
Мүгедектігі бар адамдардың құқығы қаншалықты қорғалуда?
Жыл басынан бері өңірде мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша мүгедектігі бар адамдар есебінен 1380 адам хабарласқан. Оның ішінде 1324-і әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, 506 адам жұмыспен қамтылған. Соның 137-і тұрақты, ал 369-ы субсидияланатын жұмыс орындарына орналасты. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықтың әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес отырысында айтылды.

Кеңеске облыстық онкологиялық диспансердің директоры, облыстық мәслихат депутаты, аймақтық кеңес төрайымы Эльмира Сапарова төрағалық етіп, күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Сонымен қатар партияның 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, сондай-ақ «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды.

Кеңес барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиева, облыстық білім басқармасының тәрбие бөлімінің басшысы Дулат Хамзин, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспан баяндама жасады. «Отбасы банкінің» өкілі Сәуле Сәрсембаева жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдарға тұрғын үйді жеңілдікпен алу тетіктерін түсіндіріп өтті.

Жиын қорытындысы бойынша хаттамалық ұсыным қабылданып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ