«Архив-2025» жобасы қалай жүзеге асырылуда?

konferentsiya Жаңалықтар

Atr.kz/8 қараша, 2019 жыл. «Қоғамдық келісім мен ұлт бірлігінің факторы ретінде тарихи сананы жаңғырту». Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұйымдастыруымен оқу  орнының мәжіліс залында өткен өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына тарихшы-ғалымдар, архив, кітапхана қызметкерлері, облыстағы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері және студент жастар қатысты.

     Атылмыш конференцияны ұйымдастырудағы мақсат­­ – Елбасының қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртуға арналған бағдарламалық мақалаларының түйіндерін жұртшылық пен жастар арасында ғылыми тұрғыда талқылап, түсіндіру, қазақстандық бірегейлікті және ұлт бірлігін нығайту бағытындағы тарихи-мәдени мұраларды зерделеу мен пайдалану тәжірибесімен алмасу.

Пленарлық және панельді пікірталас форматында өткен шараға қатысушылар «Тарихи сана және ұлт бірлігі», «Қазақстан этностарының тарихы мен мәдениеті, дәстүрлерінің сабақтастығы», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Архив ­– 2025» жобасы аясында «Кеңестік дәуірдегі Атырау өлкесінің тарихын зерттеуде архив құжаттарының маңызы» атты тақырыптарды кеңінен талқылады.

   Пленарлық отырысты Атырау мемлекеттік университеті ректорының ғылым жөніндегі проректоры Саламат Ідірісов ашып жүргізіп отырды.  Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары ­– хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова конференцияны өткізудің маңызы мен этномәдени бірлестіктер жұмысына тоқталды.

Ол осы ұйымдар арқылы әрбір этнос өкіліне ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, тарихын танып-білуі мен оларды өскелең ұрпаққа үйретуге барлық жағдай қарастырылғандығын айтты. Барша этнос өкілдері бас қосатын «Достық үйі» 2014 жылы пайдалануға беріліп, содан бері ұлттар арасындағы бірлікті, қоғамдық келісімді нығайту, ғылыми-сараптамалық, қоғамдық-көпшілік және ақпараттық жұмыстарды жан-жақты жүргізуде белсенді қызмет атқарып келеді.

dsc 0009

     Бұдан соң «Тарихи тұлғалардың тарихи сананы жаңғыртудағы рөлі туралы» баяндама  жасаған С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, доцент Мұхтар Миров ХVI-ХVII ғасырларда өмір сүрген,   Самарқан қаласына 44 жыл әмірлік жүргізген Жалаңтөс Баһадүрдің  даңқты қолбасшы, көреген стратег, білікті мемлекет қайраткері ретінде ұлы тұлғалық, Алтын Орда тарихында 17 билік құрған батыр, би Едігенің, Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан асқан сұлу, ақылды, ержүрек қайраткер Бопай ханым Сүйіндікқызының тарихымыздағы орны мен рөлі жөнінде әңгімеледі.

    Конференция «Рухани жаңғыру» Қазақстан халқының бірлігі мен этносаралық келісімнің негізі ретінде» тақырыбында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті Күләш Жұмағалиева, «Қазақстан халқының қалыптасуының тарихи-мәдени негіздері» жөнінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ернар Үшкенов, «Атырау облысының 1920-1940 жылдардағы қоғамдық саяси өміріндегі өзгерістер архив құжаттарында» деген тақырыпта облыстық мемлекеттік архивтің директоры, тарихшы-ғалым Серік Қуаныш және «Қоғамдық және тарихи сананы жаңғыртудағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-зерттеу құрылымдарының әлеуеті» жайлы ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Үркімбаева баяндама жасады.

    Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар бұл тақырыптағы әңгімені Ғ.Сланов атындағы облыстық кітапханада өткен дөңгелек үстел басында жалғастырды.   

                                                                                          Бақытжан ХАМИТҰЛЫ

dsc 0002
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз