Облыс әкімі Құрманғазы тұрғындарымен кездесті
Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданының жергілікті тұрғындарына ауданда атқарылған жұмыстар жайында және алдағы жоспарлар жайында баяндама жасады, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы жиында алдымен тұрғындарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойғанын айтып, 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырды.
Жиында тұрғындар толғандырған сауалдарын жолдады. Олар ауылда егін егу, ауыз су тапшылығы,«Атырау-Астрахань» автомобиль жолының және әлеуметтік саладағы мәселелерді көтерді. Құрманғазылықтар бұқаралық спортты дамыту үшін спорт кешенін салуды ұсынды.
-Аудан орталығындағы стадионды
қайта жаңғырту жоспарлануда. Бұқаралық спорт — ұлт денсаулығының кепілі. Сондықтан тұрғындар арасында спортпен шұғылданатындар санын арттыру мақсатында бұл жұмыстарды жолға қою бастамаларын қолдаймын. Жалпы құрылыс нысандарының санына емес сапасына мән беру керек,деді облыс әкімі.
Кездесуден соң аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Айта кетейік, Құрманғазы ауданындағы халық саны 58 мыңнан асады. 25 білім беру мен денсаулық сақтау мекемелері, музыка, спорт мектептері, кәсіптік-техникалық мектеп, аудандық аурухана, емхана, өкпе аурулары шипажайы және т.б мекемелер бар.