«Өрлеу» көмегін ұсынады

«Өрлеу» көмегін ұсынады Жаңалықтар

Өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтіп, оған Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысы Нұрлы Хабиева қатысты. Ол аз қамтылған отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік көмек және таяуда өтетін «Қамқорлық» айлығы жайында әңгімеледі.

%d3%a9%d1%80%d0%bb%d0%b5%d1%83-%d0%ba%d3%a9%d0%bc%d0%b5%d0%b3%d1%96%d0%bd-%d2%b1%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b0%d0%b4%d1%8b

Жасыратыны жоқ, ел арасында жұмыссыз қалып, болмаса аурулығы себепті шиеттей баласын баға алмай отырған отбасылар жоқ емес, бар. Міне, осындай жандарды әлеуметтік жағынан қолдау үшін елімізде көптеген шаралар қолға алынған. Солардың бастылары – әлеуметтік төлемдер, отбасылық кірісін жан басына шаққанда азық-түлік себетінің мөлшерінен аспайтын аз қамтылған отбасыларының 18 жасқа толмаған балаларына тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы, Атырау қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі. Енді аз қамтылған отбасыларына арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрі – «Өрлеу» пилоттық жобасы бойынша тағайындалатын шартты ақшалай көмек жүзеге асуда.

Әлеуметтік көмектің жаңа түрін енгізудің басты мақсаты – аз қамтылған отбасыларындағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына тарту, жеке кәсіппен айналысу, жеке шаруашылығын дамыту арқылы табыс көзін молайту нәтижесінде кедейлік деңгейінен шығуға ықпал ету, әртүрлі себептермен қоғам өмірінен шеттеп қалған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу шараларына тарту болып табылады. Сол арқылы олардың қоғам өміріне белсене араласуына жәрдемдесу және әлеуметтік масылдық пиғылдың таралуына тосқауыл қою қажет. Үстіміздегі жылы шартты ақшалай көмек тағайындауға бұл жоба шеңберінде жергілікті бюджеттен – 4620,0 мың теңге, республикалық бюджеттен  8046,0 мың теңге бөлініп, 8 айда 58 отбасы – 327 алушыға  тағайындалды. «Өрлеу» жобасына қатысушылардың ішіндегі еңбекке жарамды 69 адамның 47-сі жұмыспен қамтылды, қалған 22 адамды қыркүйек айында жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

Биылғы наурыз-мамыр айларындағы Атырау қаласында жауған нөсер жаңбыр салдарынан зардап шеккен 1121 азаматтан өтініш түскен болатын. Арнайы комиссияның шешімімен: – 451 азаматқа тұрғын үй құрылысын салуға, 65 азаматқа басталған үй құрылысын аяқтауға,  17 азаматқа тұрғын үйлеріне жөндеу жүргізуге материалдық көмек бөлініп, төленді.

145 үй бойынша үй иелері және отбасы мүшелерінде екі және одан да көп үйлері бар, соңғы бес жыл ішінде тұруға жарамды үйлерін иелігінен өз еркімен шығарған, 2015 жылғы төтенше жағдайға байланысты біржолғы әлеуметтік көмек алған, ауласында екінші тұруға жарамды үйлері бар, басқа да себептерге байланысты арызданушының отбасы әлеуметтік қолдауға мұқтаж болмау жағдайы негізінде бас тартылды.

Ал, 80 азамат материалдық көмек бөлуге негіз болатын құжаттарын  уақытында тапсырмаған.  24 арыз иесі өз еріктерімен материалдық көмек алмайтын болды.

Брифингте, бұдан басқа, жұмыспен қамту, мүгедектерді арнайы құралдармен қамтамасыз ету, азаматтардың хал актілерін тіркеу, алда келе жатқан «Қамқорлық» айлығын ойдағыдай өткізу жайы кеңінен сөз болды.

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз