Миялыда Мұқанбет ұстаның көрігі сақтаулы тұр
atr.kz/22 қыркүйек, 2020 жыл. Жазиралы кең алқапта металл өңдеу ісімен айналысып, темірден түйін түю арқылы сан мыңдаған адамның алғысын алған жандар көп-ақ. Болат балқытып, одан бұйым жасауды ата-бабаларымыз осыдан сан ғасыр бұрын меңгерген.
Шынында, елдің кез келген өңірінің мәдени дамуының тарихына үңілген кезде, қолөнері тәрізді қастерлі мұраның ұрпақтан-ұрпаққа табиғи қалпында жетуіне халық арасындағы ісмерлер мен қолөнер шеберлерінің атсалысқаны айдан анық байқалып тұрады.
Сол кезде қара халықтан шыққан зергер-ұсталар металды балқытып, өңдеп, тұрғындарға қажетті сан түрлі бұйымдар жасап беріп отырған. Зерттеушілер өткен дәуірде қазақ жерінде болған ұсталық өнердің шырқау биігін өз жазбаларында тілге тиек етеп келеді. Қазір ол кәсіппен айналысушылар жоқтың қасы. Ертедегі ұсталар пайдаланған құрал-саймандарды бүгінде тек музей сөресінен кездестіретініміз шындық.
Әйтсе де, біз осы қалыптасқан ұғымға кереғар жайттың орын алғанына куә болдық. Жұмыс бабымен Қызылқоға ауданына іссапарға барғанымызда Миялы село сы н д а ғ ы ауд а н д ы қ тарихи-өлкетану мұражайындағы к ө п ж ә д і г е р д і а р а л а й ж ү р і п , сол өңірде өмір сүрген зергерұсталардың құрал-сайманына көзіміз түсті. Кезінде шебердің қолынан түспеген сом балға мен қысқаш, үрлеуіш пен қалақ, тістеуіш пен шымшуырлар қаз-қатар тізіліп тұр. Қимылсыз жатқан қара темірлерді тот басқан.
Осы құралдардың жанында май сіңген көне көрік қойылыпты. Таңсық дүниеге таңырқай қарап тұрғанымызда жанымызға келген мұражай қызметкері Бақтыгүл Базарбай: – Бұл өңірімізге белгілі зергерұсталар Мұқанбет Қожахметұлы мен Жұмахмет Өтемісұлына арналған бұрышымыз. Мынау Жұмахмет ұстаның көрігі. Ал, Мұқанбет ұстаның көрігі ұлының үйінде арнаулы орында сақтаулы тұр. Сонымен қоса, онда ұстаның пайдаланған көптеген құралдары да бар. Облыстық музей өкілдері де, біздің қызметкерлер де сан мәрте сол көрікті мұражайға тапсыруын сұраған еді. Бірақ, баласы әке мүлкінен айырылар емес. Көрікті қасиетті де құнды зат ретінде қастерлеп ұстап отыр, — деді.
Көрікке назарымызды тағы бір салған соң, көкейімізді «Мұқанбет ұстаның көрігі қандай екен?» деген ой мазалады. Сол мезетте мұражай қызметкерлерінен ұста ұрпағының мекен-жайын сұрастырдық. Сөйтсек, әке мүлкін аялап отырған азамат бүгінде 77 жасқа келген Миялы селосының тұрғыны Жаубасар Мұқанбетов екен. Ақсақал – аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы және Миялы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарып отырған белсенді жан боп шықты.
Көрік тұрған үйді көлікпен іздеп тауып, ауыл азаматынан әкесі туралы, әкесінің мүліктері туралы сұрай бастадық. Бізді жайдары жүзбен қарсы алған Жаубасар ақсақал өз ауласындағы ұстаның құралдарын сақтау үшін арнайы салынған орынға бастап барды. Алқа кілтпен құлыптаулы есікті баппен ашып, «Бисмиллаһ» деп босағадан оң аяғымен аттады. Біз соңынан ердік. Арнайы орын жарық әрі жинақы екен. Оң жақтағы сөренің біріне ұста пайдаланған балға, іскенже, тістеуік, қысқаш, шымшуыр, балта, үгіндірік, көзеуіш, қалақ, егеу тәрізді құралдары қойылса, екінші біріне шебердің қолынан шыққан қырықтық, таға, ауыздық, кісен, көсеу, басқа да жабдық-жарақтар жайыла реттелген. Бөлменің сол жағына біз іздеп келген үрлеуіш сайман – үлкен қоңыр көрік орнығыпты.
Бөлме іші кішігірім мұражай секілді. Әкемнің әкесі де кезінде ұста болған екен. Әкем Мұқанбет сегіз жасқа келіп, ұсталық өнердің алғашқы сабақтарын ала бастаған шағында атам бақилық болыпты. Содан әкем марқұм ержеткен соң ата жолын жалғастыруды көздеп, одан қалған құрал-сайманды мирас еткен екен. Одан соң Жұмахмет деген жігіт екеуі Тайсойған өңіріне белгілі зергер-ұста Айжарық Бекбенбетұлынан дәріс алған. Олар шеберге қолғабыс ете жүріп, қолөнерлік кәсіптің өздеріне таңсық құпиялары мен соны тәсілдерін игеріп, ақырында екеуі де өңірге белгілі ұста болып шықты, — деді Жаубасар қария. Оның айтуынша, Мұқанбет ұста бастапқы кезде зергерлік бұйымдарды жасауға ден қойған көрінеді.
Ол соққан түрлі сақина, білезік , сырға, өңіржиек, алқа, жүзіктер төңіректегі қыз-келіншектердің бірбіріне мақтана көрсететін сәндік бұйымдарына айналған. Осылайша, көпке танылған зергерге тіпті көрші өңірлерден де тапсырыстар түсіп отырған. Жаз айларында Жұмахмет ұста екеуі қара терге малшына жүріп жасаған тұрмысқа қажетті түрлі заттарды бірнеше арбаға тиеп, Көкжар (Ойыл) базарына апарып бұйымдарын саудалаған, өз тұрмыстарына қажетті заттарға айырбастаған екен. Жылына екі рет ашылатын әйгілі базардың бір бұрышынан орын алып, қара күзге дейін өздері базарға келушілердің қажеттіліктерін өтеген. Ер-тоқым, шана, ат-арба, күрек, шот, ат әбзелдері тәрізді түрлі жабдықтарды жасап сатқан. Осылай, әркез ауылға мол олжамен оралып отырған. Темірге тіл бітіретін ұста Кеңес үкіметі тұсында ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, көпшілікке ұжымшар қажеттілігі мен үй шаруасында пайдаланатын сан алуан заттарды жасап беріп отырған. Осылайша, саналы ғұмырында көрікті өзіне серік еткен Мұқанбет Қожахметұлы 92 жыл ғұмыр кешіп, елден алған мол алғысын арқалап бақилыққа өткен.
– Көрік тұрған үйде қасиет болатынын халқымыз баяғыдаақ айтқан. Сондықтан әкемнің пайдаланған көрігі біздің әулеттің, шаңырақтың көркі боп саналады. Бұл ешқандай ақшаға сатылмайтын, баға жетпес жәдігер, ұрпақтан-ұрпаққа табысталатын мұра болып қала береді. Ұрпақ сабақтастығы дегендей, бүгінгі күні әкем Мұқанбеттің ұсталық қасиеті немересі, менің ұлым Есентайға дарығандай. Қазір үйдің жанынан ашқан дәнекерлеу шеберханасында ауыл-аймақ тұрғындары техникаларының сынған, үзілген бөлшектерін жіптіктей қылып дәнекерлеуі арқылы атасы тәрізді ел алғысына бөленіп жүр, — деді Жаубасар Мұқанбетұлы. Көнерген әке мүлкін көкке көтере қастерлеп, көздің қарашығындай қорғаштап отырған Мұқанбет ұстаның ұрпағына шынайы риза болып, ұрпақ тәрбиесінің қалыптасуына үлгі болар осындай отбасылар елімізде мол болса екен деп тіледік.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ