Білім сынағы басталды

ұлттық  бірыңғай  тестілеу – түлектер  үшін  шешуші  кезең

Кеше облысымызда мектеп түлектерінің 11 жылдық білімін саралайтын, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды.

Ол биыл облысымызда тоғыз қосында ұйымдастырылуда. Айта кетсек, Атырау мұнай және газ институтында жаңадан қосымша орталық ашылды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бас қосын болып саналса, ауылдық мектептердің оқушылары аудан орталықтарында тапсырады. Мамандардың айтуынша, тестілеудің обьективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін қосындар қажетті техникалық құралдармен жабдықталған.

Кеше облыс орталығында – 691, Қызылқоға ауданында – 189 және Мақат ауданында 176 түлек, барлығы 1152 оқушы алғашқылардың қатарында тестілеуден өтті. Олардың ішінде қазақ-түрік лицейі мен облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының шәкірттері де болды.

Облыстық білім беру басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы тест тапсыруға ниет білдіргендердің ішінде 77-сі «Алтын белгіге», ал, 18-і «Үздік аттестатқа» үміткер.

Қазақ-түрік лицейінің директоры Исмаил Эльманың айтуынша, оқу орнын биыл 49 түлек бітірсе, олардың ішінде 36-сы тестілеуге қатысып отыр. Ал, қалғандары халықаралық, республикалық олимпиадалар жүлдегерлері болғандықтан, ереже бойынша сынақтан босатылды.

Аталмыш лицей түлегі Нұрхан Оңдасынов та кеше «Алтын белгі» иегері атану үшін өз білімін саралап көрді. Ол бізбен әңгіме барысында тестілеуге тыңғылықты дайындалғанын, барлық ережелер түсіндірілгенін айтты. Болашақта инженер мамандығын меңгеруді қалайтын түлектің таңдау пәні физика болды.

Таң сәріден университет алдына жиналған шәкірттердің жүзінен қобалжу сезімі анық байқалып тұрды. Балаларының тілеуін тілеп келген ата-аналар да университет алдында тестілеу аяқталғанша күтіп тұрды.

– Қызым биыл Атырау қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №4 орта мектепті тәмамдады. Бала кезден арманы экономист маманы болу еді. Сол арманына жету үшін география пәнін таңдады. Тестілеуге жақсы дайындалды. Сондықтан, аудиторияға көтеріңкі көңіл-күймен кіріп кетті, – дейді Бибігүл Тасмағамбетова.

Ал, Қуандық Икебаев деп өзін таныстырған азамат тұңғыш немересі Асылханның білім сынынан сүрінбей шыққанын тілеп отыр. «Өйткені, бұл сынақ олардың қалаған мамандық иесі атануларына жол ашады. Ал, немеремнің арманы – әскери маман болу», – деді ол.

ҰБТ оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де жылдық қызметін саралайтын шара болғандықтан, ұстаздар да оқушылардың жанынан табылды. Олар кешкі уақытқа дейін нәтижені күтіп, университет алдынан бір адым алыстаған жоқ.

Айта кететін жайт, биыл ҰБТ өткізу форматы өзгеріссіз қалып отыр. Бұған дейін газетімізде хабарлағанымыздай, ағымдағы жылғы білім сынағында жоғары білім алуға мүмкіндік беретін шектік 50 балл жинамаған түлектерге кешенді тестілеуден өту мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұл жағдайда олар тамыз айында өткізілетін кешенді тестілеуге қатысуы мүмкін. Ал, бұл шара ақылы түрде 2 242 теңге төлегеннен кейін жүзеге асырылады. Қайта тестілеудің нәтижесі бойынша шектік деңгейді ала алмаған талапкерлер жоғары оқу орнына шартты түрде қабылдануы мүмкін.

Өткен жылдан бастап ҰБТ аясында тапсырылған жалпы білім беру пәндері бойынша аттестатқа мемлекеттік комиссия шешіміне сәйкес жылдық баға ескеріле отырып, орташа арифметикалық баға қойылуда. Ал, егер дау туындаған жағдайда бағаны дөңгелектеу көтермелеу жағына қарай қойылады.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары туралы алдағы нөмірлерде хабарлайтын боламыз.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз