«МЕН ОНЫҢ КЕЛЕТІНІНЕ СЕНЕМІН…»

Атырау облыстық кәмелетке жасы толмағандарды бейімдеу орталығына биыл жалпы саны 114 бала түскен. Бүгінде орталықты жеті бала паналап отыр.

 

Іштен шыққан балаларын тағдырдың тәлкегіне салғандардың көбі – ішімдікке бой алдырғандар. Мәселен, бес жасар Әдемі Мұқанова мақаладағы барлық (жеткіншектердің аты-жөні өзгертілді) орталыққа  Мақат ауданынан келіп түскен. Қаңғыбастыққа салынған анасы қызының өміріне мүлдем алаңдамаған. Ал, терезеге телмірген Әдемі анасының бір күні келетінін айтып, үмітін үзбейді. Құзырлы орган өкілдерімен оны отбасына қайтару жұмыстары қанша жүргізілгенімен, қаңғыбастыққа салынған әйел баласына мүлдем бет бұрмады. Сөйтіп, бүгінде қызынан бас тартқан әйел ата-ана құқығынан айырылды. Ендігі уақытта Әдемі Атырау қаласындағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің біріне орналастырылады. Анасының «тентек суға» әуестігі салдарынан баласының тірідей жетім қалуы жанға батады.

Ал, орталықты паналаған ағайынды Марина, Степан Мамытовтар жақында үйлеріне қайтарылатындықтарын естіп, қуаныштары қойнына симай жүр. «Анамыздың жанына барамыз» деп алақайлап, тәрбиеші апайларының мойнына асылған кішкентай Марина өз қуанышын қағазға суретпен бейнелеп жатты.

Орталық іші мұнтаздай таза. Мұнда балаларға қажетті барлық жағдай жасалған. Жатын бөлме, асхана, ойын, дене шынықтыру бөлмелері бар. Кітапхана жұмыс жасайды. Оның қорында 3600 кітап жинақталған.

Мұндағы балалар өмірдің күнгейімен қатар, көлеңкесін де ерте сезінеді. Осындай сын сағаттарда оларды сүйеп, қолдау көрсету, аяққа тұрғызып, бағыт беру – аса маңызды. Құрамында 40 қызметкері бар орталықтың атқарып отырған жұмыстары осындайда көрінеді. Мекемені оның инспекторы, әдіскері, тәрбиеші мен психолог, әлеуметтік қызметкерлерінсіз елестету мүмкін емес. Мұнда әрқайсысының өз орны мен қызметі бар. Олар балаларды жақсы көріп, жан жылуларын аямайды. Үш ай уақыттың ішінде балалардың құжаттары ресімделіп, сабақтары оқытылады, толықтай медициналық бақылаудан өткізіледі. Орталық қызметкерлері кезекшілікпен қызмет етіп, балаларды бір сәт те қараусыз қалдырмайды. Балалар мәдени шаралардан тыс қалмай, түрлі конкурстарға қатыстырылады. Киер киімдерінен де еш қиындық жоқ.

«Маған бұл жерде бәрі ұнайды. Апайлар да жақсы. Қарным тоқ. Бірақ, мен анамның қасында болғым келеді. Анам – маскүнем. Оның таңдаған жолы сол болды. Мен оған қанша ренжісем де, бір күндері оның түзу жолға түсетініне сенемін»,- дейді он жасар Динара Аманбай.

Мекеме басшысы Ғалия Бижанованың айтуынша, Динара бір кездері патронат тәрбиеге берілген. Дегенмен, қамқорлыққа алған анасы екеуінің арасында келіспеушіліктер пайда болып, Динара бүгінде орталыққа уақытша қайта алынды.

Ағайынды Нұрбек, Райымбек Шынарбековтер осыдан екі жыл бұрын орталықты паналаған. Олардың әкесі тірі болғанымен, екінші отбасымен бірге тұрады. Шешесі балаларын қараусыз қалдырып кеткен. Осыдан екі жыл бұрын балалар әжелеріне қамқорлыққа берілген болатын. Жуырда әжесі денсаулығының салдарынан балаларды қарауға бір өзінің шамасы келмейтінін айтып, аталмыш орталыққа тапсырған.

Мекеме қызметкерлері 14 жасар Ернұр Қуанышовтың өзінен кішілермен араласпай, ылғи оқшау жүретінін айтады. Біз орталықта болған кезде Ернұр жатын бөлмесінен шықпады. Тілдесуден бас тартып, жоғарыға қарап, ұзақ ойланып жатты. Мекеме басшысының айтуынша, Ернұрдың ата-анасы қайтыс болған. Әпкесі екеуі шет елден Қазақстанға жақында ғана қоныс аударған. Олардың Қазақстанның азаматтығын дәлелдейтін құжаттары жоқ. Бүгінде құжаттарын ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Апасы жақында бауырын қамқоршылыққа алады.

Орталық басшысының айтуынша, мұнда түрлі жағдайға тап болған жеткіншектер әкелінеді. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Сирияға бару туралы шешім қабылдаған ерлі-зайыптылар қанды қырғынның ортасына балаларын да алып кетпек болған екен. Жат ағымға бой алдырған бір үйдің төрт баласы құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен тартып алынып, осы орынға тапсырылады. Оларды түзу жолға бағыттауда бірқатар қиындық орын алған. Үлкендері ұсынылған тамақты «харам» деп, ішуден бас тартқан. Жасы кішілері әңгімелесуден қашқақтайды. Абырой  болғанда, дін қызметкерлерімен тығыз жұмыс жасалып, жасөспірімдер тура жолға түсті. Кейін қамаудағы ата-анасы да өз қателіктерін түсініп, балаларымен қауышқан.

Заң бойынша балалар мұнда үш ай бола алады. Егер сол уақыт
            ішінде әке-шешесі іздеп келмесе немесе балаларынан бас тартса, олар ата-ана құқығынан айырылады. Балалар арнайы интернаттарға орналастырылады. Ал, кейбір ата-аналар түзу жолды таңдағанын айтып, балаларымен табысып жатады. Алайда, жеткіншектердің орталыққа қайта айналып келмесіне кім кепіл? Сол себепті, орталықтың отбасын қолдау қызметі әр баланың тағдырын ұдайы назарда ұстап келеді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз