«МЕНІҢ ПІРІМ – МАХАМБЕТ»
Бұған дейін ақын Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде болып, студенттермен кездесті. Халық қалаулысын білім ордасының басшысы Бейбіт Мамраев құшақ жая қарсы алды. Ақын, профессор Қадір Жүсіп өз естелігімен бөлісті. Облыс әкімінің атынан сөз алған оның орынбасары Шыңғыс Мұқан дауылпаз ақынын халқы ерекше қадірлейтінін жеткізді.
Театрда ұйымдастырылған кеш барысында ХХ ғасырдың атақты сазгері Шәмші Қалдаяқовпен бірге жазылған ақынның әсем әндерін белгілі өнер жұлдыздары мен өнерпаздар шырқады, автордың өлеңдері оқылды.
Халықтың сүйікті ақыны сахна төріне көтерілгенде делебесі қозған көрермен қауым аяқтарынан тік тұрып, қошемет көрсетті.
— Қадірлі жамағат! Мұнда келудің сәті он бір жылдан кейін түсіп отыр екен. Бұл өлкеге құрметім де, сағынышым да ерекше. Өйткені, бұл қазақ тарихындағы ешкіммен теңестіруге келмейтін ұлы да дара тұлға — Махамбеттің өлкесі. Әркімнің өз ұстанымы, үлгі тұтар тұлғасы болса, менің пірім — Махамбет. Бұл туралы өлең де жазған едім…
Өлең құрау – ақындықтың
көп қырының бір түрі.
Тек сол үшін оны ардақтау,
жөнсіздеу һәм күлкілі.
Дәуірі мен билігіне
саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар,
бірақ жыры дарынды…
Ерлігі жоқ, елдігі жоқ,
аузы ғана белсенер,
Сөзден ісі алшақ жатса,
оған қалай ел сенер?
Неге бүгін ұлт мүддесі науқас
жандай теңселер?..
Мұндай шақта ақындық
күш тек шындықпен өлшенер.
Нағыз ақын әр кезеңде
өзін қағып үлестен,
Ұлттық рухты мүдде
шыңы — шындық үшін
күрескен.
Шындық кәусар ақындыққа
болу керек асыл ән,
Шындықты айтып ер
Махамбет айырылған басынан.
«Ақындар аз сын сағатта
сөзден ісі зорайған»,
Десек-тағы «Абай қашан
жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан! — деп ақын ағынан жарылды.
— Сөзі қандай болса, ісі де сондай адамдар, ол — Махамбет, Жұмекендер. Қазақстан Жазушылар Одағына 777 адам мүше болса, соның бәрі бірдей керемет деп айта алмаймын. Сөзі мен ісі басқа адамдар қазір қаптап кетті. Осыған байланысты жаңа ұстаным шығардым, егер кімде-кім шындығын жоғалтып, ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, жүз жерден ғалым, ақын, ұстаз болсын, мен үшін құны көк тиын. Бұл сөзім көп елде қолдау тауып жатыр. Соңғы мезгілде материалдық байлық алдыңғы қатарға шығып, руханият кейінге ысырылды. Адамдар бір-бірін бағалаудан қалды, — деген ол бүгінгі қоғамдағы кейбір азаматтарды ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ өсімдігіне теңеді.
Осылайша жұрт алдында ақтарылған адуынды ақын өзінің өмір бойы айналысып келе жатқан тіл мәселесін де айналып өтпеді. — Қазақ балаларының бір шоғыры орыс мектептерінде білім алады. Орыс тілінде тәрбиеленген бала орысша қуанады, жылайды, тіпті түс те көреді. Сондықтан, өз ана тілінде тәрбиеленгеннің жөні бөлек. Жапонияда бала он екі жасқа дейін өз тілінде ғана тәлім алады екен. Он екі жастан асқан соң, он тіл үйренсе де еркі біледі. Семейдің бір балабақшасында үш жасар баланы орыс және ағылшын тіліне үйретеді екен. Ал, қазақ тіліне үйінде ата-анасы баулиды деп есептейді. Мен мұның бүкіл педагогика заңдылықтарына қайшы екенін мәселе етіп көтердім, — деді Мұхтар Шаханұлы.
Наурыз мерекесінің елімізде ресми тойлануына алғышарт жасаған да Мұхтар Шаханов еді. Осыған қатысты 1988 жылы бірінші хатшы Генадий Колбинге хат жазған ақын 13 бюро мүшелері ішінде тек сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің ғана қолдап, дауыс бергенін айтады.
Ақын келесі күні Ғабдол Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында өз оқырмандарымен жүздесті. Жас оқырмандар С.Байзақова, А.Құлова ақынның «Үнсіздік», «Желтоқсан алаңы», «Бақытты бол» өлеңдерін оқыса, А.Қаршығаұлы, Ә.Өміршина өз толғаныстарын ортаға салды. Ал, көпшілік назарына ұсынылған кітапхана қорындағы «Өр тұлғалы ақын» атты виртуалды кітап көрмесі ақын мерейін тасытты.
Шара соңында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы бастығының орынбасары Азамат Жолаев арғымақ жыр иесінің иығына шапан жауып, ізгі құрмет көрсетті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.