СарапTime: Ел бойынша егілетін екпе Атырауда қалай жүзеге аспақ?

201204205230116e Жаңалықтар

Адамзат тарихындағы әр дәуірдің өзіндік қиындығы бар. Былтырдан бері жер жүзін жайлаған індет әлемде біраз дүрбелең туғызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл ауыр жағдайдан шығудың жолы – вакциналауға байланысты екенін айрықша айтып, оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы қажеттігін тапсырды. Екпе салу ісі ушыққан эпидемиологиялық ахуалды түзейтіндей тәртіпте 1 ақпаннан бастап ұйымдастырылуы шарт.

Ал, бұл жұмыстар Атырау облысында қалай жүргізіледі? Мұның дертке дауасы бар ма? Біз осы сауалдарға жауап іздедік.

Мұздатқышта сақталатын вакцина Облыстық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус инфекциясына қарсы екпе салуға дайындық шараларын бастап кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бекітетін алгоритмге сəйкес, ерікті түрде салынатын екпе жұмысы жауапты медицина мамандары кəсіби оқудан өткеннен кейін ақпан айында басталады.

Басқарманың баспасөз қызметі бізге осындай мəлімет берді. Тұрғындарға вакцина жасау үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 22 емханада орындар дайындалған. Оның 15-і мемлекеттік, қалғандары – жекеменшік мекеме. Емханалар вакцина салуды тұрғындардың санына қарай ерікті түрде бастайды. Алгоритмге сəйкес, екпені бірінші кезекте коронавирус инфекциясымен сырқаттанған науқастарға көмек көрсететін медицина мамандарына салу жоспарланып отыр.

Дəрігерлердің айтуынша, екпелер міндетті түрде қауіпсіз жерде сақталуы тиіс. Бұл үшін мұздатқыштар болуы тиіс. Сондықтан, «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен облыстағы медициналық мекемелерге екпені сақтауға арналған көлемі 700 литрлік мұздатқыш əкелінеді. Ал, оны аудандарға тарату үшін тағы 60 литрлік 2, сосын 15 мемлекеттік емханаға 110 литрлік 15 мұздатқыш алынады.

Денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала жоспары бойынша, облысқа қаңтардың соңында 1000 доза «Спутник V» екпесі жеткізілуі тиіс. Бұл – бірінші кезеңде əкелінетін екпе саны. Одан кейін 100 000-ға жуық екпе əкелінеді. Бүгінде облыста 2 500 дозаны сақтауға арналған 180 литрлік мұздатқыш бар. Вакцинаны сақтау жауапкершілігі жекеменшік медициналық мекемелердің өздеріне жүктелген. Сондықтан, олар мұздатқыштарды өз қаражатына сатып алады. Мәжбүрлеуге хұқы жоқ Екпе салу төңірегіндегі түрлі қауесет халық арасына тез тарады. Бірақ «ол кімдерге салынады?», ««Спутник V» вакцинасы сынама кезінде қаншалықты тиімділігін көрсетті?» деген сауалдарға ешкім жауап іздеп бас қатырған жоқ. Сондықтан, біз мамандардың пікірін сұрап көргенбіз.

  • – Коронавирусқа қарсы екпе салу – бүкіл дүние жүзінде жүзеге асып жатқан ортақ іс. Сондықтан, бұдан тұрғындардың ат-тонын алып қашуына еш негіз жоқ. Қазір осы жұмысты жүзеге асыру үшін Қазақстанда медицина қызметкерлері арасында оқу семинарлары өткізіліп жатыр. Алдымен вакцинациялауды қажет ететін адамдар топтарға бөлінді. Бірінші кезеңде медицина мамандарына (инфекциялық аурухана дəрігерлері, орта буын қызметкерлер), педагогтарға, мектеп-интернаттар мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне екпе салынады, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар ƏБДƏЛИЕВ.

Ал, жұртшылық арасындағы екпеге қарсы дүрбелең «мəжбүрлі» деген сөзден туындады. Оны да кейбір іріткі салушылардың негізсіз əңгімесінен туындағанын ескерген жөн.

  • – Қазақстанның Денсаулық сақтау туралы Кодексінің 97-нші бабына сəйкес, кез-келген дəрігерлік ем-дом, оның ішінде екпе егілетін адамның ресми келісімімен ғана жүргізіледі. Егер азамат екпе салдыруға қарсы болып, одан бас тартса, ешкім де мəжбүрлемейді. Бұл – əр адамның өз еркі болғандықтан қысым көрсету заңсыз. Екпе салуды қажет ететін арнайы топтағы азаматтарға да əрқайсысының өз келісімінсіз дəрі егілмейді, – деді Қайсар Қайратұлы.

Үміт пен күдік Атырау облысы бас мемлекеттік санитарлық дəрігерінің орынбасары Гүлназ Ербатырованың айтуынша, былтыр наурыздан бері облыста 15 682 кесел жұқтыру дəйегі тіркелді. Оның 70 пайызында ауру белгілері болмапты. Қалғанында симп томды түрі анықталған. Науқастардың басым көпшілігі Теңіз кенішінде жұмыс жасайтындар екен. Олар ауысымдық жұмысқа бармас бұрын жəне шығар кездегі скринингтік тексерулер кезінде белгілі болған. Күн санап артып жатқан көрсеткіштер кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Сондықтан, қауіпті індетке қарсы жалғыз ғана қару – екпе. Десек те, көпшілік арасында мұндай үмітпен қатар, оның сапасына, ағзаға əсеріне қатысты күдік те басым. Егілу немесе бас тартуға қатысты екіұдай көзқарас негізінде алаңдатқан сұрақ көп.

  • Біз сол сауалдарды брифинг барысында құзырлы орган өкілдеріне жолдадық.

– Жүкті əйелдер мен балаларға екпе салына ма?

– Екпе 18 жастан асқан азаматтарға ғана салынады. Балаларға, жүкті жəне бала емізу кезеңіндегі əйелдерге салынбайды. Бұдан басқа, коронавируспен ауырған науқастарға емдеу кезеңінен соң 6 айдан кейін ғана екпе жасалады.

– Вакцинаның сақтау мерзімі қанша жəне оның құрамы қандай?

– Ресейден шығарылған «Спутник V» вакцинасы 5 дозалық құтыда жасалған. Бұл Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология жəне микробиология ұлттық зерттеу орталығында əзірленген. Сақтау мерзімі – 6 ай. Құрамындағы негізгі компоненттер адамның аденовирустық векторларының тексерілген жəне зерттелген платформасында құрылған, яғни тиімділігі жоғары.

– Əлеуметтік желілердегі «екпе салдырған адам қайтыс болып кетсе, оның отбасына 500 мың теңге беріледі» деген ақпарат қаншалықты рас?

– Ресми ақпарат көздерінде мұндай мəлімет тараған жоқ. Сондықтан, бұл қауесет негізсіз.

– Екпе адамға кері əсер еткен жағдайда қандай шара қолданылады?

– Екпені салмас бұрын адамның дене қызуы өлшеніп, дəрігер міндетті түрде тексереді. Сондай-ақ, екпеден кейін 30 минут медициналық мекемеде дəрігерлік бақылауда болады. Өйткені, профилактикалық шараларды қатаң сақтап жүруі қажет. Егер асқыну, аллергия жағдайлары орын алса, міндетті түрде медициналық көмек көрсетіледі. Сол кезеңде адам жұқпалы жəне созылмалы кеселдерге шалдыққан жағдайда, екпе дертінен толық айыққаннан кейін ғана жасалады.

– Екпе алған адам қайтадан коронавируспен ауыруы мүмкін бе?

– Вакцина 2 кезеңде салынады. Бұл – коронавирусқа қарсы вакцинациялаудан кейін иммунитетті қалыптастырудың міндетті шарты. Яғни, бірінші доза ағзада антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныш əсерін береді. Ал, екіншісі біріншісінің əсерін арттырып, ағзада антиденелер санын көбейте түседі. Сондықтан, екпе алушы алғашқы вакцинациялаудан 21 күннен кейін жүргізілетін екінші кезеңнен де өтуі тиіс. Ғылыми көрсеткіштер бойынша екпе алған адамдардың ағзасында инфекцияға қарсы тұратын антидене қалыптасады. Бұл ағзаны 6 айдан 1 жылға дейін қорғайды. Екпеден соң науқас кері ауырмауы мүмкін немесе ауырған күнде дерті жеңіл түрде өтеді.

– «Екпе алмаған адам шетелге шыға алмайды» деген ақпарат рас па?

– Қазақстанда бұл туралы нақты шектеу жоқ. Бірақ, бұл баратын елдің талабына байланысты. – Вакцина салдырғысы келетіндер қайда барып тіркеледі? Атырау қаласының тұрғыны басқа қалада іссапармен жүрген жағдайда екпені қалай алуға болады? – Екпе əр адамның тұрғылықты жердегі емханада салынады. Егер іссапармен басқа қалада жүрсе, тұрғылықты жері бойынша емханаға уақытша тіркелуі қажет.

– Мысалы, 27 жəне 60 жастағы адамның ағзасы əртүрлі. Екеуіне де екпе бірдей мөлшерде салына ма?

– Бұл жынысына, жасына байланысты мөлшерге бөлінбейді. Екпе 18 жастан асқан азаматтарға бірдей мөлшерде салынады.

– Екпеден кейін адам қалай күтінуі керек?

– Екпеден кейін күнделікті өмір сүру салтын ұстана береді. Бірақ, кейбір жағдайда үш күннің ішінде дене қызуы көтеріліп, екпе салған жерде ісіну белгілері болуы мүмкін. Сондықтан, осы аралықта суға түспеу, салқын тигізбеу секілді дəрігерлік ескертпелер беріледі. Екпе алғаннан кейін де жалпы сақтық шараларын сақтаған жөн. Бетпердесіз, жайбарақат жүруге мүлдем болмайды.

– Бірнеше жылдан соң мұның адам ағзасына əсер етуі мүмкін бе? Мəселен, шаш түсу, ер адамдарда əтектік пайда болуы секілді мəселелер орын алмай ма?

– Екпенің бірнеше жылдан кейінгі көрінісі туралы ақпарат жоқ. Бірақ, қазір толықтай ғылыми фазалардан өткеннен кейін ғана республика халқына салуға рұқсат беріліп отырғанын ескеру қажет.

ТҮЙІН.

Қандай қиындық та белгілі бір уақыттан соң ұмытылады. «Уақыт – емші» дегеннің кебі бұл. Әйтсе де, пандемияның бірінші толқыны кезеңіндегі сын-сағаттың енді қайталанбауын тілеген жөн. Әлбетте, тарихта қызылша, оба, сүзек, шешек секілді аса ауыр кеселдерден де көп адам опат болғаны мәлім. Сол кезде де қолдан келер қайран болмаған еді. Кейін ғылым жетіліп, аталған аурудың емі табылды. Ендеше, коронавирусқа қарсы күресте де өткеннен сабақ алған жөн-ау…

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?

Марат ШУАҚБАЕВ, жоғары санатты дəрігер-фтизиатр:

Тосқауыл болар төте жол – Коронавирус инфекциясын жеңудің екі-ақ жолы бар. Бірі – жер бетіндегі халықтың басым көпшілігі ауырып, ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы. Бірақ, бұл өте қиын жол. Өйткені, шектен тыс адам өліміне жол беріледі. Мəселен, қазір əлемде 90 млн. адам ауырып, 2 миллионға жуығы қайтыс болды. Бұл – үлкен қасірет. Дертке тосқауыл болудың екінші жолы – екпе арқылы жасанды иммунитет қалыптастыру. Бүгінде бірқатар мемлекет осы жолды таңдап жатыр. Біразы халқына екпе жүргізуді бастап та кетті. Бұл үрдістің Қазақстанда да қолға алынуын құптаймын. Ақпаннан бастап дəрігерлер, педагогтар мен хұқ қорғау құрылымдары қызметкерлерінен бастап, жаппай егудің жариялануы оңды қадам деп есептеймін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз