып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, сараптама жазуда, журналистік зерттеу  жүргізуде тиісті заңдылықтарды сақтаған тілші айтулы жетістіктерге жете алады, — деді «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Жүсіп Алматыда өткен ІІ республикалық Өңірлік басылымдар форумында.

Оның айтуынша, қазір мерзімді басылымдар негізінен сараптамалық мақалаларға ден қоя бастаған. «Дегенмен, бұл бағыттың өзіндік ерекшелігі бар. Оны да ескерген жөн» деді ол.

– Менің редактор ретінде тілшілердің сараптамалық мақалаларына қоятын  басты талабым бар. Ол – материал авторының қандай мәселеге де бейтараптық ұстанымда болуы, ешкімнің ар-намысына тиіспеуі, тіпті кінәлі жақты да жер-жебіріне жетіп, сөкпеуі. Жасыратыны жоқ, бұрын түйткілді мәселелердің түйінін тарқатқанда немесе белгілі бір оқиға туралы баяндағанда көбінде журналистің өзінің көзқарасын өзгеге телитінін байқайтынбыз. Проблемаға шынайы, объективті қарамайтын немесе кейіпкерінің жеке басын сөккен жағдайлары да кездесетін. Мұны кеңестік кезеңнен қалған көрініс деп түсіндіруге болады. Дегенмен, қазір қазақ журналистикасы түбегейлі өзгеріп, осы келеңсіздіктерден біртіндеп арылып келе жатыр,- деді Алмас Нүсіп.

Әлеуметтік желінің ықпалы

Қазір еліміздегі тілшілердің әлемдік басылымдарда жарияланған мақалаларды оқып отыруына мүмкіндігі бар. Шетелдік әріптестерінің жазу стиліне, кәсіби ұстанымдарына маңыз беріп, ойын қорыта да алады. Бұл өңірлік басылымдарда еңбек ететін қызметкерлердің мақала жазуда қасаң тілден, таптаурын көзқарастан арылуына себепші болатыны анық.

Форумда әлеуметтік желілерде көп кездесетін құбылыстар туралы да көбірек айтылды. Байқағанымыздай, интернетте буллингтің көріністері, яғни, адамның өзгеге психологиялық қысым көрсетуі, қорлауы, мазақ етуі секілді жағдайлар белең ала бастаған. Ал, мұның қандай зардаптарға ұшыратынын өмір көрсетіп отыр. «Олай болса, басылымдар әлеуметтік желілердің ықпалынан туындайтын осындай олқылықтарға жол бермеуі керек» деді мамандар.

Ақпараттың ағынына ілесу мүмкін емес

Әңгімеміз ақыры сарапталық мақалалар туралы болғаннан соң айтайық, «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев бұл жолы өзгеше ойын білдірді. Ол «журналистердің қандай мәселеге де сыни тұрғыдан келуі, қоғамнан тыс өзіндік пікірі болуы маңызды» деген пікірде.

– Қазіргі әлемдік ақпараттың ағынына ілесу мүмкін емес. Жер-жерлерде түрлі ақпараттық соғыстар да өршуде. Осындай жағдайда сараптамалық мақалалар қоғамдық пікірге ықпал ететін, халық пен билік арасындағы диалогқа негіз болатын құралға айналып отыр. Бұл әсіресе, өңірлік басылымдар үшін негізгі бағытқа айналуда. Себебі, олар жергілікті жердің жағдайын жақсы біледі. Тұрақты оқырмандары бар. Оның үстіне сараптамаларда ең алдымен қоғамдық маңызды тақырыптар көтеріледі ғой, — деді «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев.

БАҚ саласының жілігін шағып, майын жегендер «сараптама – қоғамдық сана-сезім белсенділігінің индикаторы» дегенді жиі айтып отырды. Мәселен, бір аймақта жанар-жағармайға қатысты проблема туындады дейік. Ойы жетік журналист уақыт оздырмай  қордың тапшылығы, мұнай өнімінің қымбаттай бастағаны туралы материал дайындай бастайды. Бұл өзі инемен құдық қазғандай қиын шаруа ғой. Мәселеге қатысты кәсіпорынға, мемлекеттік орындарға хабарласып, қажетті мәліметтерді жинақтайды. Сарапшылардың пікірін біледі. Мәселені терең зерттейді. Осылайша, газетте жарияланған зерттеу оқырмандар үшін ғана емес, аймақ үшін де пайдалы іс болмақ. Өйткені, жергілікті жердің жағдайын зерттеп отырған эксперттердің назарын аударған проблема орталықтағы жауапты орындардың да қарауына ұсынылып, тиісті шешім алынып жатады.

Еселі еңбек еш кетпесін

Дегенмен, сараптамалық мақала жазудың өзі оңай жұмыс емес. Самсаған сандардың ішінен керекті деректі табу, оны ой елегінен өткізу, қорыту журналистің шеберлігіне байланысты. Оның үстіне кейбір кәсіпорын-мекеме басшылары қажетті мәліметтерді бермей, уақыт создырып жүріп алады. Мұндай жағдайда түрлі баспасөз хатшыларының да қауқарсыздық танытатыны бар.

Ал, осыншалық ой еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген материалдарға көпшілік редакция жарытымды қаламақы қоймайды. Осы себептен тілші сараптамалық мақала жазып, 4-5 күн уақытын өткізгенше, бір-екі сағатта бірнеше хабар дайындап беріп отыруды жөн көреді. Неге? Өйткені, ол қаржылық жағынан тиімді.

«Міне, бүгінгідей ақпарат ағынында өңірлік басылымдар өзінің орнын айқындап, қалыпты қызметін жасасын десек, осы мәселеге басым назар аударатын кез жетті» десті форумға қатысушылар. 

Азамат БАЗАРБАЕВ

Атырау-Алматы-Атырау

*Сіз не дейсіз?

Сенімге селкеу түсіруге болмайды

ІІ республикалық Өңірлік басылымдар форумында «Курсив» сайтының бас редакторы Мира Халина дәстүрлі басылымдарды онлайн форматқа ауыстыруға қатысты пікірін айтты.

«Қазір оқырман өзіне қажетті ақпараттың бәрін интернеттің иірімінен тауып ала алады. Өйткені, ақпарат ағыны тым көп. Кейбірде оның қайсысы өтірік, қайсысы шын екенін ажыратып алу қиын. Соған қарамастан көпшіліктің баспасөзге деген сұранысы барын байқаймыз. Мұның басты себебі, газетті –  сенімді ақпарат көзі деп ұғатындығында. Ендеше, осы сенімге селкеу түсіруге болмайды,-деді ол.

Оның пікірінше, өңірлік газеттерде инфографикаға ерекше маңыз берілуі қажет. Көп сөзден гөрі, нақты дерек, мәліметтер халыққа тартымды көрінеді. Карикатура, суреттер де басылымның оқылымдылығын арттыра түспекші. «Бастысы, тексерілген деректерге құрылған шынайы ақпараттарды жұрт іздеп жүріп оқиды» деді сайттың бас редакторы.

Тіл тазалығы – ұлт тазалығы

«Тіл тазалығы – журналистер үшін басты мәселелердің бірі. Халық олардың жазғанына, айтқанына қарап, ойын қалыптастырады. Өкінішке қарай, кейбір тілшілердің тіл біліміне қатысты ережелерді өрескел түрде бұзғанын көріп отырамыз. Бұл келіспейтін жағдай» деді филология ғылымының докторы, «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» құрастырушысы Орынай Жұбаева.

Оның пікірінше, қазір кейбір тілшілер мақалаларына орысшадан тікелей аударылған сөздерді қолданады.

– Мәселен, орыс тіліндегі «текущий год» дегенді «ағымдағы жыл» деп аударып алып, жиі қолданып жүр. Оны «үстіміздегі жыл» деп тәржімалайтындар да бар. Ал, қазақтың тілінде «биыл» деген сөзі бар емес пе, оны неге қолданбаймыз? Сондай-ақ «деген сенімдемін», «деп айтуымызға болады», «деп білемін», «деп есептеймін», «деп ойлаймын» деп сөйлейтін немесе жазатын журналистер көбейді. Оны көріп көпшілік «осы дұрыс екен» деп күнделікті өмірде қолданып жатады. Ал, қазақ тілінің тазалығын сақтаймыз десек, мұндай келеңсіздіктерге жол бермеуіміз керек,-деді ғалым.

Заман өзгерді. Сен де өзгер!..

«Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» деп аталған форум отандық журналистиканың көкейкесті мәселесін көтерген бес панельдік отырысты қамтыды.

– Қазір заман өзгерді. Газет-журналдарды қалай бәсекеге қабілетті етеміз, баспасөзге оқырманның ықыласын қалай аудару керек деген сұрақтар туындайды. Кезінде аға буын аңыз етіп айтатын «қойшының етігінде «Жалын» журналы жүруші еді, диханның қосында «Қазақ әдебиеті» тұрушы еді, жастар бригадасында «Лениншіл жас» оқылушы еді» деген күндер артта қалды. Ол кезде ақпарат көзі баспасөз еді. Қазір бір телефонның өзі тұтас телеарнаның, бір гаджет бір редакцияның жұмысын атқарып отыр. Сондықтан жаңа заманның талабына сай әрекет ету басылымдардың басты міндетіне айналды. Ендеше, бәсекелестік артып отырған кезеңде қағаз басылымдардың ғұмырын қалай ұзақ ете аламыз деген мәселені талқылау маңызды,-деді Президент Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес «Баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер» тақырыбындағы панельдік отырыста.

Ал, Мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов бүгінде журналистерге артылған жүктің ауыр екендігіне тоқталды.

Бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан, мемлекет ақпарат құралдарының еркін де сапалы жұмыс істеуі үшін әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Өңірдегі халықтың көңіл-күйін жеткізетін тілшілер болғандықтан, аймақтағы ахуалдың бет-бейнесі жеткізілетін ақпараттың сапасына байланысты екені де белгілі, — деді ол.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button