Атыраулық спортшы Әлем чемпионатынан ұтқан медальін бапкеріне сыйлады

20180709001118 Қоғам

Хорватия астанасы Загребте өткен күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Бекзат Жалғасовты спорт жанашырлары мен туған-туыстары Атырау әуежайынан салтанатты түрде күтіп алды.

20180709001118

Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлемдік додада еркін күрестен қазақ балуандары жалғыз ғана медальді еншіледі. Бұл жүлденің иесі атыраулық Бекзат болды.

«Алдымен, менің еш қиындықсыз дайындалып, жарыстарға баруыма мүмкіндік жасаған облыстық спорт басқармасына алғысымды білдіремін. Хорватия еліне кіл мықты балуандар жиналған. Үздік үштіктен көрінудің өзі қиынға соқты. Дегенмен ұзақ уақыт тынымсыз дайындықтың жемісін көрдім», – деді ол.

Жарысты бірінші болып, еркін күрес балуандары ашты. Аталған күрес түрінен 65 келі салмақта сынға түскен Бекзат Жалғасов алдымен македониялық балуанмен күресіп, оны 10:0 есебімен жеңді. Ширек финалда украиналық балуанды 10:3 есебімен тізе бүктірді. Өкінішке қарай, финалға шығар жолда Бекзат ресейлік Иналбек Шериевтен 2:10 есебімен ұтылып қалды. Ал қола медаль үшін болған белдесуде Грузиядан келген балуанның мысын басып (8:2) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Айта кетерлігі, Бекзат Жалғасов әлемдік додада жеңіп алған медалін бапкері Аслан Жаманбаевтың мойнына тақты. Осылайша, жаттықтырушысына деген алғысын білдірді.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз