МЕНІҢ ҰСТАЗДАРЫМ
Ұстаз деген ұлы есімге сай келетін ұстаздар көп, әрине. Осы орайда мен ел ішінде ұстаздығымен танылған, халықтың құрмет-қошеметіне, ілтипатына бөленген Сабыр Қазыбайұлы, Көшәлі Жүсіпұлы, Әбдіхалық Әбдірашұлы, Қуаныш Оразұлын атаған болар едім. Олар менің ауылдық мектепте дәріс алған ұстаздарым.
Мен жоғарыда атап өткен ұстаздардың барлығының да сыртқы пішіні, жүріс-тұрысы, киім киістері, сөйлеу мәнері, сабақ үйретудегі әдістері – бәрі-бәрі жас буынға әсері мол еді. Сондықтан да, шәкірттер тыныш отырып сабақ тыңдайтын, ұстаздың айтқанын ұғып алуға тырысып, оқытушының сенімінен шықпай қалудан қорқатын.
Ақшелек орталау мектебінде Сабыр Қазыбайұлынан 5-7 сыныптарда білім алдық. Ол қазақ тілі мен әдебиеті, жағрафия пәндерінен сабақ жүргізді. Ол кездегі оқушылардың дені ересек болатын-ды. Жетіншіні бітірген ер балалардың көбі армияға алынды, қыздар тұрмысқа шықты. Атап өтерлігі, Сабыр Қазыбайұлынан білім алған оқушылардың барлығы ынтасы жоғары және сауатты болып шықты. Осы Ақшелектегі жеті кластық біліммен соғыс уақытында жауапты жұмыстарға араласып, міндетті абыроймен атқарып келді. Сондықтан да, Сабыр Қазыбайұлы бұл елден ерте ұзап кетсе де, оны жұрты ағасы, әкесіндей санап, байланыстарын үзбеді. Солардың қатарында біздің үйдің балалары, Әшіров, Өскенбаев, Жанаев, Қожанов, Кәженов және басқалары бар еді.
Бүгінде Сабыр Қазыбайұлының есімін білмейтіндер кемде-кем. Сәкең Ұлы Отан соғысынан жараланып келгеннен кейін, оны облыс орталығы Гурьевтегі орта мектеп директорлығына шақырған болатын. Бұдан кейін мектеп директорлығынан бұрынғы пединститут, қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет кафедрасы меңгерушісі, факультет декандығына дейін көтеріліп, доценттік, профессорлық атақтарын иеленді. Кеңес одағына, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген ұстаз сексен бес жасқа дейін үзбей абыройлы еңбек етті. Оны ұрпақ жадында қалдыру мақсатында Атырау қаласындағы №1 мектеп-интернатына есімі берілді.
Әбдіхалық Әбдірашұлы. 1941 жылы 19 жасында қысқа мерзімді оқытушылық курстан өтіп, Ақшелек ауылсоветіне қарасты Ақшелек жеті жылдық мектебіне оқытушылық жұмысқа орналасты. Ботаника, зоология пәндерінен сабақ берді. Соғыс басталғаннан кейін әскер қатарына алынып, майданға аттанды. Небары бір жылдың ішінде ғана есте қаларлық ұстаздық қасиетімен мәлім болып, оқушыларға табиғат заңдылықтарын тереңінен таныта білді. Әбекең соғыстың небір сұмдығын бастан кешірсе де Жеңісті майдан даласында қарсы алып, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тағып, елге оралды. Бейбіт жылдары ұстаздық қызметін жалғастырып, осы салада қырық жылдай еңбек етті.
Көшәлі Жүсіпұлы да – саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған жан. Жеті кластық білім алып, Гурьев мұнай техникумын бітіреді. Ол 1935-1936 жылдардағы Қызылқоға ауданының Былқылдақты ауыл советінде Шохат бастауыш мектебінің алғашқы ұйымдастырушысы, директоры болды. 1937-1942 жылдары осы ауданның Ақшелек (жеті жылдық) орталау мектебіне басшылық етті. Аталған жылдары шалғайдағы қатынас, байланыстары ауыр ауылдық мектептерді аудан, тіпті облыс бойынша алдыңғы қатардағы санатқа қосу жолында ерен еңбек сіңірді.
Ел басына күн туған шақта майдан шебінен табылған Көшекең Украина, Югославия, Венгрия, Австрия жерін неміс басқыншыларынан азат ету операцияларына қатысып, елге оралды. Көшекең майданда жүргенде жары Ақас пен бүлдіршіні көз жұмып, жалғыз қалған анасы Зибаны туыстары Ақшелек колхозынан Сағыз ауылына қоныстандырған еді. Сол себепті Көшекең Сағыз темір жол орта мектебіне математика, физика пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Арада бір жыл өткенде осы мектепке басшылық етіп, білім ордасын аудан және теміржол бойындағы үлгілі мектептер қатарына қосады.
Шындығына келсек, Сағыз орта мектебінде Көшәлі оқытқан түлектердің көпшілігі жоғары оқу орындарына түсіп, білікті инженер, механик, электрик, физик, математик атанып еді. Осы себепті ұлағатты ұстаз Көшәлі Жүсіпұлының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында үлкен істер атқарылуы керектей көрінеді.
Қуаныш Оразұлы жасын өсіріп жазу арқылы, он жетіге толған шағында майдан шебіне алынды. Онда мина тазалаушы болды. Соғыс өртіне оранған Еуропа жеріндегі фашистердің жеңілістен шегінгенде әдейі көміп кеткен миналарын залалсыздандырумен Берлинге дейін барып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен оралды.
Елге келісімен көп кешікпей Орынбор пединститутына сырттай оқуға түседі де, Жантерек бекетіндегі теміржол мектебіне бастауыш мектеп мұғалімдігіне жолдама алады. Кейін Сағыздағы теміржол орта мектебінің оқу ісі меңгерушісі қызметіне ауыстырылып, осы салада жүріп «Білім беру ісінің үздігі» атанды.
Өзім де ұстаздарымның жолын қуып, саналы шәкірттер тәрбиелегенімді мақтан етемін.
Қуандық ЖҰМАНҰЛЫ,
ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері.