ЖАСТАР ӘРДАЙЫМ ЕЛБАСЫМЕН БІРГЕ

Тұңғыш Президент күні халықтық мерекеге айналып барады. Бұған біз  мейрам  қарсаңында жастар арасында жүргізген сауалнамадан айқын көз жеткіздік. 

Жігер отын жани түсеміз

Тәуелсіз Қазақстанның қа­лыптасуы Президенттің қызметімен тікелей байланысты. Қазақстан өз тәуелсіздігінің 20 жылдан астам уақыты ішінде әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды.

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев аз ғана жылдың ішінде тәуелсіз елімізді биік сатыға көтерді. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің туын желбіретті. Әлемнің 150-ден астам елімен дипломатиялық қатынас орнатты. Қазақстан өзге мем­лекеттердің даму жолдарын саралады, өзінің көпқырлы саясатын қа­лып­тастырды, ұлттық сана мен ұлттық танымға үлкен өзгерістер енгізді. Ұлттық идеологияның, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары белгілен­ді. Міне, осының барлығына Елбасының арқасында қол жеткізгендігімізге ешкім дау туғызбасы анық.

Қазақстан халқының орта жасы 35-ті құрайды. Демек, Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Олар аталары мен бабалары құрған мем­лекеттің тізгінін берік ұстап, әлем мойындаған Қа­зақстанды одан әрі асқақтата бермек. Оған қажетті қамқорлық мемлекет тарапынан жасалған. Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы Елбасының Жолдауларында бастама алған мемлекеттік бағдарламаларды жастар арасында кеңінен насихаттау, оларды жастарға түсіндіру және бағдарламаға қатысуын арттыру мақсатында көптеген шаралар өткізіп келеді. 2013 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, өз бизнесін бастауға несие алған  жастардың саны 33%-ға өсті. «Жасыл Ел» бағдарламасына қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Сонымен қатар, жастардың бастамаларына қолдау көрсету, жастар шығармашылығын қолдауға, рухани құндылықтар мен патриоттық тәрбие беру жолында кешенді іс-шаралар жастардың бойында мемлекетке құрмет, өз Отанын сүю, еңбекке баулуды дарытады.

Тұңғыш Президент күні мерекесі жастар үшін өте маңызды және жастардың тарапынан қолдау тауып отыр. Осы орайда  атыраулық жастарды айтулы мерекемен құттықтаймын. Мереке құтты болсын! Еліміз тыныштықта, амандықта болсын! Тәуелсіздігіміз жасасын!

Арман АЗАМАТОВ,

Атырау облысы жастар саясаты мәселелері

басқармасы басшысының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз