Жарнама
Қоғам

«Мен бәйгелі жүйрікпін» (Мұрат Мөңкеұлы мұрасының кейбір мәселелері хақында)

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, айтулы ақын Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығын зерттей бастағанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде ақын мұрасы жөнінде кандидаттық диссертация қорғадық. Сонымен қатар, докторлық еңбегіміз Мұрат ақын белді өкілдерінің бірі саналатын зар заман ағымына арналды. Екі ғылыми жұмысымызға да алаштың абызы, ардақты академик Зейнолла Қабдоловтың өзі жетекшілік етті. Ол кісімен атыраулық аға-дос, білікті ғалым, жүйрік журналист Мақсат Тәжімұратов жақынырақ таныстырып еді. 

Мухит Калимов

Мұрат мұрасының өте бағалы екеніне дау жоқ. Сондықтан, бұл тақырып қай кезде де қазақтың әйгілі зерттеушілерін қатты қызықтырған. Белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов «Мәлік Ғабдуллин» деген кітабында мынадай дерек келтіреді: «Ал, кандидаттық диссертациясының (М.Ғабдуллиннің, Б.О.) тақырыбы Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығы (ғылыми жетекшісі – Сәбит Мұқанов) болған екен. Содан кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты туған тарихи жырларды алыпты. Алайда, ұлтының ғасырлар бойғы ой-арманын көсілте айтқан зар заман тамыршысын, ұлт-азаттық сарындарды социалистік идеология зерттетпепті. Ең соңында «Едіге батыр» мен «Қобыланды батыр» жырларының тарихи тек-төркіндері» деп аталыпты».

Көп ұзамай Серік аға біздің сұрауымыз бойынша Мәлік Ғабдуллиннің архивте сақталған жеке оқу жоспарының көшірмесін ұсынды. Онда әйгілі батыр, ғибратты ғалым Мәлік ағамыз «Аспирантураға түскен жылым – 1938 жыл, аяқтайтын мерзімім – 1942 жыл, ғылыми жетекшім – Сәбит Мұқанов, ғылыми тақырыбым – Мұрат шығармашылығы» деп көрсетіпті. Сонымен қатар, ілгеріде ақын мұрасын зерттеп жүрген кезіміздегі мәліметтерге сүйенсек, Әлішер Тоқмағамбетов (қазақтың әйгілі ақыны Асқар Тоқмағамбетовтің інісі, педагог, сыншы, журналист) Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығынан ғылыми еңбек қорғамақ болған секілді. Бірақ, түрлі себептерге байланысты зерделі зерттеушілердің мақсаттары орындала қоймады. Сөйтіп, Мұрат мұрасы бойынша еңбек қорғау тәуелсіздік жылдарының еншісіне тиді.

Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы Мұхтар Әуезов, Халел Досмұхамедұлы, Сәбит Мұқанов, Молдағали Жолдыбаев, Қажым Жұмалиев, Ысқақ Дүйсенбаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхтар Мағауин, Қабиболла Сыдиықов, Сабыр Қазыбаев, Берік Қорқытов, Қадыр Жүсіп, Сәрсенбі Дәуітов, Қанипаш Мәдібай, Өтеш Қарашин, Аманқос Қаржаубаев, Ғарифолла Әнес, Шәмшадин Керім сияқты ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектерінде жан-жақты көрініс тапты. Танымал ғалым Мұратбек Бөжеев докторлық диссертацияның бір тарауын Мұрат Мөңкеұлының поэзиясына арнады.

Мұрат мұрасы сонау Сыр бойында туған мені де Атыраудың перзентіне айналдырды. Бұл өңірді өте көп араладым. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында бірнеше рет келіп, көзі тірі қарттардың біразымен тілдестім. Сол жылдарда Мұрат мұрасын жинауға және оның шығармаларында айтылатын ел шежіресіне байланысты деректерді нақтылауға Қырықбай Бекбаев, Сансызбай Базарбаев, Жанаш Нұрмахан, Ғатих Маштақов, Құспан Есбосынов, Жөкес Кенжеғалиев, Бердеш Есбосынов, Үмбетияр Есжанов, Төлеп Тілегенов, Макар Қаражанов, Тауман Қосшиев, Қадырғали Таңқиев, Исатай Балмағамбетов, Өтеп Нұриев, Бақытжан Мұсағалиев, Кенжеғали Қаюпов, Қойшығұл Жылқышиев, Жексен Жұлқаров және басқа азаматтар біршама үлес қосты.

Еңбегіміз жеміссіз болған жоқ. 1993 жылы ақынның туғанына 150 жыл толуына орай «Мұрат Мөңкеұлы» атты шағын монографиялық зерттеуім жарыққа шықты. Мұрат ақынның осы мерейтойына байланысты өткен республикалық ғылыми конференцияда жастығымызға қарамастан, негізгі баяндаманы жасау бізге тапсырылды. Жыр жүйрігінің тойына Алматыдан арнайы келген Фариза Оңғарсынова сол жолы бүгінгі белгілі ақын, ол кездегі индерлік мектеп оқушысы Әлия Дәулетбаеваның балауса талантының тұсауын кескені де есімізде. Мұраттың тойында әйгілі ақын апайынан бата алған Әлия содан бері өз биігінен түскен емес.

Мұрат Мөңкеұлының бейнесі суретшілердің де шығармашылығына арқау болды. И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық көркемсурет институтының түлегі, әйгілі қылқалам шебері Мұхит Қалимов Мұрат ақынның суретін салды. Бұл портретте шығармашылық мінез бен күрескерлік рух қатар көрініс тапқан. Сол сурет бүгінде ғылыми айналымға берік енді. Сонымен қатар, атыраулық тағы бір танымал талантты суретші Әділқайыр Жантасов та Мұрат Мөңкеұлының бейнесін кескіндеді. Ол ақынның болмыс-бітіміне өзгеше қырынан үңілді. Суретшінің айтуынша, оның жазған портретін шет ел елшілерінің бірі сатып алғанға ұқсайды. Ал, маңғыстаулық мүсінші Көпбол Демесінов Мұрат ақынның кесенесін тұрғызды. Бұл кесене ел шежіресін қадірлейтін руханият жанашырларының зиярат орнына айналды.

Атырау мен Маңғыстау аймағына бірнеше рет барған сапарларымызда біршама тың деректерге кезіктік. Кейін әдебиеттанушы-ғалым Амантай Шәріп екеуміз АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетінің кітапханасынан қазақ поэзиясының озық үлгілері сараланған, соның ішінде Мұрат мұрасына да орын берілген кітапты тауып, көшірмесін алып келдік. (Thomas G. Winner. The oral art and literature of the Kazakhs of Russian Central Asia. Duke university press, 1958. – 270 p).

Жалпы, ақынның шығармалары 1908 жылы Қазан қаласынан «Мұрат ақынның Ғұмар Қазыұғлына айтқаны», 1924 жылы Ташкент қаласынан «Мұрат ақынның сөздері» (әзірлеген Х.Досмұхамедұлы) деген атаумен жеке кітап болып жарыққа шыққаны белгілі. Сондай-ақ, 1940 жылы Мәскеуде басылған «Песни степей» атты қазақ әдебиетінің антологиясында (жалпы редакциясын басқарған Л.Соболев), 1978 жылы Ленинград қаласынан шыққан «Поэты Казахстана» атты (құрастырған М.Мағауин) антологиялық жинақта жарияланды. Ал, 1958 жылы Америка Құрама Штаттарының Дьюк университетiнiң профессоры Томас Густав Виннердiң ағылшын тiлiнде басылған «Ресейлiк Орталық Азия қазақтарының ауыезекi шығармашылығы мен әдебиетi» атты кітабында Мұрат Мөңкеұлының өлеңдеріне біршама талдау жасалғанын жоғарыда айттық.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңес үкіметі әр халықты өзінің қаһармандық жырларымен рухтандыру керек деген саясат ұстанғаны мәлім. Осыған орай жауынгерлерді жігерлендіретін шығармалардың қатарына Мұрат мұрасы да қосылды. 1943 жылы оның «Қарасай-Қази» жыры бес мың данамен, «Қызыл әскер кітапханасы» деген сериямен, «Неміс-фашист оккупантарына өлім келсін!» деген ұранмен басылып шығып, майдан даласына жіберілді. Сөйтіп, Мұрат шығармалары да жаумен шайқаста жеңіске жетуге мол үлес қосты.

Мұрат Мөңкеұлының өлеңдері әр жылдарда «Бес ғасыр жырлайды», «Үш ғасыр жырлайды», айтыстары жыр сайыстарының үлгілерін топтастырған жинақтарда бірнеше рет жарық көрді.

Тәуелсіздік жылдарында Мұрат жырлары «Алқасала әлеумет» жинағында, сондай-ақ, Халел Досмұхамедұлының «Аламан» атты кітабында жарияланды. 1991 жылы шыққан «Алқаласа әлеумет» – Атырау, Маңғыстау өңірлерінде өмір сүрген төрт ақынның (Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шынияз Шанайұлы, Насихат Сүгірұлы) жинағы. Бұл кітапты Қабиболла Сыдиықов пен Шәмшадин Керім әзірледі. Сол жылы шыққан «Аламанды» Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп және Шәмшадин Керім құрастырды. 1993 жылы Сәрсенбі Дәуітовтің құрастыруымен Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы шығармалары енгізілген «Зар заман» жинағы жарық көрді.

Кейін Мұрат мұрасының білгірі, қадірлі қаламгер Берік Қорқытов ақын өлеңдерін бірнеше рет бастырып шығарды. Мұрат өлеңдері оның кіріспе сөзімен және түсініктемесімен 2001 жылы «Өлке» баспасынан «Қынапты қара қылышпын», «Арыс» баспасынан «Мұрат» атты жеке жинақ болып, оқырманға жол тартты. Сонымен қатар, ақын өлеңдері 2004 жылы «Тарихи тұлғалар. Есет, Алдар, Мұрат, Шернияз» атты жинақта жарияланды.

Ал, 2013 жылы біздің құрастыруымызбен «Ана тілі» баспасынан «Мұрат Мөңкеұлы. Шығармалары» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Біз бұл жинаққа ақынның 1908 жылы шыққан кітабының факсимилесін, шығармаларының бірнеше нұсқаларын, өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармаларын, сондай-ақ, ел ішінен жазып алынған бірқатар үлгілерді енгіздік.

Мұрат ақынның мұралары «Үш қиян», «Сарыарқа» толғауларын, «Қазтуған», «Шәлгез», «Қарасай-Қази» жырларын, айтыстарын, бірнеше толғау-термелерін, арнау өлеңдерін қамтиды. Ақын «Үш қиян» мен «Сарыарқаға» халық басына түскен ауыртпалықты арқау етсе, «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шәлгез» жырларында ноғайлы жұртының аңыздарын өзінше баяндайды. Мұраттың алты ақынмен айтысы ғана сақталған. Ал, арнау өлеңдерінің дені би-болыстарға, елдің беделді адамдарына айтылған. Сондай-ақ, хат түрінде жазылған «Оқудан қайтқан жігітке», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» деген үш өлеңі, тойбастар жырлары, бірқатар сөз қағысулары бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.

Ақынның әйгілі «Үш қиян» дастаны әр кезеңде орыс тіліне аударылды. «Үш қиянның» алғашқы аудармасы «Три эпохи» деп аталды. Бұл туынды 1940 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан шыққан «Песни степей. Антология казахской литературы» атты кітапта жарияланған. Толғауды аударған Павел Николаевич Шубин (1914-1950) – кеңестік дәуірде кең танымал болған орыс ақыны, журналист, аудармашы. «Три крова» – «Үш қиянның» екінші аудармасы. 1978 жылы «Советский писатель» баспасының Ленинград бөлімшесінен шыққан «Поэты Казахстана» атты кітапта жарияланған. Бұл аударма 1993 жылы «Жазушы» баспасы шығарған «Поэты пяти веков» атты кітапта қайта басылған. Толғауды аударған Владимир Дмитриевич Цыбин (1932-2000) кеңестік жүйеге және Ресейге танымал ақын, прозашы, сыншы, аудармашы болған. Алматы облысының Боралдай ауылында туған. Ал, «Три края» – «Үш қиянның» үшінші аудармасы. Белгілі ақын, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың аудармалары арқылы түзілген «Антология казахской литературы» атты жинақта жарияланды («Таймас» баспа үйі, 2007). Мұнда толғаудың бір бөлігінің аудармасы ғана ұсынылған. Сондай-ақ, Владимир Цыбин Мұраттың «Қалмақтың қарғысы» деп аталатын қысқа жырын да аударды. «Проклятие калмыка» деп аталатын бұл нұсқа 1978 жылы шыққан «Поэты Казахстана» атты кітапқа енгізілді.

Мұрат Мөңкеұлының жаңа жинағы жарыққа шыққан соң атыраулық белгілі қаламгер, зерделі зерттеуші Төлеген Жаңабаевтан хат алдым. Өзім жақсы білетін Төлеген аға өз болмысына тән асқан мәдениеттілікпен Мұрат пен Ығылманның бір өлеңі ауысып кеткені жөнінде мәлімдепті. Тек оны нақтылап айтып, дәлелдерін келтіріп қана қоймаған, Мұрат пен Ығылман «ортақтасып отырған» әлгі өлеңнің текстологиясын түзген. Әр жолын, әр сөзін мұқият талдайды. Екі ақынның мұрасына да жаны ашып, жан-тәнімен беріле пікір айтады.

Бұл өлеңнің тарихы мынадай еді. Мұрат мұрасын зерттеумен айналысқан жылдарда алдымен Ғылым академиясының орталық кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы материалдарды түгел сүзіп шығып, содан соң ақын ғұмыр кешкен жерлерге бет түзедік. Сонда сөз білетін көнекөз қариялармен әңгімелесіп, ел аузындағы жырлардың біразын қағазға түсіргенбіз. Оның ішінде Мұрат өлеңдері делінетін шығармалар да бар еді.  «Берішке тілі тиген Базарұлы Тілекке айтқаны» деген толғауды 1993 жылы облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Сәуірбай Есімовке Бейнеу ауданының тұрғыны, мұра жинаушы Наурыз Балмұқановтан келген хаттан жазып алған едік. Тартпамызда ширек ғасыр сақталған сол өлең аталған кітапқа кірді. Бірақ, көп ұзамай осы өлеңнің бір нұсқасы Ығылман Шөрекұлының кітабына енгенін байқадық. Екі нұсқаны қайта-қайта салыстыра келіп, өлеңнің Ығылмандыкі болу мүмкіндігі басымырақ деген шешімге келдік. Демек, қате бізден кеткені анық. Ол үшін ардақты ақындардың рухы алдында бас иіп, кешірім сұраймыз. Амандық болса, бүкіл өмірімізге рухани азық саналатын Мұрат мұрасын әлі де талай рет кітап етіп шығарармыз. Сол кезде қадірлі Төлеген ағаның сын пікірін ескеретін боламыз. Әр ақынның мұрасы өзінде болғаны дұрыс.

Мұрат ақынның мұрасы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының 1940 жылдардың орта шенінен бастап ұйымдастырған ғылыми экспедицияларының нәтижесінде жиналды. Өлең-жырларды Батыс өңірінен іздеп тауып, академия кітапханасының қолжазба қорын байытуға Б.Қорқытов, А.Әбдірахманов, Ғ.Әбілжанов, М.Тілеужанов, т.б. жинаушылар үлкен үлес қосты. Жыр жампозының өлең-толғауларының көпшілігі оның ұлы, Атырау өңіріне белгілі ақын Дәулетқали Мұратұлының аузынан жазып алынды. Орталық ғылыми кітапхана қорының 1303, 97 Д, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба қорының 406, 504, 593 бумалары Мұраттың шығармаларына арналған. Сондай-ақ, институттың қолжазба қорының 411, 332, 910 бумаларында Мұрат ақынның өлең-толғаулары жинақталған.

Қазір Астана мен Атырау қалаларындағы көшелерге Мұрат ақынның есімі берілген. Атырау облысында Мұрат Мөңкеұлының атымен аталатын бір емес, екі мектеп бар. Бірі – Индер ауданының Құрылыс ауылында, екіншісі – Атырау қаласында. Осы орайда Атыраудағы жаңа еңселі мектепке Мұрат атын беруге өлшеусіз еңбек сіңірген ардақты аға, белгілі ғалым, парасатты профессор Қадыр Жүсіпке, облыстық тіл басқармасының бұрынғы басшылары Гүлжан Сабырова мен Баязи Әбдешевке ризашылығымызды білдіреміз.

Мұрат Мөңкеұлы – мұрасы қастерлі құндылыққа толы қазақ поэзиясының хас шебері. Әдебиетіміздің танымал сөз зергерлері ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткерлері де оның өлеңдеріне жиі жүгінеді. Ақынның «Мен қауіп еткеннен айтамын!», «Адыра қалғыр, «Үш қиян», «Ақшасына сүйеніп, айтқан сөзі пұл болды», «Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған», «Заманнан заман оралған, Дүние шіркін соны алған» сияқты ойлы оралымдары мен тағылымды тіркестері әлдеқашан қанатты сөзге айналып кеткен.

Мұрат – Махамбет өлеңдерін бүгінгі ұрпаққа жеткізген ақын. Өр мінезді ақынның қазіргі сіз бен біз жатқа оқып жүрген жалынды жырлары жұртшылыққа Махамбет – Мұрат – Ығылман сабақтастығы арқылы таралды. Ендеше, өз елімізде ғана емес, шет елдерде де зерттеу нысанасы болған Мұратты да Махамбет сияқты үздіксіз ұлықтау керек. Ұлттық тәрбиенің көрінісі ретінде Атырау мектептерінде «Мұрат оқулары» мен «Мұраттану сабақтары» жиі өткізіліп тұрса, құба-құп болар еді. Мұның алғашқы үлгілерін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында Индер аудандық әкімдігі үнемі ұйымдастырып тұрған еді. Сол бастама қайта жалғасын тапса дейміз. Мәселен, Мұқағалидың туған жері – Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылындағы орта мектептің кез келген оқушысы ақынның кемінде жиырма-отыз өлеңін жатқа айтады. Бірінен соң бірі іліп ала жөнелгенде білім ордасының ішін ұлттық рух кернеп кетеді.

Азаттық идеясын шығармаларына арқау етіп, «Мен бәйгелі жүйрікпін, Жүргенім жоқ сыналмай» деп толғаған Мұрат Мөңкеұлы да дәл осындай текті тұлға емес пе еді?! Олай болса, күллі Атырау оның өлеңдерімен сусындап, Жайықпен бірге жыр ағып жататын күнге де жетерміз.

Сөз соңында айтайын дегеніміз, Атыраудың ғана емес, алты алаштың ардағы  – Мұрат ақынның туғанына келер жылы 175 жыл толады…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

Қазақстан ҰҒА корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button