«ӨМІР ГҮЛІНІҢ» ӨРІМТАЛДАРЫ

енді республикалық бәсекеде бақ сынайды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әр облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» атты республикалық конкурс ұйымдастырғаны белгілі. Қазіргі уақытта облыс деңгейіндегі сол байқаулар аяқталып, бірнеше жеңімпаз Елордадағы сыншылар іріктеуінен өтпекші.

Солардың есімдерін атап өтер болсақ, «Үздік орындаушы» номинациясы бойынша жылыойлық Нұрхат Көбеев, Нұржан Бағытов, Смадияр Мырзағалиев, Әмір Үмбетов бар. Бұлардың бірі өз даусымен ән айтса, бірі ыммен орындайды. Олар – түрлі қалалық, облыстық және «Айгөлек», «Жұлдызай», «Жас қанат» байқауларының жеңімпаздары. 
«Үздік би» номинациясында өнердің әр қырынан икемі бар, «Жұлдызай» фестивалінің лауреаты, көрермендер көзайымы болған жеңімпаз Ағерке Боран, өзі естімесе де, сөйлей алмаса да қимыл мен әуенді дәл сәйкестендіретін Есен Сатқынов бар.
Ал, «Үздік жасампаз» номинациясы бойынша үш қатысушы – портрет жанрында – Бақыт Салиев, суретте – Жанболат Молдағалиев, қолданбалы өнерде – Амангелді Мұхтаров.
«Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты конкурстың облыстық іріктеу концертінде осы жоғарыда есімдері аталған өнерпаздар республикалық конкурсқа жолдама алған болатын. Конкурсты ұйымдастырушылар ыммен аударма жасаушы, хореограф Исатай Елеусінов пен «Өмір гүлі» ансамблінің жетекшісі Тыныш Жакупованың белсенділігіне дән риза. Көп арасында «біздің Таня» атанып кеткен Тыныш өзінің мүмкіндігі шектеулі жан екеніне қарамастан өзі секілді өнерлі жандарды жанына топтастырып, тамаша ансамбль құра білді. Сондай-ақ, ол спорттың ерекше түрі – үстел теннисінен үздік ойыншы. Мамыр айында Тараз қаласында өткен IV спартакиадада өзі секілді спортшылар арасынан чемпион атанды.
– Біз елімізде «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» атты республикалық конкурстың ұйымдастырылғанына қуаныштымыз, – дейді Тыныш Жакупова бізбен әңгімесінде. – Себебі, көпшілік «мүгедек» деп менсінбейтін халықтың мүмкіндігі шектеулі тобының арасында таңдай қақтырар тамаша әнші де, мың бұралған биші де, көрерге көз керек туынды – қылқалам және қолөнер шебері де баршылық. Мен, әсіресе, жеңімпаз өнерпаздардың біздің «Өмір гүлі» ансамблінің мүшелері екенін мақтан тұтамын. Елордадан күтіп отырған сүйінші хабар тезірек жетіп, үлкен сахна төрінде өнерімізді паш етсек деймін.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз