Жарнама
Қоғам

Өкінбестей өмір сүр!

Уақыт дегенде біреулердің көз алдына сағат, күн, ай, жылдар елестер. Ал маған зырғып өтіп бара жатқан өмірдің өзі көрінеді. Уақыт — өмір сүруге берілген мүмкіндік. Бұл өмірдің көзге көрінбейтін ғажайып тосын сыйлары ұшан теңіз. Кейде мені бір сұрақ жиі мазалайды: «Біз осы, адамзат баласы әр минутымыз бен әр секундымыздың, яғни алтын уақытымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе?»

Жоқ… Сағат минуттардан, минут секундтардан құралады. Сол әр минут, әр секундтардың ішінде әлемде талай оқиға мен құбылыстар болып жатады. Мысалы, бірі уақытын тиімді пайдаланып, терең білімге ден қойып, жан дүниесін рухани байытып, адами құндылықтың биік шыңына жетсе, ал кейбір жүрегі жомарт жандар жақынына, жұртына жанашырлық танытып, алғыс арқалайды. Бұл — уақытын текке кетірмей, жарқын болашаққа ұмтылған адамның ғұмыры. Бұл өмірде барлығы да біз ойлағандай бола бермейтіні белгілі. Сол себептен, екінші тарапты да саралап көрейік. Әлемнің бергі бетінде адамдар бақытқа кенеліп,  жүзі қуаныштан бал-бұл жанып жүрсе, екінші жартысында бірі баспанасынан, дүние-мүлкінен айрылып жатады. Дүние-мүлікті қойшы, ал жақыныңнан айрылу қандай азап?! Міне, уақыттың біз біле бермейтін тылсым күші.

Кей адамға: «Бүгінгі күнің қалай өтті?» деп жағдайын сұрасаң: «Таң атады, күн батады, осылай уақытым өтуде!» — деп жауап қатады. Қызық,  иә…? Сол іш пыстырарлық күнді түрлі түсті айшықпен бояп, мәнді де мағыналы өткізуге кім кедергі? Айналысатын пайдалы іс көп қой, шіркін. Босқа өтіп жатқан уақытыңды қор қылғанша, білім алып, Абайша айтқанда, терең білуге талап қылмай ма?!.

Әдемі көйлек таңдайсың,

Көресің ұстап әрқайсың,

Он сағат сатып алсаң да,

Уақытты сатып алмайсың, — деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атамыз уақыттың қадірін бір шумақ өлеңге сыйғызып кетті емес пе?!

Қорыта айтқанда, әр адамға таразыға тартып өлшегендей өмір сүруге берілген белгілі бір уақыты бар. Бәріміз де бұл өмірге қонақ болып келгенбіз, қонақ күйінде қайтамыз. Алтынды ақшаға сатуға болғанымен, уақытты еш нәрсеге айырбастай алмаймыз. Өтіп бара жатқан уақытты аялдатып, не кері шегіндіре алмайтынымыз тағы ақиқат. Сондықтан өзім қатарлы замандастарыма айтарым: «болашақта «Қап!» деп қатты опық жеп қалмаудың қамын қазірден бастап ойлай жүргеніміз абзал.

Аида ӘБДІРАХМАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті

 «Журналистика және ақпарат» мамандығының ІІІ курс студенті

Сурет: ЖИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button