
Мәңгілік елдің берік тұғыры
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған сессия – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі. Бұл жиын тек мерейтойлық іс-шара ғана емес, еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылық саясатының жаңа кезеңін айқындаған маңызды кезең болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жиында сөйлеген сөзі – нақты бағдар, ортақ құндылықтар негізіндегі бірліктің жаңа мазмұнын ұсынған келелі құжат.
Мемлекет басшысы еліміздің қоғамдық тұрақтылығы мен ұлттық бірегейлігін сақтау үшін Ассамблеяның стратегиялық рөлін тереңірек түсініп, оны күшейту қажеттігін атап өтті. ҚХА-ны тек консультативтік емес, нақты шешімдер қабылдауға ықпал ететін құрылымға айналдыру туралы ұсыныс – уақыт талабына сай, әрі аса орынды бастама. Бұл – Ассамблеяның қоғамдық келісімді нығайтудағы жауапкершілігін арттырады.
Аймақтық деңгейде Ассамблея жұмысын жандандыру, Достық үйлерін дамыту, жастармен жүйелі жұмыс жүргізу, этномедиация институтын кеңейту – бұл жай ғана қолға алынған шаралар ғана емес, стратегиялық ұлт бірлігін сақтау жолындағы қадамдар.
Президенттің сөзі ұлттық бірлікті сақтаудың басты шарттарын нақтылап берді: әділеттілік, тең мүмкіндік, мемлекеттік тіл мәртебесі, ұлтаралық қарым-қатынасты саясаттандырмау. Осы принциптерді ұстану арқылы біз бейбіт өмір мен тұрақтылықты қамтамасыз етеміз. Әрбір азаматтың ұлттық ерекшелігіне қарамастан, тең құқыққа ие болуы – біздің қоғамымыздың берік тұғыры.
Ассамблея тек этностарды біріктіретін алаң емес, бұл – азаматтық қоғамның қуатты механизміне айналып келеді. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Адал азамат», «Ассамблея жастары», «Жүректен жүрекке», «Бір ел – бір мүдде» сияқты жобалар – бірлік пен отансүйгіштікті өмір салтына айналдыруға бағытталған тиімді құралдар.
Андрей КОРАБЛЕВ,
«Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы