Жарнама
Қоғам

«Марапат үшін еңбек еткеніміз жоқ»

Биылғы су тасқыны кезінде елді көлденең жағдайдан сақтап қалуға елеулі үлес қосқан жанның бірі – Олжас Сұлтанов. Ол кездескен қандай қиындыққа да қарамастан тапсырылған істі абыроймен атқарып шықты. Жуырда «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанған кейіпкермен сұхбаттасудың мүмкіндігі туды.
– Су тасқыны елді біраз әбігерге салғанымен, халықтың бірлігі мен жергілікті атқарушы биліктің шұғыл іс-әрекетінің арқасында еліміз өр суынан аман қалды. Сіз маңызды нысан – Атырау қаласын судан қорғап қалатын Соколок каналына жауапты болдыңыз. Жалпы, бәрі қалай басталып еді?
– Менің өңірдің қоғамдық өмірге белсене араласуым – Жастар паркінен басталған еді. Облыстық әкімдікпен бірге Жайық жағасына саябақ салуға бастама көтергендердің бірі болдым. Өйткені, біздің бұл салада тәжірибеміз бар еді. Банан паркінде терек отырғызғанымыз туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте жазылды. Кейін Отбасы және Геолог паркінде 5000-ға тарта тал отырғызғанымыз есімде. Өзім қаржылай қолдау жасаған болатынмын. Бірақ, мұнымен шектеліп қалмай, әкімдікке де бастамамызды айтып, одан да көмек алдық. Әрине, ол аумақта су басу қаупі болғанымен, отырғызған ағаштарымыз аман қалып, жемісін береді деген үмітіміз бар.
Негізі, менің бұл салада жүруім бекер емес. Он жылға жуық НКОК компаниясында еңбек еттім, ондағы қызметім әкімдікпен тығыз байланысты еді. Яғни, жергілікті атқарушы билік пен бірлескен кәсіпорындардың ынтымақтаса еңбек етуі, жақсы қарым-қатынаста болуы көп мәселелердің уақытында шешілуіне себепші болатынын ұғындым. Содан кейін қоғамдық кеңесте қызмет еттім. Теңіз, Қашаған жобаларының құрылыс жұмыстарынан жинаған біраз тәжірибем бар еді. Ал, мамандығым – жоғары білімді инженер-технолог. Сондықтан, әкімдік маған осындай маңызды нысанды сеніп тапсырды деп ойлаймын.
– Каналды тереңірек қазу үшін НКОК компаниясының арнайы техникалары жұмылдырылды. Бұл жұмыстардың барысында қандай қиыншылықтар кездесті?
– Соколок каналына тоқталсақ, бүгінде біраз аумақты су басқан. Су теңізге жетті. Десек те, оның толықтай кетуі әзірше мүмкін емес. Ол үшін біраз уақыт керек. Жалпы, Жайық өзенінің деңгейі түскесін келген су қайтып арнасына кетеді деп ойлаймын. Ал, мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығы иелеріне малын басқа жерге көшірудің қажеттілігі туралы әуел бастан-ақ ескертілген болатын. Кейбір шаруагерлердің қиын жағдайда қалғанын да білеміз.
– Бүгінде жұртшылық арасында «Соколоктың суы теңізге жетпей қалды» деген пікірлер айтылып жүр. Осы туралы не айтасыз?
– Әрине, біздің уақытымыз тығыз болғаннан кейін жаңа канал қазуымызға тура келді. Бірақ, су кеткеннен кейін каналдың барлығын қалыпқа келтіреміз деген жоспарымыз бар. Ал, келесі жылы су келетін болса, оған тыңғылықты әзірлену қажет. Яғни, каналдың теңізге құятын тамағын тереңірек тазалап, судың кетуіне мүмкіндік жасауымыз керек.
Шыны керек, біздің бұл істе тәжірибеміз аздау болды. Дегенмен, соңғы екі айда біраз нәрсені үйрендік. Рас, «от пен су – тілсіз жау» демекші, судың қай жырамен қалай келетінін білгеніміз жоқ. Соған қарамастан, ойлаған жоспарымыздың барлығы іске асты.
– Бірнеше тәулік бойы үй көрмей, канал басында жүргеніңізді білеміз. Ауыз толтырып айтарлықтай еңбек сіңірдіңіз. Осы қарекетіңізді мемлекет бүгінде жоғары бағалап отыр. Бұл марапатты алғанда қандай күйде болдыңыз?
– Иә, бұл менің – мемлекеттік деңгейде алған алғашқы марапатым. Ең бастысы, қаламызды өр суынан қорғау үшін уақытпен санаспай жасаған еңбегіміз ақталды. Мен сол үшін қуандым. Алайда, ол үшін Алғыс хат немесе марапат аламын деп ойламаппын. Тіпті, мұндай медальдің бар екенін де білмейді екенмін. Мені осы марапатқа лайықты деп ұсынған әріптестеріме ризашылығымды айтамын.
Осы ауқымды жұмысқа атсалысқандардың барлығына: еріктілерге, әкімдік өкілдеріне, НКОК пен ТШО қызметкерлеріне, сондай-ақ басқа да ұйымдарға, төтенше жағдайлар қызметі мен әскерилерге шын жүрегімнен алғысымды білдіремін. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз бұл қиын сынақтан сәтті өттік. Осы кезеңде мені қолдаған барлық жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан: Айбөпе САБЫРОВА

*Суретте «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған атыраулықтар – солдан оңға қарай:
Самат Атабаев (Индер ауданы), Асыланбек Ақылбеков (Махамбет ауданы),
Мұрат Жарылғасов (Жылыой ауданы), Олжас Сұлтанов (Атырау қаласы)

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button