Мемлекеттік сатып алу: ӨЗГЕРІС НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?
Баршамызға белгілі, 2012 жылдан бастап барлық мемлекеттік сатып алулар электронды түрде, яғни, веб-порталда жүргізіледі. Ай сайын осындай жолмен бес мыңға жуық конкурстар өтіп тұрады екен. Дегенмен, бұл салада да «әттеген-айлар» орын алып жататын көрінеді. Сондықтан, жаңа талап бойынша ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап құжаттары жетіспеген қатысушы оны қайта жасақтап тапсыруына мүмкіндік алды. Алайда, құрылыс нысандары бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысты пікірлер екіге айырылады.
— Өзгерістегі түсіндірмелерді құқық қорғау органдарына да жеткізу қажет. Өңірлік даму министрлігі осыған назар аударуы тиіс. Әйтпесе, келеңсіздіктер туындауы ғажап емес,-деді Үкімет басшысы.
ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, өзгерістер енгізуге себеп те жоқ емес. Алдымен нысанның жобалау-сметалық құжаттамасына кіретін құралдар тізбегін анықтап алу қажет. Мысалы, балабақша тұрғызу үшін оның құжаттамасында ойыншықтарға дейін есептеліп, көрсетілуі тиіс болатын. Мұндай жағдайда ашықтық туралы айтудың өзі артық. Сондықтан халық қалаулылары лоттарға бөлуге ұсыныс жасаған. Демек, енді әр құрал-жабдыққа бөлек іріктеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл ретте облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Үкімет басшысына орынды пікірін білдірді:
-Айталық, 2015 жылдың қаңтар айынан бастап өткізілетін тендердің барлығына әкімдерге жауапкершілік артылады. Оның үстіне, заңдылықтағы өзгерістерге сай конкурстар әр лоттарға бөлінеді. Сонда жүзге тарта нысан жобасының іріктеу жұмыстары 500-ден бір-ақ шығады. Ол дегеніңіз, қыруар уақыт алады. Бұрын бірнеше қызметкер атқарған шаруаны бір жанға артып қою дұрыс емес. Заң талаптары бұрынғыша қалғанын қалаймын. Барлығын заңдастыру қажет. Әйтпесе, мұның арты жақсылыққа апармайды. Содан барып, қаражат та игерілмейді, шегі жоқ даулар туындайтынына сенімдімін. Сондықтан, нысанды «кілтке» тапсыру қажет. Техникалық қадағалау мен жобалық-сметалық құжаттамалар тізбегіне шектеу қою керек,-деді ол.
Бақтықожа Салахатдинұлының заң талаптарын бұрынғыша қалдыруға қатысты ұсынысын басқа да аймақ басшылары қолдады. Өйткені, веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсына өтінім білдірудің өзінде келеңсіздіктер туындайды екен. Тіпті, жаңа жүйе бойынша аудандар түгілі облыс та қатысуға әзір емес. Сол себепті, алдымен пилоттық жоба өткізіп, оның тиімділігіне көз жеткізіп қана қадамдар жасаған жөн.
Қалай болғанда да, Серік Ахметов бұл мәселеде жұмыс комиссиясын құрып, әлі де нақтылау керектігін айтып, министрліктерге тиісті тапсырмаларды жүктеді. «Жұмыс тобына облыс әкімдерін де енгізу қажет. Министрлікті бюрократия жайлаған. Рас, кейбір нормаларға сай келмесе де, аймақтардың да айтары бар. Өзгеріс енгізген тұста олардың пікіріне құлақ асу керек еді»,- деді жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы.
Айбөпе САБЫРОВА.