Жарнама
Қоғам

Мақаттың Мақсаты

Алла пендесіне қуат береді. Бойына күш-қайрат құяды. Біреуге аз, біреуге көп қылмайды – тең құяды. Ал, оны пайдалану – пенденің қабілет-қарымына байланысты. Себебі, кім қалай пайдаланады, ол қажыр мен қайратқа, санасына түскен сәулелі шуаққа орай. Мәселе – сонда!..

Өзім араласып, ішкі қырындымызға дейін сыр ақтарысатын достарымның осы қалайы жоқ. Әйтсе де, саналы ұрпақ қабылдай білсе, өзінің энциклопедиялық білім-білігімен, тұңғиық терең пайым-парасатымен таңды таңға ұрып пікірлесетін, айтса ақылы мол, ұсынар кеңесі көп, көшелі жан, аға-досым Мақсат Әнесұлының орны ерекше.

Қарапайым ғана қағілез, жұқалтаңдау жігіттің пошымын ортаңқолдау көріп жүргендер жақын келіп тілдескенде, одан орағыта қашып, мысы басыла қалады. Енді қайтсін, Мәкеңнің сөз саптауы, орамды сөйлемдеріне қайталап оқығанның өзінде қарақалтай қазақтың тісі бата бермейді. Тек сырторай ғана сытылып жүретіндердің сыры сонда!..

Бұл ағамыздың соншалық терең білім-білігін қайталанбас еңбекқорлығы еселеп тасытып жатыр. Оның қуаты да сонда!..

Ол жастайынан кітап парақтап, аттың жалы, атанның қомында жүріп, санасына түсер сәуле-шуағын маңдайының тері борша-борша болса да, өзі молайтқан. Әйтпесе, кәдімгі май сасыған «промсылдың» қаратаяғы. Түкіріктің ылғалындай ылғал болса, етігіңнің өкшесін алып қалатын мыйбатпақ Мақаттың жерінен мектеп бітіріп, бұдан 45 жылдай бұрын ақ басты Алатаудың етегіне барғаннан-ақ қаламын тастамаған Мәкеңнің саусағы ендігі «мүйіз» болған шығар. Бірақ сол кәсіптен оның тәсі қайтпаған. Өйткені, ол аттестатын ала сала Алматы асқан жоқ. Бірер жыл жермай сорған темір-терсекті жөндеп, Мақаттың май аралас топырағына денесін былғады. Одан ол қор болған жоқ. Керісінше шыңдалды. Күш-қайратының әркез тынбай тасып тұратыны да содан болар, бәлкім!..

Тәж-Мұрат деген ныспысының өзін біз сияқты соңынан ерген «мүридтері» Тәж-Махалдай аузынан тастамай айта жүретіні содан, сірә!..

Сол бір бетегеден биік, жусаннан аласа жүріп, жазу өнерінде Толағайдай іс тындырып жүрген мінезділеу Мақсат ағамыз қарашаның 8-інде Пайғамбар жасының шеңберіне тұяқ іліктіріп, Алланың берген жасын үндемей жүріп үйлестіре бермек ниетпен ілгері басты. 

28faa9fd 923f 4d43 b8b3 c26de27524f2

Американ қаламгері Джон Апдайктың «Жазушы болудың өзі – марапат» деген сөзін кредо етіп ұстанатын Мәкеңнің өзі атақ-құрмет дегенге мән бермейді. Әйткенмен, Батыс Алашорданың қайраткерлерін, әсіресе ел Үкіметінің құрамында қызмет жасаған тұңғыш атыраулық Аспандиар Кенжин, қазақтың алғашқы геолог-барлаушысы Беркінғали Атшыбаев, Женевадағы Ұлттар Лигасының мінберіне шыққан тұңғыш қазақ Хасан хазірет Нұрмұхамедов, өзіміздің Таңдайда туған алашордашы Сәлімгерей Қаратілеуовтерді табанынан тозып жүріп, таусыла зерттесе де оған «Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы берілген жоқ. Тым болмаса, кіндік қаны тамған Жылыойдың, әлде табанының ізі қалған мұнайлы Мақаттың да Құрметті азамат деген атағы бұйыра қойған жоқ. Әзірге!..

Сөйте тұра, Батыс Алашорда тарихы, ұлттың біртуар ұлдары Ғұмар Қарес пен Шәңгерей Бөкеевтің ғұмырнамасына арналған туындыларын атыраулық азаматтардың сөзге келместен шығарып бергеніне шексіз риза. Бүгіндері бір кездегі «промсылдың» энергетигі Әнестің ұлы бүгінде атақты Әдебиеттанушы, қағаз бен қаламда есесі кеткен Эссеист. Әлдеқалай оның өзінен титулын сұрай қалсаңыз, «Иии, эссеист деп жаза сал» дейтұғын қарапайым. Әйтпесе, ол мүйізі қарағайдай Кандидат наук (филологии). Бірақ оны өзі бір кезде аз уақытқа проректоры болған Атырау университеті де іздемейді!..

Атынан ат үркетін «Соц.Қазақстан», «Жалын», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Астана ақшамы» тәрізді газет-журналдар да сонау кездегі түбітмұрт журналист Тәжімұратовты керексінбейтін тәрізді. Ал, сонда ондай қаламгер, энциклопедист, өлкетанушы, тарихшы, ағартушы, эссеист, әдебиеттанушы, ғалым-оқымысты – сегіз қырлы, бір сырлы Қайраткерлер Қаскелеңдегі үйінде өзімен-өзі жата берсе, «…Ел, тегі, қайдан алсын Кемеңгерді»?!

Әй, бірақ Мәкең тек жатқан жоқ. Сол жатқанда бұрқыратып жазып жатыр. Арғы-бергісінде шаруам не, өзім көргенде ол Димашты (Құдайберген) орысша жазып жатыр; ол Мәншүкті (Мәметова) қазақша жазып жатыр; ол диверсант Әлихан Ағаевты (қазақтың алғашқы агрономы Әмірхан Тілеумағамбетов) немісше жазып жатыр.

Қара сөзден қаймақ алатын айтқыш Жүсіптің Құмарын «Жыршы» ретінде зерттеп, түн ұйқысын төрт бөліп, талмастан қызмет қылды. Сонда олардың барлығы Мәкеңе мың-миллион қаламақы үлестіріп жатқан жоқ. Әшейін, кәмпитке алданған баладай, қызық дерек көрсе өлермендікпен өңмендей кірісетін әдеті ғой сол!..

Қысқасы, ол қарап жатпайды. Күн мен түнді алмастырып алады кейде. Сөйтсе де, тоқтамастан жазады…

Ондай еңбекқорлық онымен бірге оқығандардың (КазГУ-де бірге оқыған курстастары кілең «сен тұр, мен атайын» майталмандар) қай-қайсысында да бар. Бірақ, Тәж-Мұраттай тынымсыз тыпырлап жүрген талғампазы аз!..

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Аға-досымның амандығы – тілерім. Мәдина жеңешем екеуіңізге Алла қуат беріп, өзіңіз «тірілткен» әруақтар қолдасын. Жаратушы иеміз жар болып, екеуіңіз ұрпақ қызығын қол ұстасып бірге көруге жазсын. Тұрлаулы ғұмыр, парықты фатиха тілеймін, Мәке. Жасыңызға жас қосылып, алдыңыздағы өзіңіз арқа тұтар толқыныңызды азайтпасын, соңыңыздан сый-құрметі мол кішілерді көп ілестірсін. Деніңіз сау, дастарханыңызға берекет дарысын, шаңырағыңызға Қыдыр дарып, құт қонсын!

Інілік ілтипатпен, Атырауда жүріп аңсап тұратын ізбасарыңыз әм өзіңізбен

бір ауыз тілдескенді құрмет көруші

Назарбек ныспылы пендеңіз деп білгейсіз.

P.S. Мұны ел білсін дедім. Әйтпесе, өзара әңгіме үстінде де«құтты болсын!» дей салатын қыстырма сөз ғой. Олқайтпайды, құйғыта шауып әлі талай қырдың басына шығуғақайраты жеткілікті, Мақаттың Мақсатының!..

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button