Жарнама
Қоғам

МЭЛС ЕЛЕУСІЗОВ, «ТАБИҒАТ» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, БЕЛГІЛІ ЭКОЛОГ: «ҚАУІПСІЗДІК ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЖАСАЙ АЛМАДЫҚ»

Атмосфера уланып жатыр!..

— Көп ұзамай Атырауда мұнай-газ химия кешені іске қосылады. Жаңа кешеннің жұмысын бастауы аймақтың экологиялық ахуалына қалай әсер етуі мүмкін? Неден сақтануымыз керек?

— Әрине, мұнайды да, газды да, табиғаттың басқа байлықтарын да адамзат игілігі үшін өңдеу де, өндіру де керек. Бұл – заман талабы. Бірақ, біз жердің үстіндегі, оның астындағы игіліктердің ең алдымен табиғаттың бөлшегі екенін ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан, нендей зауыт салынатын болса да, қоршаған орта қауіпсіздігі мәселесіне баса көңіл аудару керек.

Және бір мәселе – Қазақстанда көптеген кәсіпорындар ұзақ уақыттан бері сәтті жұмыс істеп тұрғанымен, күні бүгінге дейін біз қауіпсіздік технологиясын жасап шығара алмадық.

Тікелей Атырау мәселесіне қатысты айтарым, сіздің аймақ – экологиялық жағынан өте қауіпті жағдайда тұрған өңір. Жергілікті халық қоршаған ортаның ластануынан түрлі ауруларға көбірек шалдығып отырғаны да жасырын емес.

Бір ғана мұнай мен газды өндіру кезіндегі шамадан артық қысымның өзі қауіпті, өте күрделі жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан, болашақ кешеннің өндірістік қауіпсіздігі, қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін неғұрлым залалсыздандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі керек және сол жайттар бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, мамандардың, халықтың талаптары, сұраныстары мейлінше ескерілуі тиіс. Себебі, ол жерде жарты миллионға жуық халықтың тағдыры жатыр.

— Ғасырдан аса уақыттан бері Атырау жерінде мұнай үзіліссіз өндіріліп келеді. Осыншалықты уақыт ішінде біз ауа тазарту қондырғылары мәселесін қаншалықты реттей алдық? Атмосфераға жайылатын улы заттардың көлемін белгілі бір деңгейде азайта алдық па?

— Әдетте мұнай компанияларының басшылары «ауаға тасталатын қалдықты мынадай деңгейге дейін азайттық» деп есеп беріп жатады ғой. Шын мәнісінде бұл салада еш жаңалық жоқ. Жердің атмосфера қабаты бұрынғыдан бетер ластанып жатыр. Бұл жерде Қоршаған ортаны қорғау министрлігінен көп нәрсені талап ету керек.

Балқаш Аралдың кебін киюі мүмкін

— Қазақстанның бүгінгі экологиялық ахуалын қалай бағалайсыз? Нендей мәселелер ескерілмей жатыр?

— Мұнай, газ, уран өндіруден келіп жатқан залал туралы айтпағанның өзінде, Каспий мәселесі қиын жағдайда тұр. Каспий тақырыбы бүгінде Қазақстан ғана емес, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан, Иран Республикаларының аясынан шығып, Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейіне жетті. Бара-бара теңіз астындағы балық біткеннен бастап, флора, фаунаға дейін жойып алуымыз мүмкін. Сондықтан, Каспий сияқты су айдынын сақтап қалудың нақты шараларын қолға алу керек.

Арал мен Балқаш мәселесі де дүниежүзілік проблема деңгейіне көтерілді. Бір ғана Арал мәселесіне тоқталсақ, ол кезінде Қазақстанның інжу-маржаны еді. Экологиялық апатқа ұшырағанға дейінгі оның көлемі 1066 шаршы километр болатын. Бірақ, өзен бойларын игеріп, суды ысырапсыз пайдаланудың нәтижесінде теңіз деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, тұздылығы 40 пайызға дейін артты. Өзге де антропогендік факторлардың нәтижесінде экологиялық апатқа ұшыраған Аралдың түбінен атмосфераға жыл сайын зияндылығы өте жоғары 2 миллион (!) тонна тұзды шаңдар көтеріліп, желмен тарап жатыр.

Ауаға, жер қабатына тасталатын өндірістік қоқыстардан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату немесе оларды залалсыздандыру мәселесі де шешілмей тұр.

— Құрғақшылықпен күрестің қандай жолдарын ұсынар едіңіз? Жерасты суларын қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз?

— Құрғақшылық – сіз бен бізді ғана емес, әлемді ойландырып отырған проблема. Тіпті, таудың ұшар басындағы мұздақтардың өзі еріп жатыр. Сондықтан, бізге суды үнемдеп, қолда бар су көздерін сақтап қалудың жолдарын қарастыру керек. Жылыжай біткенге жаппай тамшылатып суару технологиясын енгізсек, одан да ұтарымыз көп болмақ. Және әр адам өз үйінде суды жөнсіз ағызбай, тиімді пайдаланатын болса, ең аяғы үнемшілдікке қол жеткізер едік.

Рас, жерасты суларының белгілі бір деңгейдегі қоры біздің Қазақстанда да бар. Бірақ, ол сулардың көбі өте тұзды. Таза ауыз су қоры өте аз. Ал, суды үнемдеу мәселесінде бізге Еуропа елдері үлгі бола алады. Және бұл жерде халықтың мәдениетін көтеру мәселесі де өткір тұр.

Бүгінде әлем біткен экономикалық дағдарыс деп сеңдей соғылысып жатыр ғой. Шын мәнісінде экологиялық проблемалардың ауқымы қазіргі экономикалық қиындықтан кем түсіп тұрған жоқ. Біз табиғаттың да қамқорлықты қажет ететінін, оның игіліктерінің де мәңгілік еместігін сезіне алмай жүрміз. Сезінсек те, түсінгіміз келмейді.

Араб елдеріндегі саяси тұрақсыздықтан пайда болған босқындар проблемасын бүгінде Еуропаның санаулы мемлекеттері ғана сезініп отыр ғой. Әлемдік жылыну процесі күрделенген уақытта босқындар жайы тіптен қиындайтын болады. Себебі, су деңгейінің шамадан жоғары көтерілуі бірқатар аралдардың, тіпті тұтас мемлекеттердің жойылуына алып келуі әбден мүмкін. Мұның арты экологиялық апатқа, саяси шиеленіске, экономикалық тығырыққа алып келеді. Қаласақ та, қаламасақ та, шындық осы.

Ғаламдық жылынумен бірге, бүгінде ауа райы да өзгеріп жатыр. Алысқа бармай, өзіңіз хабарласып отырған Атырауды мысалға алатын болсақ, желтоқсанның ортасынан бастап атыраулықтар су етік киді. Мұндай ахуал Астана, Ақтөбе, Қарағанды аймақтарында да байқалды. Қыстың ортасында қармен емес, осындай деңгейдегі қара балшықпен арпалысу бұрын-соңды болмаған еді. Оның үстіне, мезгілсіз жылынудың әсерінен қазір оңтүстіктің біраз жерлерінде ағаштардың гүлдеу фактілері орын алуда. Қатты аяз тұрған уақытта соның барлығы үседі де, бау-бақша келесі маусымға жарамсыз болып қалады. Сараптап қараған адамға мұның барлығы – ойлануды ғана емес, шұғыл шаралар алуды қажет ететін үлкен проблема.

Ғаламдық жылынудың соңы – апат

— Кезінде ғалымдардың бір тобы «Семей полигоны аймағындағы ядролық сынақтар өткізілген алаңға тәжірибе ретінде қияр мен қызанақ, асқабақ пен бұрыш егіп өсірдік. Нәтижесінде қауіпті радиация өнімнің сабағы мен жапырағында қалып, жемісіне бармаған» деп жаңалық ашты. Сіздің пікіріңізше, әскери-ғарыштық сынақтар жүргізілген полигон зардаптары қаншалықты жойылды? Азғыр туралы не айтар едіңіз?

— Өз басым ондай біржақты зерттеулерге сенбеймін. Себебі, радиация бүгін жауып, ертең сіңіп кететін жаңбыр емес. Мұндай мәселеде сақтық керек. Ол үшін сала мамандарына жан-жақты, әрі кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беру қажет.

Азғыр жері, Азғырдың халқы да тереңірек зерттеуді қажет етеді. Осыдан екі-үш жылдай уақыт бұрын азғырлықтардың бойынан шамадан тыс ауыр металдардың табылғаны белгілі. Мұның өзі радиацияның сақталу ұзақтығының өлшеусіз екендігін және оның өзгеру арқылы өмір сүру образын жалғастыратынын көрсетеді.

— Сөз соңында айтарыңыз…

— Климаттың өзгеруі, ғаламдық жылыну мәселесі қазір әлемдік деңгейдегі нөмірі бірінші проблемаға айналып отыр. Осы мәселеге орай желтоқсан айында Франция астанасы Парижде халықаралық конференция өтті. Әлемнің 150 мемлекетінің қатысуымен өткен конференцияға Қазақстан тарапынан біз де бардық. Сол жиында Франция лидері Франсуа Олланд «Әлемдік деңгейде өтіп жүрген бірде-бір жиын бұған дейін мұндай күрделі мәселеге арналып көрген жоқ. Себебі, мәселе біздің планетамыздың болашағы, келешектегі өмірі туралы болып отыр» деп атап өткен еді. Расымен де, климаттың өзгеріске ұшырауы, жаһандық жылыну процестерінің соңы экологиялық апаттарға, экономикалық, саяси тоқырауларға алып келеді. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғау мәселесінде барлығыңызды бірігуге шақырамын.

— Салиқалы сұхбатыңызға бек рахмет!

Әңгімелескен:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button