ӨНДІРІСТІ ӨҢІР САНАЛАТЫН ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНЫҢ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕСІ ҚАНДАЙ?
Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифинг Жылыой ауданындағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдардың жайына арналды. Бұл туралы аудан әкімі Халел Жамалов баяндады. Биыл Құлсарының қала мәртебесін иеленгеніне 25 жыл толуына байланысты басты назар да соған аударылды.
Алдымен елді мекендерді газдандыру мәселесіне тоқталған аудан басшысы бүгінгі таңда бұл бағытта жоспарланған жұмыстардың толықтай дерлік жүзеге асқанын алға тартты. Қазіргі уақытта аудан орталығы — Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағынауданын және Жаңа Қаратон кентінде жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешенін газдандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 млн.теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ауыз сумен қамтудың деңгейі қандай?
Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда мұнда 6 су тазарту қондырғысы мен әрқайсысының сыйымдылығы 5 мың текше метрлік су сақтайтын 2 резервуар бар. Өңір тұрғындарының 98,7%-ы ауыз суды орталықтандырылған су құбырынан, қалған 1,3%-ы арнаулы автокөлікпен тасымалдау арқылы тұтынады. Айта кету керек, Қарағай елді мекеніндегі су жүйесінің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталып, биылғы қараша айында аяқталды. Жаңа жүйенің пайдалануға берілуімен байланысты суды тұтыну құны айтарлықтай төмендеді.
Жобасы бар да, жұмысы жоқ
Өндірісті өңірде өзекті мәселелер де жеткілікті. Соның бірі – көптен бері айтылып, жырға айналған Құлсары қаласында кәріз суын тазарту имаратын салу. Осы күнге дейін бұл проблема нақты шешімін таппағандықтан лас сулар далаға ағып, экологиялық проблемалардың туындауына себепші болуда. Қазіргі кезде осы имаратты салуға қажетті жер учаскесі бөлінді. Сәйкесінше, жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жобаны жүзеге асыруға «Жылыойсу» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны мен сенімгерлік басқаруға алған «Газмұнайсервис» ЖШС міндеттеніп отыр.
Сонымен қатар, Жаңа Қаратон кентінде де кәріз суын тазалайтын имарат салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда, әлі күнге нақты жұмыстар қолға алынбаған. Ең алдымен, нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға қажетті қаржыны іздестіру керек. Мұның сыртында, Құлсары қаласындағы қолданыстағы кәріз суын айдау станциясын қайта жаңғыртуға бюджеттен 135,2 млн.теңге қаражат қаралып, бүгіндері мұнда мердігер кәсіпорын — «Сапа Құрылыс-2007» ЖШС жобаға сай құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс алты айда аяқталады деп болжамдалуда. Осындай жұмыс Жаңа Қаратон кентінде де қолға алыныпты. Қазірдің өзінде мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан оң қорытындысы шыққан. Жобаны әрмен қара жүзеге асыру үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім берілді.
Жолдар жақсартуды қажет етеді
Аудан көлеміндегі жалпы пайдаланымдағы автокөлік жолдарының ұзындығы 1200 шақырымнан асады. Оның ішінде, республикалық маңыздағысы – 249, аудандық маңызы бары – 347 және жергілікті дәрежедегі жолдар – 606 шақырымды құрайды. 2018 жылы Құлсарыдағы 416 шақырымдық қалаішілік жолдың 139 шақырымы немесе 33 пайызы қанағаттанарлық жағдайда болатын. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде бұл көрсеткіш 53 пайызға көтерілді. Бұл кезеңде шаһарда барлығы 80 шақырымға жуық жол қайта жаңғыртылды. Алдағы жылы тағы да 30 шақырымнан аса жолды реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
Ендігі кезекте Құлсары қаласының жаңадан бой көтерген «Атырау» және «Болашақ» шағынаудандарында автомобиль жолдарын салу жоспарда тұр. Нақтылай кетсек, мұнда жалпы ұзындығы 90 шақырымның үстінде жол төселетін болады. Екеуін қоса алғандағы жобалық құны 15 млрд. теңгеге жуықтайтын бұл нысанның құрылысы бойынша белгіленген жұмыстар биыл басталып та кетіпті.
Одан бөлек, селолық елді мекендерде жаңадан жалпы ұзындығы 89 шақырым ауылішілік жол салу жоспарланып, жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде атқарылатын бұл жұмыстардың бастапқы кезеңі бес елді мекенді қамтып, қажеттіліктің 16 пайызын құрайды. Бүгіндері Жаңа Қаратон кентінде жаңадан салынатын 30 шақырым актокөлік жолының құрылысын жаяу жүргінші жолымен қатар жүргізу ойластырылған. Оған қоса, жоғарыда айтылып кеткен Қарағай ауылына кірме жол мен аудан орталығымен өтетін Құрсай өзегі арқылы Нұрманов және Сариев көшелерін жалғайтын, бұған дейін басталған көпір құрылысы келер жылы жалғасады.
Электрмен жабдықтаудың жайы нешік?
Аудан әкімінің сөзінше, өңірде елді мекендерді электрлендіру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жолға қойылған. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» шеңберінде Құлсары қаласында электрмен жабдықтау нысанының (подстанция) құрылысы қолға алынған. Жоба құны 2,5 млрд. теңгеден асады. Мердігер кәсіпорын –»АЙКОМ LTD» ЖШС. Бұл жоба бойынша осы жылы Ұлттық қордың есебінен 1,8 млрд.теңге қаражат қаралып, оның тең жартысынан астамы игерілген.
Мұнда да «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен шаһардағы электр желілерін қайта жаңғырту көзделген. Жобалық құны 1,35 млрд. теңгеге бағаланған бұл жұмысты орындауды «Электромонтаж» ЖШС міндетіне алған. Құрылыс жұмыстарының бастапқы сатысына жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бағытталған. Осындай іс-шаралар өңірдегі ірі елді мекендердің бірі — Қосшағыл ауылында да жжүзеге асырылмақшы.
Өзекті мәселелердің бірінен саналып келген түнгі көше жарығының жайы да біртіндеп шешімін таба бастаған сыңайлы. Осылайша, «TNS Intec» ЖШС-імен арада бекітілген мемлекеттік – жекешелік әріптестік келісім-шарты шеңберінде тұтастай алғандағы ұзындығы 70 шақырымға жуықтайтын жарықтандыру желісі тартылуда. Осы мезгілге дейін бұл мақсатқа бөлінген 2,5 млрд.теңге толықтай игеріліп, жоспарланған жұмыстар кесте-жоспарға сәйкес жүргізілуде. Іске қосылған желілерді күтіп ұстау да мердігер кәсіпорынға жүктелген.
Тұрғын үйден тапшылық болмау үшін
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің ұдайы назарында ұсталатын маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда, жыл басынан бері қалада 70624 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде, халықтың өз қаражаты есебінен салынған үйдің ауданы 65489 шаршы метрге немесе 103%-ға тең.
Құлсары қаласында 231 көп қабатты үй бар Олардың тең жартысынан астамы екі, қалғандары үш, төрт және бес қабатты үйлер. Бұл баспаналардың алды өткен ғасырдың 50-60 жылдары салынған, ал соңғысы 2015 жылы пайдалануға берілген. Пайдалануға берілгенінен алпыс-жетпіс жыл болған үйлердің тозығы жеткен, көпшілігі апатты жағдайда. Сол себепті, мұндай үйлердің біртіндеп бұзып, тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру де күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Қазіргі таңда ауданда баспанаға мұқтаж 1300-ден аса адам тұрғын үй кезегіне тіркелген.
Аудан орталығынан бірінші кезекте салынуы жоспарланған 100 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған жағдайда, жүздеген тұрғын жайлы баспанамен қамтылады. Сонымен қатар, аудан орталығынан тағы да осы 3 қатарлы 60 пәтерлік 1 тұрғын үйдің («NCOC» ЖШС-нің демеушілігімен) құрылысы басталды.
Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту да айрықша назарда ұсталынып отырған мәселелердің бірінен саналады. Жыл басынан бері ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген 4591 адамның 3961-і тұрақты жұмысқа орналастырылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш одан әрі көтеріледі. Сөйтіп, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі 95 пайызға жеткізіледі.
Әлеуметтік салада жүзеге асқан жұмыстардың тасасында кейбір кемшіліктердің, көлеңкелі тұстардың барын да аудан әкімі брифинг барысында қойылған сұрақтарға жауап беру кезінде ашық айттты. Бұған дейін талай мәрте көтеріліп келген тазалық мәселесінің сын көтермейтіндігі, әсіресе, Құлсары қаласының әр жерінде шаһардың көркін кетіріп тұрған бұзылған ғимараттар мен жабайы үйінділер әлі де сол күйінде көрінеді. Бұған қатысты айтылғаны –-«Жылыой тазалық» кәсіпорнына тапсырма беріліп, осындай шараларды жүргізуге керекті арнаулы техникаларды сатып алуға тапсырыс берілген. Ол жаңа жылдың алғашқы айларында орындалысын тауып, тазалық төңірегінде нақты жұмыстар жүргізіледі деп кеүтілуде.
Соңғы кездері адамдардың өміріне қауіп төндіріп отырған көшелердегі қаңғыбас, бұралқы иттерді жою жөнінде де көптен айтылғанымен, шешімін таппай келе жатқаны да тұрғындарды толғандырған мәселенің қатарында аталды. Қорыта айтқанда, мұның өзі өндірісі өркендеген өңірде өзекті проблемалардың да аз еместігін аңғартты.
Д. Аруев